АтаЗаң – елдің айбыны

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 406
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміз елтаңбасымен – еңселі, көк туымен – тұғырлы,  әнұранымен – айбатты, Ата Заңымен – айбынды. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 33 жылына қадам қойса, айбынды АтаЗаңның қолданысқа енгеніне 29 жыл. 1995 жылы 30 тамызда  бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданған бұл құжат Тәуелсіз қазақ мемлекетінің заңдық негізі.

«Ел Ата Заңының қашанда орны бөлек. 2022 жылдың 5 маусымында өткен референдумда халық өз таңдауын жасап Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды толық құптады. Міне, бұл заман ағымына сай жаңа Қазақстан құру бағытындаға батыл қадам», - дейді зиялы қауым өкілдері .

Жетісу облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бауыржан Барлыбаевтың сөзінше,  бұған дейін сан қилы тағдыр тауқыметтерін бастан өткерген халқымыз кешегі хандық дәуірлердің өзінде «Қасым ханның - қасқа жолы», «Есім ханның - ескі жолы», «Тәуке ханның - жеті жарғысы» сынды қарапайым қағидаларды заң жүзінде пайдаланып қара қылды қақ жарып билік айтып келген. Ал, қазіргі конституция еліміздің озық ойлы заңгерлері мен Франция, Германия, Ресей сынды мемлекеттердің Конституциялық Кеңес мүшелерінің қатысуында жүйелі түрде сараланып дүйім жұрттан қолдау тапқаны анық. Кезінде 3 жарым миллионға жуық адам қатысып, 32 мыңға тарта құнды ұсыныстардан сараланған еліміздің бас заңы барлық заңдардың қайнар көзі. Осылайша тәуелсіз қазақ елі тарихында тұңғыш рет жалпы халықтың демократиялық таңдауы бойынша қабылданып, қолданысқа берілген  бұл заң жыл санап өз құндылығын арттырып, елдің мүддесі мен жердің  тұтастығы жолында өлшеусіз қызмет етіп келеді. Нақтырақ айтсақ бүгінгі ғаламдық өркениетке бет бұрған даму үрдісінде бұл АтаЗаң өзінің ақиқаттың алтын айнасы екендігін айғақтап, шетел ғалымдарының қызығушылығын арттыра түсті. Мәселен, бұған бір ғана дәлел қазіргі кезде дүние жүзінде 100-ден астам мемлекеттің өз Ата заңы болса, зерттеушілердің пайымдауынша олардың кейбірі осы қазақ елі конституциясынан үлгі алған. Бұл әрине біз үшін биік мәртебе, әрі заңымыздың кемелді де өміршең екендігінің айқын айғағы.

 – «Ал, соңғы референдумда Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқық мүддесін барынша қамтамасыз етіп, бас Заңның пәрменін арттыра түседі. Жалпы мұндағы ел Конституциясының 33 бабына жасалған 56 өзгеріс билік пен қарапайым халықтың арасындағы алшақтықты жойып, мемлекеттің еш кедергісіз дамуына сара жол ашады.  Міне, бұл «Жаңа Қазақстан» құру  бағытында  жасалған батыл қадам.  Сондықтан Ата заңның мәртебесі биік, қолданылатын аясы кең. Әрқашан еліміз аман, жеріміз тыныш, бейбітшілік іргесі бекем болсын!»,  – дейді  ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

                                                                          Айдын КӘЛІМХАН