ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 413
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара Талдықорғандағы орталық саябақтан басталып, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде мерекелік концертпен жалғасты. Жиналған жұртшылықты, ардагерлерді облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастап, қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтап, үздік шыққан, үлгілі болған азаматтарға арнайы марапат табыстады.


Облыс әкімі, ардагерлер мен Қазақстанның Қарулы күштеріндегі қызметкерлер Талдықорғанның орталық саябағында орналасқан Даңқ обелискісіне гүл шоғын қойып, бір минут жалынды жылдарда жанын берген жауынгерлерді еске алды. Артынша Бейбіт Өксікбайұлы ардагерлермен әңгімелесіп, мерекемен құттықтады.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында болған салтанатты шарада қала әкімі Ернат Бәзіл ел мен жердің тыныштығын күзеткен, тәртіпті қадағалап, борышын абыроймен өткізіп жүрген жандарға алғыс білдірді.   

- Бұл мереке – ел мен жердің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін, Сүйікті Отанымыздың тыныштығын қорғап жүрген еліміздің ер азаматтарын құрметтейтін күн. Дана халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қоятынын көрсетеді. Туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы екендігін ұмытпаған жөн, - деді өз құттықтауында Ернат Дүйсенбекұлы.  Артынша мерекеге орай бірнеше азаматты еңбегімен ісіне қарай марапаттады. Адал еңбек, ар тұрғысындағы іс қашанда биікке жетелемек. Түрлі деңгейдегі марапаттардың иесі атанғандар дәл осының дәлелі. Облыс әкімінің алғыс хатымен 16, ал қала әкімінің алғыс хатымен 12 адам марапатталды. Одан бөлек әскери басшылықтан да табысталған сый-құрмет мол. Шара жетісулық өнерпаздардың концертімен аяқталды.   

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ