САНАҚ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 389
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанда пилоттық ауылшаруашылығы санағы өтеді. Бұл кезең аясында еліміздің 54 елді мекені қамтылады. Жетісу облысында Ақсу ауданының Сағабүйен мен Есеболатов ауылдары және Сарқан ауданының Сарқан қаласы пилоттық санаққа қатысады.


Санақты Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізеді. Оған заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, шаруа және фермер қожалықтарын қоса алғанда, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, ауылшаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтары қатысады.

– Ауылшаруашылығының пилоттық санағы кемшіліктерді анықтап, негізгі санақ процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Өйткені тестілеу кезеңінде біз деректерді жинау әдістерін талдап, қолданылатын технологиялардың тиімділігін бағалап, жұмыс процесі кезінде туындауы мүмкін проблемаларды анықтай аламыз. Бұл тәсілдерді түзетуге, кадр даярлығын жақсартуға және 2025 жылғы негізгі ауылшаруашылығы санағы кезінде ауылшаруашылығының жай-күйін дәлірек және толық көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Санақ сауалнамаларын өз бетінше толтыру үшін 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін sanaq.gov.kz сайтында толық ақпарат көрсетілген.Үй шаруашылықтарына арнайы киінген және қолында планшеті бар интервьюерлер келеді. Респонденттерге ауылшаруашылығында айналысатын экономикалық қызмет түрі, инженерлік-техникалық коммуникациялардың, дербес энергия көздерінің, ауылшаруашылығыинфрақұрылымының қолжетімділігі, еңбек ресурстарының, өндірістік жайлар мен имараттардың болуы, төрт түлік саны, жер учаскелері, органикалық өнім өндірісі туралы және т.б. сұрақтарға жауап беру қажет болады.
Пилоттық санақ барысында 29 мың үй шаруашылығы мен 8 мың кәсіпкерлік субъектісі қамтылады деп жоспарланған. Ауылшаруашылығы санағы мәселелері бойынша кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығына немесе телеграмдағы statgovkz_bot ботына хабарласуға болады.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Жетісу облысы бойынша департаменті