СУРРОГАТ АНАЛАРДЫҢ САНЫ АРТУДА

Уақыты: 07.09.2024
Оқылды: 262
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде жатырын саудалап жүрген жас қыз-келіншектер саны артуда. Бұл жайлы кез келген сайттан немесе әлеуметтік желілерден байқауға  болады. Жас қыздар ана деген ардақты есімге кір келтіріп жүр ме, әлде қоғамның сұранысы осы ма?


Түсіндіре кетейік, суррогат ана деген өзгенің баласын 9 ай бойы құрсағында көтеріп босанатын әйел. Жүктілік процесі ЭКО процедурасы арқылы жүзеге асады. Яғни, биологиялық ананың жұмыртқасы мен аталық жасушаны ұрықтандырып, эмбрион суррогат ана жатырына салынады. 

Жалпы не шықса да батыстан немесе Қытайдан көретініміз өтірік емес. Медицинаның дамыған заманында мұндай аналар тек қажеттілік үшін ғана қолданылса жөн-ақ екен. Алайда, қазіргі таңда дене бітімін құртқысы келмейтіндер яки ана болуға психологиялық тұрғыда дайын емес қыздар осы суррогат аналардың көмегіне жүгінеді-мыс. Ол, әрине, тегін емес. Бүгінде суррогат аналардың құны, 5 млн. теңгеден басталады. Бұл ең кем дегендегі есеп. Ал тәжірибесі бар аналардың құны, тіпті қымбат. Бұл баланы ақшаға сатып алғанмен тең. Былай қарап тұрсаң таза бизнес. Өз жатырын саудалап, миллиондап ақша тауып бала туу жай ғана табыс көзіне айналған.      Ал бала деген өзінің даму кезеңдерінің көп бөлігін жатырда жатқанда-ақ тамамдайды. Яғни ұрық бөтен біреудікі болғанымен тоғыз ай бойы қиналып көтерген, жан алып, жан берісіп, толғатып дүниеге әкелген баласын кім басқаға беруге қисын? Қайтарған күннің өзінде бұл жағдай ананың ішкі жан дүниесіне, психологиясына қалай әсер ететінін дүниеге сәби әкелген аналар ғана білер. Ана баласын табыстағаннан кейін өмір бойы оны санасынан өшіре алмасы анық. Ғұмыр бойы рухани күйзеліске түседі. Бала мен ана арасында өзара рухани тығыз байланыс болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. 

Құранда баланың анасы ұрығын берген әйел емес, оны дүниеге әкелген жан екені айтылады: «Oлардың аналары – оларды дүниеге әкелгендер ғана». «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді...». «Әлсіреген үстіне әлсіреген күйде анасы оны көтерді».

Сәби өскеннен кейін әке-шешесіне қарсы шығып, өзін тапқан құрсақ анасына қайтамын деп қиғылық салған жағдайда не болмақ? Яғни, әр сәби өзін туған анасының құшағында өсуге, ақ сүтін емуге құқылы емес пе?!

Құрсақ ана алдын ала берілген қаржыны қанағат тұтып, өзгесін керек етпей ішіндегі баласын әдейі түсік қып тастаса ше?

Ал баланың түр-әлпеті ұнамаса немесе дене бітімінде бір ақау кездесе қалса, тіпті, ешбір себепсіз тапсырыс берген ұрық иелері баладан бас тартқан жағдайда баланың және құрсақ ананың жағдайы қалай болмақ?

Құрсақ ана өз өмірінде бірнеше отбасының ұрпағын туып берсе, кейіннен ондай балалар ержете келе бір-бірімен үйленбесіне кім кепіл? Яғни, шешесі бір аға-қарындастар бір-бірімен тұрмыс құрып жатса қалай болғаны? Олай дейтініміз, құрсақ ана бәрінің бірдей анасы емес пе?

Құрсақ ана тұрмысқа шықпаған қыз болған жағдайда оның жүкті болғанын көрген ел не ойлайды? Бұл бәлкім діні бұзылған батыста ерсі болмағанмен, біз секілді зинаны үлкен күнә санайтын елдерде өте жиіркенішті қылық.

Қазір батыста табиғи жолмен өзі босануға денсаулығы жете тұрып, әйелдің баланы кестіртіп алдыруы сәнге айналды. Себебі, толғатып, қиналып туғанша кестіріп алдыра салу әлдеқайда оңайырақ. Бірақ қиналмай әкелген баланың анасына деген құрмет-ықыласының қаншалықты болары тағы белгісіз. Себебі, ана мен баланың арасында рухани байланыстың бар екені сөзсіз. Ол ғылыми зертханада білінетін нәрсе емес. Әйелдің аналығы да, қаһармандығы да баланы тоғыз ай бойы қабырғасы қайыса көтеріп, қиналып босануында. 

Ал енді суррогаттық тәсілдің де бара-бара еріккендердің ермегіне айналмасына кім кепіл?! Бала көтеріп қиналғысы келмейтін кей әйелдер баласын тауып беретін басқа біреуді жалдауды әдетке айналдыруы мүмкін ғой. Бұл – батыста кең етек алған жайт. Қазіргі күннің өзінде елімізде «Мен бала туып дене-бітімімді бұзғым келмейді», «жасым қырықта, баламды басқа біреу туып берсе... Өйткені, мен үшін жұмысым маңыздырақ» деп, арнайы орталыққа баратындардың бар екендігін жасырып керек емес.

Сонда әйел ана болудан қашса, күйеу бөгде еркектің ұрығын өз әйелінің жатырына қойылуына намыстанбаса, оны ұят деп қабылдамаса, ағасының баласын қарындасы немесе анасы, тағысын тағы жақын туысқандары туып беріп жатса бұл адам баласының азғындалуы шығар, бәлкім!

Қысқасы, суррогаттық тәсілмен дүниеге бала әкелу, мейлі, діни тұрғыдан болсын, мейлі, адамгершілік жағынан болсын құптарлық іс емес екені айқын. Сондықтан Ислам ғұламалары бірауыздан қолдан ұрықтандырудың бұл тәсіліне «харам» деп анық пәтуа берген.

Айғаным АЙТМҰХАН