БАҚЫТ ДЕГЕН ЕКЕУМІЗ

Уақыты: 01.05.2024
Оқылды: 299
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы – қазақтың қазынасы. Бақытты отбасы болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Ең бастысы – сыйластық. Тіліміз басқа болғанмен тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанмен жүрегіміз бір», – дейді  бір-бірімен көңілі жарасқан интернационалды отбасының отағасысы Бейбіт Смаханов.


Айдынды Алакөлдің тумасы Жайпақ ауылындағы М. Төлебаев атындағы орта мектепте оқыған. Қазақ ұлттық университетінде «философия, политология мамандығы» бойынша білім алған. 2016 жылдан бері облыстық дін басқармасының дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығында қызмет атқарған. Қазіргі таңда жеке кәсіптің иесі.

Бейбіт пен Әйгерім туған күн кешінде танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді. Әйгерім Артомонова Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ ауылында дүниеге келген. «Жәңгір» қоғамдық қорының жетекшісі. Ұлты – чуваш. Әкесі Петр қазақтың қара қызымен бас қосқан үлгілі отбасылардың қатарында.


– Отбасымыздың ұстанымында адамның ұлты, діні, тілі маңызды емес. Ең бастысы, адамгершілік қасиеті жоғары болуы тиіс. Әкем – чуваш, анам – қазақ. Жалпы, чуваштықтар Қазан хандығының аумағын мекендеген. V-VIII ғасырларда бұлғарлар мен сабирлер тайпаларынан тараған ұлттың бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, чуваштар христиан, ислам және  өзге дінді ұстанған. Біз ислам дінін ұстанушылар қатарынанбыз. Көптеген өзге ұлт өкілінен құралған отбасылар сияқты біз де үйде қазақша сөйлейміз, қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Мектепте «Орысша білмейтін Петровнамын» деп қалжыңдайтынмын. Расымен мен тек қазақ тілінде сөйлеймін. Бір тудың астына жиналған көптеген этнос өкілі дәл осы мемлекетте алаңсыз өмір сүріп жатқандары үшін бақытты. Біздің қоғамда «сен чувашсың, орыссың, я болмаса неміссің» деп шеттетіп жатқан ешкім жоқ. Осы берекеміз бен бірлігіміз ұзағынан болсын деп тілеймін, – дейді Әйгерім Петрқызы. 

Жеті жыл шаңырақтың шаттығын еселеген бұл отбасының басты ұстанымы – сыйласып өмір сүру. Олар үшін ұлт пен ұстаным маңызды рөл атқармайды. Екі жақтың ата-аналары да ұлтқа қатысты сөз қозғамайды. Ең бастысы – бәрі бірін-бірі түсініп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазір шағын мемлекеттің еркесі Айару әке-шешесінің көзқуанышы. Олар бала тәрбиесіне атүсті қарамау керектігін алға тартады. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген балақай тақылдап тақпақ айтып, тәтті қылығымен шаңырақтың бақыты мен қуанышын еселеп жүр. 

Құшағын көпке жая білген, жылылық пен қамқорлығын жақындарынан аямаған жомарт жандар «Ешбір бала ата-анасының жанын жаралайтындай іс-әрекет жасамаса, жүрегіне салмақ түсіретіндей ауыр сөз айтпаса екен» деп тілек тілейді. Олай болса, айтылған ақ тілек қабыл болсын дейміз.

Аяулым Сәбетжанқызы