АЭС ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 255
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жуырда Жетісу облысының әкімдігі өңір белсенділерін Алматы Ядролық физика институтының жұмысымен таныстыру, ядролық физиканың мүмкіндігіне көз жеткізу мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырды. Сол сапар барысында институт директоры Саябек Сахиевпен АЭС салу төңірегінде елді алаңдатқан мәселелер турасында аз-кем тілдестік. Ядролық физика ғылымының кандидаты сол сауалдарға дәйекті жауап берген болатын.


– Саябек Қуанышбекұлы, тап қазір ел халқы үшін АЭС-тан өзге басты тақырып жоқ десек те болады. Көп жұрттың бойында үрей басым. Чернобыль, Фукусима және Семей полигонынан кейін сәулелі элементтерге қорқынышпен қараймыз. Жалпы, осындай қоғамдық сана қалыптас- қан бізге АЭС шынында керек пе?
 – Қазақстан міндетті түрде атом энергетикасын дамыту керек. Неге? Өйткені бейбіт атомды мақсатты пайдалану тек атом электр стансылары ғана емес. Ядролық медицина, өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін радиоизотоптар өндіру – уақыт талабы. Дәл қазір бізде ауылшаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сырттан импортталатын азық-түлік өнімдерін радиациялық өңдеу, түрлі өнімдерді зарарсыздандыру сынды қажеттіліктер бар. Ядролық физика институты қазір осындай міндеттерді атқарып келеді. Онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас дәрі-дәрмектер осы ғылыми орталықта өндіріліп отыр. Өнеркәсіптік изотоптарды да қолданысқа ұсынамыз. Ал енді АЭС салу тақырыбына ойыссақ, оның тиімділігін ядролық ғылым өкілдері, энергетиктер, сарапшылар жиі таразылап, халыққа түсіндіріп жүр. Қазірдің өзінде Қазақстан электр энергиясының тапшылығына тап болуда. Сол тапшылықты көршілес елдерден сатып алып еңсеріп келеміз. Бұл – тәуелділік. Халық санының өсуі электр энергиясына тәуелділікті одан әрі үдете түспек. Сол мақсатта бізге АЭС салу аса қажет. Қазақстан уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда. Қолда бар қорды ел игілігіне жұмсау керек. Атом электр стансысын салу біз үшін экономикалық тиімді жоба болып тұр. Жұрт айтқандай, АЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ. Қауіпсіздік мәселесін біз назардан шығарып отырған жоқпыз. Оның үстіне АЭС пен атом бомбасын тең көруге болмайды. Сәулелі элементтерді отын ретінде пайдаланатын стансылар ешқашан жарылмайды. Кез келген жаппай қырып-жою қаруы үшін уранның 235 изотопы қолданылады. Ал ол табиғатта 0,7 пайыз ғана кездеседі. Сол уран байытылады. Мәселен, атом бомбасы үшін уранды кем дегенде 95 пайызға байыту керек. Ал, АЭС отыны үшін уран 2-4 пайыз арасында ғана байытылады. Осыдан-ақ  АЭС-тің қауіпсіздігі айшықталады.

 – Сіз айтқандай, АЭС-тің қаупі аз болса, Чернобыль, Фукусимадағы апатты, сол апаттың салдарын қайда жібереміз? Чернобыльдегі тұтас қала әлі уытын шашып тұр. 2011 жылдан бері жапондар Фукусимадағы апаттың зардабын жойған жоқ. Осындай нақты дәлелдерден соң АЭС-ті қауіпсіз дей аламыз ба?
 – Үш апат дейік. Үшіншісі АҚШ-та Три-Майл-Айлендтегі апат. Бірақ өзен ортасындағы аралда салынған АЭС-тегі апат қоршаған ортаға зиян келтірмеді. Ал қалған екі апаттың да орын алу барысы екі түрлі. Бірі – ғалымдардың қателігі. Әдетте ғылым өкілдері шешім шығаруы қиын. Чернобыльдегі апат шешімнің кеш шығуынан орын алды. Ал Жапониядағы жағдай табиғаттың тосын мінезінен туындады. Бірақ, екеуінде де қолданылған технология ескі еді. Қазір әлемде қолданып жатқан АЭС-тер екі типті жұмыс істейді: бір контурлы және екі контурлы. Реактордағы реакциялардың салқындату және энергия өндіру тәсілі бұл. Бір контурлыда реактор бір желі арқылы салқындатылады. Ал екі контурлыда су-су-реактор әдісі қолданылады. Реактор екі мәрте салқындатылады. Мұның біріншіге қарағанда қауіпсіздігі жоғары. Жер шарында 400-ден аса реактор болса, оның 200-і осы әдісті қолданады. Әлемде салыну әдісі мен технологиясына сай АЭС-тер бірнеше буынға бөлінеді. Әзірге айшықталған  5 буын бар. Соның төртеуі жүзеге асқан, соңғы буын әзірге жүзеге асқан жоқ. Апат орын алған екі стансы да  ІІ буынға жатады. Бұл 1967 жылы салынған реакторлар. Ал біз ІІІ+ буынды реактор салуды көздеп отырмыз. Жүзеге асқан жалғыз ІV буынның АЭС-і Қытайда. Қазақстанның таңдауы түскен буындағы АЭС-тер әлемде өз қауіпсіздігін дәлелдеді.

 – Жалпы, АЭС Қазақстанға таңсық емес. Еліміздің батысында BN-350 реакторы 2000 жылдарға дейін жұмыс істеді. Қазір оның есігінде қарақұлып тұр. Осы АЭС неге жабылды және оны қайта іске қосу мүмкін бе?
 – Ақтаудағы BN-350 реактор 25 жыл жұмыс істеп, экономикалық тиімсіздігінен жабылды. Әу баста электр өндірумен қатар таза суға қол жеткізу мақсатында салынған еді. Өзі жылдам нейтрондармен жұмыс істеген тұңғыш реактор ретінде тарихта қалды. Әу бастағы BN-350 реакторының басты миссиясының бірі – плутоний-239 шығару болды. Бұл жаппай қырып-жою қаруына қажетті элемент. Реактор жұмысының тоқтауына себептердің бірі де осы міндеті. Қазір сәулелі қалдықтар сақтау қоймасында. Шетелдік алпауыт мемлекеттердің көмегімен залалсыздандырылды. Реактор да қауіпсіз. Бірақ, қайта іске қосу мүмкін емес.

 – Мемлекет басшысы АЭС салуға байланыс- ты референдум өтетін күнді белгіледі. Маңыз- ды шешім қабылданбастан бұрын Балқаш көліндегі Үлкен ауылы неліктен таңдалды? Қазақстандағы табиғаты ерекше көлдің флорасы мен фаунасын құртып алмаймыз ба? Көп жұрттың алаңы АЭС үшін көп көлемде су керек. Балқаштың ұлтаны кеуіп қалмай ма?
 – АЭС-ті кез келген жерге салуға болмайды. Халықаралық МАГАТЭ-нің де ұйғарымы ескеріледі. Былтыр күзде осы ұйым өкілдері Балқаш көлінің маңайында АЭС салуға еш кедергі келтіретін факторлар жоғын дәйектеді. Сонымен қатар, Үлкен ауылының жанын таңдаудың басты себебі, өткен ғасырдың соңында-ақ ол жерге АЭС салу жоспарланған. Сол кезде ол белгілі себептерге байланысты салынбай қалды. Сөйтіп, елге тиімді жоспар жүзеге аспады. Енді дайын тұрған алаңды жоғалту біз үшін үлкен қателік болмақ. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, халық қолдап, АЭС салынып жатса, Балқаш көлінің бір тамшы да суы қолданылмайды. Әлемнің кей елдерінде АЭС қаланың дәл іргесінде орналасқан. АҚШ-тағы ең үлкен қаланың бірі Бостонның орталығына орналасқан АЭС ешкімге зиянын тигізбей неше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Одан бар-жоғы 20 метр жерде археология факультеті бар. 40 метр жерде жатақхана, 100 метр жерде лаборатория ғимараты тұр. Сондай-ақ 120 метр жерде қоғамдық тамақтану орны бар. Әрине, Америка қауіпсіздікке қатаң қарайды. Сонымен қатар, АЭС маңайы қауіпті болатын болса АҚШ Монтиселло АЭС-інің салқындатқыш тоғанында балық өсіріліп, оны аулаудан турнир өткізбес еді. Шыны керек, АЭС салуда әлемдік тәжірибелерді ескеріп жатырмыз. Қауіпсіздік мәселесі еліміздегі атомдық физика ғалымдарын да алаңдатпай қоймайды. Мәселен, Чернобыльдегі апат әлемге сабақ болды. Сол атом электр стансысы жарылғаннан кейін әлем елдерінің бәрі стансылардың қорғаныс қабырғаларына қатты мән бере бастады. Оны да ұмытпау керек. Қазір олардың мықты болғаны сондай, егер әлемдегі ең үлкен А-38 ұшағы АЭС-тің үстіне әуеден 10 шақырым биіктіктен келіп құлайтын болса, оған ешқандай зақым келтіре алмайды. Осы сияқты қорғанысы мен қауіпсіздігі жетеді. Жалпы, жоспарлы АЭС екі блоктан тұрады. Қуаттылығы 1200 Мгват. 2000 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Сол қызметкерлер бір жерде өмір сүруі керек қой. Олардың әрбірімен келісімшарт жасалады. Олар Үлкен ауылында тұрады.

 – Көптің алаңы маман даярлау мәселесі. Кез келген саланың қадірі – кадр. Бізде ғылыми қызметкерлер даярлайтын база бар ма? Қажетті мамандарды қайда оқытпақпыз?
 – Жоспарлы АЭС-ті салуға 8000 адам жұмылдырылады. Бұл да экономикалық тұрғыдан ел халқын жұмыспен қамтуға үлкен серпін болмақ. Ал АЭС пайдалануға берілгенде 2 000 адам жұмыс істейтін болады. Олардың 300-і жоғары білімді, 1 500-і  арнайы мамандықтар бойынша, қалған 200-іне мамандықтың қажеті жоқ. Айтылған 300 жоғары білімді, 1 500 арнайы мамандарды біз Ядролық физика институтының базасында қысқа мерзімде дайындап бере аламыз. Өйткені 66 жылдық тәжірибеміз бар. Былтыр Америка Құрама Штаттарында іссапарда болдым. АҚШ-тың Энергетика министрлігінің 16 ұлттық лабораториясы бар. Олардың ең кішісінде 3 500, үлкенінде 16 000 адам жұмыс істейді. Солардың алтауымен біздің Ядролық физика институты тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Солармен бірге бірқатар жұмысты нәтижелі атқарып келеміз.

 – Қазір Қазақстандағы АЭС-ті салуға 4 халықаралық компанияның әлеуетті екені айтылуда. Олардың қатарында Ресейдің «Росатом» корпорациясы да бар. Ресей компьютерлік технологияда қажетті микропроцессорлар шығармайды. Әлемдік санкцияларға орай көрші елде осы құрылғының тапшылығы байқалуда. Халықтың «Росатомға» үреймен қарауына осы да сеп. Елдің қолдауын тапса, қандай компания АЭС салады?
 – Қазіргі таңда 4 мердігер компания бойынша таңдау жүргізіліп жатыр. Олар: қытайлық CNNC, кореялық KHNP, ресейлік «Росатом» және француздық EDF. Жалпы, АЭС – өте күрделі технологиялық нысан. Оны халықаралық алдыңғы қатарлы технологиясы бар компаниямен бірлесіп салу маңызды. Рас, Ресейге салынған санкциялар бұл жоғары технологиялардың тапшылығын туындатып отырғанын мойындаймыз. Бірақ, елімізде АЭС салуға қатысты референдум өткен жоқ, АЭС-ті кім салатыны нақтыланған жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, демократиялық үдеріс көшіндегі елімізде маңызды жоба халық таңдауынан соң жүзеге асады. Ал, АЭС-ті салатын болсақ, халықаралық сарапшылардың, еліміздегі сала мамандарының пікірі ескеріледі. Оның үстіне әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мүдделі МАГАТЭ де қарап қалмасы анық. Елімізде ешкім «Росатомға» бүйрек бұрып отырған жоқ. Әлемдік тәжірибелер ескеріліп, қауіпсіздік пен қабілетіне сай 4 компанияның бірі таңдалады. Оған кәміл сену керек.

 – АЭС жылу электр орталығы мен газотурбиналық электр стансыларға қарағанда экономикалық тиімді делік. Бірақ, өзге стансыларға қарағанда мұнда миллиондаған жыл өтсе де қоршаған ортаға уыт бөлетін қалдық шығады. Сол қалдықты жою, зарарсыздандыру қалай жүзеге аспақ? Қалдықтың қаупін қалай сейілтеміз?
 – АЭС экономикалық тұрғыда аса тиімді. Мысалы, 1 грамм уранның қуаты 100 тонна көмірді жаққанмен пара-пар. Ал одан шыққан қалдық та аз болмасы анық. Мәселен, қуаты 1 ГВт болатын АЭС-тен шамамен 50 шаршы метр радиоактивті қалдық шығады және қуаты 1-1,5 млн. халқы бар қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Бұл ретте қуаты дәл осындай жылу электр орталығы 200-300 мың тонна қалдық шығарады. Осылайша, АЭС көмір стансыларымен салыстырғанда қалдықтарды айтарлықтай аз шығарады және бұл оларды барынша экологиялық таза энергия көзіне айналдырады. Көмір стансыларынан айырмашылығы, АЭС қалдықтарды ауаға шығармайды. Бұл көмірқышқыл газы мен бөлшектер сияқты зиянды заттардың шығарындыларын айтарлықтай азайтады. АЭС қалдықтары олардың түріне және технологиясына байланысты сақталады не қайта өңделеді. Нақтырақ айта кетейін, пайдаланылған сәулелі элементтердің қалдығы да кәдеге жарайды. Ол көмірдің күліндей жарамсыз болып қалмайды. Бұрын әлемдегі АЭС-тер қолданған радиоактивті отынның қалдығын қорғасын бөшкелермен мұхит түбіне тастайтын. Қазір оларды арнайы қоймада сақтайды. Өйткені, сәулелі элементтердің қалдығы біршама уақыттан соң қайта пайдалану мүмкіндігіне ие. Қазір Ядролық физика институтында пайдаланылған ядролық қалдықтар сақтайтын қойма бар. Радиоактивті қалдықтар ашық алаңда салынған ғимараттың ішінде 8,5 метр тереңдікке салынған 12 қоймада сақталады. Қалдықтарды 2 түрлі әдіспен сақтайды. Бірі – қорғасын жабынмен, екіншісі – нейтронды. Әуелгісі ұзақ мерзімде де өз әлеуетін төмендетпейтін элементтерге қолданса, екіншісі бірнеше күнде әлсірей түсетін радиоактивті элементтерге қолданады. Біз институтта сондай қалдықтарды қайта пайдалану жолдарын да қарастырып жатырмыз.

 – Жалпы, энергия өндірудің өзге де жолдары бар емес пе? Мәселен, күн мен жел көзін пайдалану. АЭС салғандағы мүмкіндіктерді осындай баламалы жолмен өндіруге болмас па еді? 
 – Қазақстан баламалы энергия көздерін пайдаланудан бас тартып отырған жоқ. Алдағы уақытта электр энергиясын осы көздерден өндіруді де үдете түспек. Жасырмайықшы, ондай қондырғыларды шетелден сатып алып отырмыз. Орнату, күтіп-ұстап тұру шығындары бар. Әрі АЭС беретін энергияны олар бере алмайды. Жалпы, қуатты энергия көзін іске қосу арқылы Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері ашылады. Үлкен зауыттар, фабрикалар сала аламыз. Бұрын осындай жоспарларды жүзеге асыру үшін электр қуатын алу жолдарын іздеп әлекке түсетін едік. Айналып келгенде тәуелділікке тірелетінбіз. АЭС сол тәуелділіктен арылтпақ.

 – АЭС-ті салатын шетелдік компания. Олар өз мүддесіне жұмыс істейді. Электр энергиясының бағамына, Қазақстанда өндірілген радио- активті отынға қандай көзқараста болады? Тәуелділіктен арыламыз деп жүріп тәуелділікке тап болмаймыз ба?
 – Қазір долбарлап ештеңе айта алмаймыз. Бірақ, тапсырыс беруші Қазақстан. Мұны ұмытпағанымыз абзал. Электр бағасы түсетінін не түспейтінін мен айта алмаймын. Себебі, мен бұл саланың маманы емеспін. Ал, АЭС отынына келер болсақ, өз жоспарымыз бар. Алғашында мердігер компания өз бұйымын тұтынады. Кейін өз шартымызбен Қазақстанда өндірілген өнімді пайдаланатын болады. Жалпы, сәулелі элементтерден даярланатын отынды әлемде бес мемлекет қана даярлай алады. Қазақстан шикізат күйінде экспорттайды. АЭС салатын болсақ, оған қажетті отын даярлауды да қолға алуымыз керек. Мынаны түсінгеніміз абзал, АЭС-ті шетелдіктер салғанмен  Қазақстан мен оның халқының мүддесіне жұмыс істейді.
 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Дастанбек САДЫҚ