АДАЛ ДОС, СЕНІМДІ СЕРІК

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 401
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жеті қазынаның бірі саналатын иттің тілін түсініп, жанына серік еткен мамандарды «кинолог» деп атаймыз. Қарлы боран, жауын-шашында итті ізге салып қылмыскерді табу оңай шаруа емес екені анық. Күн-түн демей ел тыныштығын күзеткен кинологтың бірі – «Қорғас» ШЫХО шегаралық бөлімшесінің аға нұсқаушысы – Абдурасул Абдумиталинов.


Білікті маманның осы салада қызмет істеп жүргеніне 5 жыл болыпты. Ол иісшіл иттердің көмегімен талай шегара бұзушыны құрықтаған. Атап айтсақ, былтырдың өзінде «Сант» атты итімен 40-қа жуық шегара бұзушыны ұстап, декларацияланбаған шетел валютасын тәркілеген. «Хеппиенд» итімен ақбөкен мүйізін заңсыз кіргізген қылмыскерлерді құрықтаған. Темекі тауарлары мен медициналық заттарды алып өтпекші болғандарды ұстаған.

Кейіпкеріміз бала күнінен әскери салада қызмет істеуді армандапты. 2019 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келген соң №2088 әскери бөлімшесіне жұмысқа орналасады. 2020 жылы аға нұсқаушы қызметіне тағайындалады. 2021 жылы қызметтік-іздестіру итімен героин, апиын, канабис сынды есірткі құралдарын іздестіруге қызметтік иттерді бастапқы даярлау курсын бітіріп шығады. Мiне, содан берi талай қылмыстың ашылуына өз үлесiн қосты. Оның қырағы қимылының арқасында шегара шебіндегі қылмыстардың сыры ашылды.

Жеті қазынаның бірі саналатын үй жануарын бағындыру, айтқаныңды бұлжытпай орындату оңай шаруа емес екені анық. 

– Итті Алматыдағы кинологиялық орталықтан аламыз. Шегаралық бақылауға кез келген ит жарай бермейді. Жылдам, адамға бағынатын неміс, бельгиялық овчаркаларды арнайы ойыншықтар арқылы қылмыскерлерді ұстауға үйретеміз. Итпен жақсы байланыс орнату керек. Сол кезде ол да саған сенетін болады. Олар түрлі иістерді иіскету арқылы дағдыланған соң шегараға алып кетеміз, – дейді ол. 

Бір қарағанда оп-оңай көрінетін мамандықтың сізм бен біз біле бермейтін қыр-сыры көп. Жалпы бөлімшеде 10 кинолог маманы бар. Олардың мақсаты – қылмыскердің ізін кесуге және ұстауға қабілеті жетілген овчаркаларды дайындау. Шегара қызметіндегі иттер есірткі, жарылғыш заттар, мүйіз, ақша, мемлекеттік шегарадан тығылып өтпекші болған адамды іздейді.

Мемлекеттік шегара – тәуелсіз елдің ажырамас нышаны. Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын мемлекеттік шегараны қорғау, ата-бабадан қалған жерді күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік. Өз міндетін абыроймен атқаратын осындай кинолог мамандары барда шегара шебі әрдайым шегендеулі болады деп сенеміз.

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті