ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 354
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біздің жеткен биігіміз, жинаған абырой-атағымыз өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, «Отан үшін от кешсең де күймейсің» деген ұғымды санасына сіңірумен айшықталады. Осы тұрғыдан келгенде Ұлы Отан соғысының ардагерлері бүгінгі күнге дейін ерлік шежіресі арқылы жастарға батырлық пен батылдықтың, бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы болмайтынын ұғындырып келді. Сол тәлім мен тәрбиенің өзегінде ержеткен ұрпақтың да ықыласы терең, ынтасы бекем болып өсті. 


Өкінішке қарай,  уақыт өткен сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қатары сиреп, жүрекке жиі жүк салатын болды. Өткен жылы дәл осы сәуір айында қатарымызда 8 соғыс ардагері болып еді. Биыл Жаңа жыл мерекесін облысымыздағы Қаңтарбай Сәрсенбай мен Ысқақ Хусайынов және Төлеубай Шектібаев, (Талдықорған қаласы), Гаврил Моисеев (Ақсу ауданы), Бердібек Ысқақ пен Алексей Галкин  (Сарқан ауданы) қатарлы 6 Ұлы Отан соғысының ардагерімен бірге  қарсы алдық. Ал Жеңіс  күнінде ардагерлеріміз  Бердібек Ысқақов пен Алексей Галкин ортамызда болмайтын болды. Бірақ олардың жарқын істері, ел қорғау жолындағы ерлігі, ұрпақты береке-бірлікке бағыттауда атқарған игі істері ешқашан көңілімізден көтерілмейді. Ардагерлеріміздің жасы ұлғайып бара жатқаны да бар. Гаврил Моисеев биыл 103 жасқа, Ысқақ Құсайынов 14 қаңтарда 100 жасқа келді. Ал Қаңтарбай Сәрсенбай алдағы 10 мамыр күні 100 деген белесті бағындырса, Төлеубай Шектібаев келесі жылы бір ғасырлық мерейжасқа жетеді. Сондықтан ардагерлерімізге қолдан келер көмекті жасап, жігерлендіріп отыру біздің міндетіміз. Осыған орай Жеңіс күнін қарсы алған 4 соғыс ардагерінің әрбіріне 1,5 млн. теңгеден бір реткі әлеуметтік көмек беру қарастырылған. Бұл да болса елдің ерен ерлерге деген құрметі. Бұдан басқа, жыл басынан бері облыстағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төленіп келеді.

Алайда, жылдар жылжыған сайын алдыңғы толқынның орнын кейінгі толқынның басатындығы да анық. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өскелең ұрпаққа көрсетіп келген өнегесін жалғастыратын жаңа буын жарыққа шығуы заңды құбылыс. Әрине, бұл міндетті алдағы уақытта соғыс жылдары бұғанасы қатпағанына қарамастан  белдері талып еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл ардагерлері алмастыратыны белгілі. Қазір облысымызда 2332 тыл ардагері бар. Жеңіс күніне орай тыл ардагерлерінің әрбіріне 60 мың теңгеден бір реткі әлеуметтік көмек беру қарастырылыпты. Сондай-ақ, Жеңіс күнінде облыс аумағында Тәжік – Ауған шегарасындағы соғысқа қатысқан 240, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына  қатысқан 7, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан 76, жалпы 323 ардагерге  150 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілмек. 

Бүгінде кешегі Ауған соғысының ардагерлері ортамызда жүр. Олар соғысты, өмір мен өлім үшін арпалысқан жанкештілікті көрді, берілген тапсырманы орындау жолында өзінің, халқының намысын қорғау жолында жан аямай күресті. Қазіргі таңда да сол азаматтар жастарға патриоттық тәрбие берудің алғы шебінде жүр. Сондықтан енді Ұлы Отан соғысы ардагерлері осыған дейін арқалап келген ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды Ауған соғысының ардагерлері арқалайды деген сенімдеміз. Сондықтан оларға да құрмет көрсету – біздің басты міндетіміз. 

Биыл облыстық ардагерлер ұйымының құрылымы ауқымдала түсті. Қазір ұйымның құрамына жоғарыда аталған ардагерлермен қатар құқық қорғау саласындағы, Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлері қосылып, нығая түсті. Себебі, ардагерлер осылай ұйымдасып, ел басына екіталай күн туғанда бірлігі мен бекемдігін көрсетуді мақсат етуде. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған Қызылағаш су апатында облыстағы ардагерлер жұртты сабырға шақырып, ел арасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып, қиындықты көппен бірге еңсеріп еді. Биыл да су тасқыны орын алғанда облыстық ардагерлер ұйымы жұртты аттанысқа келтіріп, кәсіпкер азаматтарды, еріктілерді жұмылдырып, солтүстіктегі ағайындарға материалдық көмек көрсетудің бастамашысы болды. Тіпті, ең алдымен,  облыстағы ардагерлер ұйымдарының төрағалары өз есебінен қаржы жинап, басқаларға өнеге көрсетті. Нәтижесінде облысымыз су тасқынына ұшыраған отандастарымызға көмек көрсетудің алдыңғы қатарында тұр. 

«Қариясы бар ел – қазыналы» деп бекер айтылмайды. Қашаннан ақсақалдың айтқанын тыңдап, тапсырғанын қалтқысыз орындап өскен елдің ұрпағымыз. Сондықтан да іргеміз берік, болашағымыз баянды істермен өрнектелуде. Алдағы уақытта да ардагерлердің бастамасымен ел бірлігін нығайту, жұрт жағдайын жақсарту бағытындағы істер жалғаса береді.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы