ТІЛ - ӨРІСІ КЕҢ ӘЛЕМ

Уақыты: 07.09.2024
Оқылды: 272
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл – ұлттың болмысы, негізгі белгісі ғана емес, елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің, тұғыры биік тұрақтылықтың берік іргетасы.


«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты 5 қыргүйекте Тілдер күні мерекесі аталып өтетін болды.

Аталмыш мереке қарсаңында Тіл сарайы ғимаратының алаңында «Тіл – татулық тірегі» атты салтанатты шара өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, Жетісу облысының әкімдігіне қарасты облыстық басқарманың тілге жауапты мамандары, облыстық «Тіл» оқу- әдістемелік орталығы және филиалдарының қызметкерлері, тыңдаушылар, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық, Талдықорған қалалық филиалының өкілдері   қатысты.

Салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөзі Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибековке берілді. 

– Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, ол ұлттардың бірігуі мен тату болуына ықпал етеді. Ана тіліміз – тәрбие құралы және адамдардың тілдік қарым-қатынасын байланыстыратын болмыс өзегі. Тілдер күні – Қазақстанның азаматтар достығының, туыстық пен бірлігінің белгісі. Қазақстан халқының Тілдер күні еліміздің азаматтары үшін өте маңызды, өйткені ел аумағында тұратын әрбір этностың мәдени әртүрлілігін, өзіндік ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді. Әр халықтың ана тілі – оның игілігі мен құндылығы. Осы орайда баршаңызды Тілдер күні мерекесімен құттықтай- мын, – деді.  

Өз кезегінде облыстағы мемлекеттік тіл саясатын оңтайлы жүргізуге үлес қосып жүрген азаматтарға марапат табысталды.

Атаулы шарада өңіріміздегі тіл жанашырлары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және Жетісу облысы әкімі орынбасарының Алғыс хаты, Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, сондай-ақ, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде өңірімізде мемлекеттік тілді меңгерушілерге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, этнос өкілдерінің тілдерін Ассамблея жанында дамытуға да мүмкіндік қарастырылған.

Шара «Талдықорған әуендері» ән-би ансамблінің мерекелік концертімен аяқталды.

Айғаным АЙТМҰХАН