Ғұлама

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1405
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
(Академик Ерғали Нүсіпов туралы естелік-эсседен үзінді)
 
Құшағы оттай ыстық сахарадай,
Көңілі алып ұшқан шағаладай.
Алдымнан «көкем-ай» 
     деп шыға-тұғын,
Сендерді сағындым ғой, ағалар-ай! – деп шарықтата шырқалған ән тұла бойымды шымырлатып жіберді. Ерағам есіме түсіп, кеуде тұсым шым-шым ете қалды. «Қайран Оспанхан аға! Сағыныш сезімін бірауыз сөзбен қалай дәл суреттеп берген», – деп түрлі естеліктерге түсіп кеттім. Көз алдымда жүрегімді баяу тербеткен қуанышты сәттер елестеді.
Сонау бір жазда дәл осылайша Алматыдан Кегенді бетке алып, екі көлікпен жолға шыққан едік. Бір көлікте ағаларымыз Стақан Белғожаев, Ерғали Нүсіпов, Байқожа Нұрғожаев, Әділ Ахметов, Кеңес Үшпаевпен бірге құрдасым Нұрлан Оразалин екеуміз отырдық. Екінші көлікте Ерағаның ұлы Еркен, менің балам Ерғанат, салық саласының қызметкері Ерғанат келе жатты. Кезекті еңбек демалысын алған балаларға атағы Алатаудай ағаларымен бірге жүріп, ғибратты сөзін тыңдап, көңілдеріне көрікті ой түйіп қайтсын дедік. 
Қызу әңгімемен жолдың ұзақтығын сезінгеніміз жоқ. Алматы – Нарынқол күре жолымен келе жатып, әйгілі Шарын шатқалына жете берген тұста «Жалаңаш ауылы» деп көрсетілген белгі бойынша оңға бұрылдық. Бұл бағыт көрікті Көлсай мен қасиетті Қайыңдыға апарады. Жалаңашқа жақындаған тұста жол екіге айырылды. Соның оң жағына түсіп, жүріп отырдық та, Ерағаң туған Алғабас ауылынан бір-ақ шықтық. 
Ауыл табиғаты керемет қой! Айнала қандай әсем сурет десеңші?! Көкорай шалғын мен қызыл-жасыл дала гүлдері көздің жауын алады. Таудың таза ауасы қандай?! Тынысыңды ашып, көңіліңді көкке өрлетеді. Өзен суы мұздай: шөлдеп кеп, етпетіңмен жата қалып сімірсең, миыңа бір-ақ жетеді.
Ағалары келе жатқанын естіген ауыл азаматтары лайықты құрмет көрсетті. Ыстық құшақтары мен кеңпейілдерін көргенде: «Айналдым ауыл адамдарынан!», – деп іштей шүкіршілік еттім. Жіңішке өзенінің аңғарына тігілген ақ шаңқан киіз үйге тоқтадық. Киіз үй ішінде қабат-қабат көрпе-жастық төселген. Кеңінен жайылған дастарқан. Бәрі де өз жөнімен, өз жолымен жалғасып жатты: емен-жарқын әңгіме, әдемі әзілдер, жарасымды қалжыңдар. Ауыл әкімі өзі бастап әңгіменің майын тамызып, ағаларына ағынан жарылып қызмет көрсетті. Ауылдастар тарапынан «ағаның алды – ақ жайлау», деген ерекше пейілді көріп, көңілім тасыды. «Мұның бәрі Ерағаңа көрсетіліп жатқан құрмет-қошемет қой», – деп ойладым масаттана.
Түн ортасына таман «құрметті қонақтарымыз жолсоқты боп келді ғой, енді демалсын» деп қонақтарға жайлы орын дайындағанша тысқа шықтық. Әйтсе де, шаршаған ештеңеміз жоқ еді. Ерағаң екеуміз «ұйқы алдында аздап сергіп қайтайық» деп, тау жақты бетке алып, серуенге шыққанбыз. Әр алуан тақырыпты қозғаған әңгімеміз одан әрі қыза түсті. Шынын айтсам, онымыз екеуара әңгімеден гөрі диктофонға жазылмаған сұхбатқа, тіпті, Ерағаңның дәрістеріне көбірек ұқсап кетті. Мен көбіне сұрақ қоюмен болдым, аға болса, қысқа жауаппен шектелмей, ұзағынан әңгімеледі.    
Бір ыңғайында Ерағамнан: «Сізді ғылымға әкелген не?», – деп сұрағаным есімде. «Қиял», – деді ол бірден. Жұлдызды аспанға қарап тұрып, сөзін жалғады.
– Қиял дегеніміз – мына жұлдыздар әлемі тәрізді таңғажайып әлем ғой, шіркін! «Жаратылыстың құшағында, меруерт себiлген көк шатырдың астында, хош иiстi жасыл кiлем үстiнде, күнмен бiрге күлiп, түнмен бiрге түнеп, желмен бiрге жүгiрiп, алдындағы малымен бiрге өрiп, сары сайран далада тұрып өсетiн қазақ баласының қиялы жүйрiк, өткiр, терең болуға тиiстi», – депті қазақтың арысы, арғымақ ақыны Мағжан Жұмабаев. 
Қиялдау, армандау – адамға ғана тән қасиет. Француздың әйгілі философ-ғалымы әрі жазушысы Дени Дидро да: «Қиял! Бұл – сапасыз ақын да, философ та, ақылды адам да, ойлайтын жан да, тіпті, адам болу да мүмкін емес», – деп тегін айтпаса керек. Асылы, өмірімізді қиялсыз көзге елестету мүмкін де емес. 
– Орамды әңгімелеріңнің ортасын толтырайық, – деп тысқа шыққан Кеңес аға: 
– Қиял дегеніміз – адамзатқа өзін-өзі және әлемді тануы үшін берілген аса мол мүмкіндік. Бәлкім, қиял әлдебір ғарыштық тылсым күш те шығар, кім біледі?! Адам ісінің кез келгені алдымен оның ой айнасында бейнеленетіні анық қой. Тіпті, айтатын сөзіміз де бірінші көңілімізден өтеді. Мұны біз байқамай да қалып жатамыз. Бұл құбылысты хакім Абай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», – деп көркем сөзбен керемет дәл жеткізген ғой,– деп тоқтатады. Сөзге қосыла кеткен Стақан аға да өз ойын ортаға салды:
– Қиялдың адам қажетiне асуы, оның шындықпен байланысты болып келуi адамға ерекше қанат бiтiрiп, оның iлгерi өрлеуiне басты себепшi болады. Халық «Қыран жетпеген жерге қиял жетедi» деп өте тауып айтқан ғой. Бiр кездерде талантты орыс ғалымы Константин Циалковский ғарышқа ұшуды армандап едi. Ғарыш кемесімен аспан әлемiне тұңғыш жол салған Юрий Гагарин мен қазақ ғарышкерi Тоқтар Әубәкiровтiң және басқаларының ерлiктерi осындай шындықпен тығыз байланысты қиялдың iске асуы болып табылады, – деді жұлдыз әлеміне тесіле қарап. 
Орыстың ұлы данышпаны да қиял туралы: «Қиял тек ақынға ғана керек», – деп бекер ойлайды. Бұл зердесіз айтылған сөз! Қиял тіпті математикаға да қажет, онсыз тіпті дифференциалдық және интегралдық есепті шығаруға мүмкіндік болмас еді. Қиял дегеніміз  ұлы құны бар сапа», – депті.
Әділ де ортаға өз ойын тастап: 
– Психолог-ғалымдар адамға әрқашан жақсы нәрселер жайында қиялдау керек екенін айтады. «Жаман ойларды миыңыздан өшіріп тастаңыз», деген сияқты ақылды көп естіп жатамыз. «Оларды мидан қалай өшіріп тастауға болады?» – деп, басымыз қатады ғой. Сөйтсек, ол үшін жақсы дүниелерді ойлап, қиялдап, армандауымыз керек екен. Сонда, магнит таспаға жазылған жазбаның үстіне жаңа жазба көшіргенің тәрізді алдыңғы жазба автоматты түрде өшіріліп қалады. Әрине, ол үшін мидағы «жазбаң» сапалы болуы тиіс, – деп ойлантып тастады. 
Ел ішінде: «Әр сөзіңе періште «әумин», – дейді», – деген керемет сөз бар. Асылы, біз нені ойлауды, нені айтуды ой елегінен өткізіп алып, абайлап айтуымыз керек. Өйткені кез келген сөз материяға айнала алады. Жұмыстың өнімділігі де қиялға байланысты. 
Ерғали аға: 
– Әңгімеміздің ұзаққа созылатын түрі бар. Менің қонағымсыздар. Демалайық, – деді де:
– Жақсы ойдан қуат алатындардың жүзі қашанда нұрланып тұратыны неліктен? Байқасаңыз, олардың іс-әрекеттері де сергек болады. Сондықтан да, кейде жалғыз қалатын уақыттарда жақсы ойлардан қуат алу керек. Сол сәттерде санаңыз нұрланып, ақылыңыз жұпар аңқиды. Ал, арманыңызға апаратын есіктер айқара ашылып, ой-қиялыңыз сізді жақсылыққа жетелей бастайды. Маңдайыңызды сипайтын кекілді ой-қиялдарыңыз – сіздің сенімді серігіңіз. Қиялдың құдіреті шексіз ғой, шіркін! Ал, шексіздік қашанда ұлы істерге бастайды – деп салмақты, тегеурінді сөздерімен үйге қарай бастады. 
Ұзақ әңгімелескеннен кейін Ерағаң «шамалы көз іліндіріп алайық», – десіп бір-бірімізге «жақсы түс көрейік», – деп тілек айттық. 
Аға әңгімесінен алған әсерден болса керек, қисайып жатқасын да түрлі ой-қиялға беріліп кеттім. «Ай, осы түс дегеніміз де адамның ұйықтап жатқандағы қиялы емес пе?, – деп пайымдадым өзімше. – Күллі әлем білетін ғылыми жаңалықтардың бірнешесі оны ашқан адамдардың алдымен түсіне кіргеніне мысал жеткілікті-ақ. Әрине, қиялдау мен түс көру процесінің қандай болатынын анықтау да – ғылымның міндеті. Мәселен, адамның өз-өзін ұстауы оның миындағы ой-қиялына байланысты екендігі тәжірибеде дәлелденген. Тіпті, тәжірибеге сүйенбей-ақ, тереңірек ойланып қарайтын болсақ, адамды қиялы басқарып тұрғанына сенуге болады». Сөйтіп жатып, көзім ілініп кетіпті.
Көзімді ашсам, аға өзі жатқан төсегінде көрінбейді. Сөйтсем, бозарып келе жатқан ала таңмен таласып тұрып алыпты. Нағыз құс ұйқының өзі екен. Сәл ғана уақытқа кірпік іліп алса болды, соның қуатымен күн ұзаққа ғана емес, ұзақ түнде де отыра беруге бар-ау. Мен болсам, «інілік пейілмен ертерек тұрып, ағаларымның ас-қамын реттестірейін» дегенім ғой. 
Далаға шықсам, аға анадай жерде асқақ тауларға көз тастап, оңаша ойдың жетегінде тұр екен. Тіпті, ұйықтап тұрмағандай. Не ойлап, не қиялдап тұр екен? Ізі қалған ауыл маңынан қиындыққа толы соғыс жылдарында өткен балалық шағын іздеп тұр ма екен? Әлде «менің әкем де осы таулардай алып тұлға болды ма екен?» деп таңырқай қараған бала арманның жетегінде тұр ма екен? Бәлкім, арқасында арқалап жүріп өсірген Аққағаз анасына деген ұлы сағыныш ұйықтатпай тұрғызып алды ма екен? Әйтеуір, Ерғали аға дәл осы тұрысында бейжай ғана далаға көз салып тұрмағаны белгілі. 
Ерағаң сыртқа шыққанымды байқап, қасына шақырып алды. Көкжиекке көзін қадап тұрып, баяу ғана:
– Жақыпжан, өкшелеп келе жатқан інімнің бірісің ғой. «Інісі бардың тынысы бар» дегендей, кейде Байқожа екеуіңнің қасымызда жүргендеріңе шынымен де арқаланып қаламыз. Кешелі бері аз әңгіме айтылған жоқ. Әңгіме мәнді де, дәмді де болып жатыр, – деді.
– Ой, аға, кеудесі асыл қазына өздеріңіздей ағалардың әңгімесі мәнсіз болушы ма еді, – дедім мен, шын пейілімді білдіріп.
– Бәлкім, солай да шығар. Бір-біріміздің дәрежемізді көтергеніміз дұрыс-ақ, бірақ, бос мақтанға кетіп қалмауымыз керек. Не нәрсені болсын байыбына барып, жөнімен айта білудің өзі өнер. Манадан бері мына алып далаға қарап тұрып, көп нәрсе көңілге оралды. Арғы тарихтан бастап, кешегі қиын балалық жылдар, өскен ауыл, туыс-бауыр, бәрі де көз алдымнан киноның таспасындай жылжып өтіп жатыр. Бабаларымыз не деген батыр болған десеңізші?! Осыншама даланы аттың жалында жүріп-ақ қорғап қалған. Сен екеуміз көріп тұрған мына жер – бабалар қорғаған ұлан-ғайыр даланың бір пұшпағы ғана. Шіркін, мына тау-тасқа тіл бітіп, басынан өткен дәуірді тізбелеп, қойнына бүгіп жатқан сырдың барлығын айтып берсе ғой, – деп маған қарап жымиып қойды.
– Пәлі, аға, дәл сіз айтқандай, мына таулар қойнына бүгіп жатқан сырдың барлығын алдымызға жайып салса, онда ол тіпті оңай олжа болмас па еді?, – деп күлдім мен. 
– Иә, Жақа, дұрыс айтасың. Расында да, мына дала барлық құпиясын өзі айтып тастайтын болса, ғылым қалай туындайтын еді? Біз қайтіп ғалым болатын едік? Міне, өмір осындай жұмбақ әлемімен құнды. Таулар барлық дәуірді қойнына тығып алып, теріс қарап бүктүсіп жатуымен бағалы. Оны зерттеу, іздену, оқу, құпиясын ашу – біздің мойнымыздағы міндет. Біз де құпия-жұмбақты толық ашып бітіре алмаспыз. Ол кейінгі ұрпақтардың еншісінде қалмақ. Өмір осылайша өтіп жатыр, бүкіл балалығымның куәсі болған айналайын Жіңішке де өз арнасымен ағып жатыр. Мына жарық дүниенің пәлсапасы да осы – «өмір өтеді, өзен ағады». 
Бұл кезде Стақан, Кеңес, Әділ ағам да, құрдасым Нұрлан, Байқожа да сыртқа шыққан. Еркен мен Ерғанат ағаларының қолына су құйып, үлкендерден алған үлгісін көрсетіп жүр. Менің көңілім көтеріңкі, кеудемді әлдебір ойнақы сезім қытықтап, ғажап әсерде жүргендеймін.
– Оу, сіздер тәтті ұйқының құшағында жатқанда, көп қызықтан құр қалдыңыздар. Ерағам екеуміз кірпік ілмей қарсы алдық мына таңды. Қандай әңгімелер айтты десеңіздерші Ерағам, – деп бір қойдым. Ағаларыма еркелеп, қағытпа қалжыңымды айтып жатқаным ғой. Е, олар да «түнімен ұйықтамадық», дегеніме сене қойсын ба? 
– Жақа, сенің әзілге бар екеніңізді білеміз. Саған салса, қазақта екі-ақ ғалым бар, – деді Әділ аға ертеректе айтқан сөзімді еске алып. 
Кеңес ағаның құлағы елеңдеп:
– Кімдерді айтып жүр сонда? – деп сұрай қалғаны.
– Е, мына Ерғали ағасы екеумізді айтқаны ғой. Жүрек жұтқан өзі. Бір топ ақбас ғалымның ортасында тұрып: «Осы екі ағам ғылымның теңізі, қалғандары кішігірім көл тәрізді», – деп састырған бізді.
– Бір ақсақалымыз Жақыпжанның сөзін шын көріп, кәдімгідей бұртиып қалған аға ғалымдар еді. Олар сонда бұлар кімдер деп бізге тесіле қарады. 
Кеңес аға маған бұрылып қарап, жорта маңғазданып:
– Апырмай, ә? Әй, сонда біз де сенің тақияңа тар келіп тұрмыз-ау, – деп бәрімізді ду күлдірді.
– Кеңес аға, сіз сол топ ғалымның арасында болмадыңыз ғой, әйтпесе, сізді де нағыз ғалымдардың қатарына қосар едім, – деп бастап, сөзімнің соңына әзіл-шынымды араластырып жібердім. 
– Дегенмен де, сіз мына даладағы өсімдіктердің қайсысының қасиеті қандай, қайсысы дәрілік шөп, аты қандай екенін білесіз. Бір сөзбен айтқанда, емдік өсімдіктер энциклопедиясын шемішкеше шағып, жатқа соғатын мамансыз. Ал, мына Әділ ағам сол шөптің, гүлдің, өсімдіктің атауларын біліп қана қоймайды, не үшін солай аталғанын, қандай мағына беретінін, сол арқылы арғы тегіміздің қандай болғанын түгел біледі. Өйткені, бұл кісі тіл саласы мен тарихты егіз көретін майталман. Ерғали ағам болса, ағып жатқан өзеннің атын ғана біліп қоймайды. Құрамы, пайдасы барлығын зерттеп қана қоймай, осы даланың терең тарихын, ежелгі атауларын, бұған дейін бұл далада қандай қалалар болғанын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы-ғалым. Дұрыс қой, ә?
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген,– Стақан аға. – Сенікі жөн, – деп күліп, арқамнан қағып қойды. Сөйтті де, байсалды қалыпта сөзін жалғастырды. – Сенің ілкіде айтқан әзіл сөзіңнің түп-төркінін түсіндім. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғап алып, «зиялымын» деп қу кеудесін соғып жүрген ғалымсымақтардың арамызда байғұс жетім қыздың басындағы биттей өріп жүргені рас. Соларың, шындап келгенде, кімнің тарысы піссе, соның асыранды тауығы болып өлмес күнін көріп жүр. Ал, мына Әдекең мен Ерекең, Кәкең сынды шын зиялы, нағыз ғалымдар биліктегілерден бүгілмей, тұмсықтылардан тайсалмай, атағын да, сақалын да сатпай, ар алдындағы тазалығын сақтап келеді. Сенің айтпағың осы екенін енді аңғарып отырмын. Дұрыс па, бауырым?
– Дұрыс, Сәке-аға,–деп басымды изедім мен ризашылық сезіммен. Әзілімнің түпкі мән-мағынасын түбегейлі ашып бергеніне, атағы Алатаудай ғалым ағалардың бірін көтеріп, бірін төмендетіп отырған жайым жоқ екенін түсінгеніне қуандым. Әзіліміз жарасқанның бір белгісі ғой бұл. Екіншіден, ізімізден ерген ұрпаққа осылайша әдемі әзілі мен балдай тәтті базынасы қатар жүретін қазақы тәлім-тәрбие бергеніміз де ләзім деп ойлаймын.
Сол сапардың бізге, берері мол болды. Ерғали ағаның арқасында ел құрметіне бөленіп қайттық. Табиғат аясында аунап-қунап, күнделікті күйкі тіршілікті бір сәт ұмытып, екінші тынысымыз ашылғандай, өмірге құлшынысымыз арта түскендей болып еді. Ғалым, ғұлама ағаларымыздың айтқан ақылы мен көрсеткен ұлағатынан нәр алып, рухани байи түскендей болдық. 
Әсіресе, ағамен сапарлас болуым өзіме көп пайдасын тигізді. Мен сол тұста еш тапсырыссыз, өз қалауыммен, ешкімге де айтпастан, Ерғали аға туралы эссе-мақала жазуды ойластырып, іштей дайындалып жүргем-ді. Оның болмыс-бітімін тұтастай ашып беруді мақсат етпесем де, тұлға, ғұлама ретінде қалыптасу жолын көрсеткім келген. 
Көрсету үшін де көксеңгір көңілді ағаларым Стақан Белғожаев, Кеңес Үшпаев, Әділ Ахметов, Нұрғали Мамыровтармен Ераға жайлы талай мәрте тілдесіп, парасаттылығы мен арда болмысы, абзал қасиеттері төңірегінде сырлы сұхбат жүргізген едік. Енді, міне, аршын жылдарды артқа тастап барып сол салиқалы сұхбаттың бір үзігі – Стақан Белғожаев ағамның жүрек сөзін тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп отырған жайым бар... Ол:
– «Өлді деуге сенбеймін, сене алмаймын» деп Мұқағали ақын жырлағанындай-ақ, Ерғали бауырымның фәни дүниеден бақи дүниеге өтіп кеткеніне сене алмай, есеңгіреп қалғаным-ай! Қабіріне бір уыс топырақ салып тұрып, өлгеніне көзім жетіп тұрса да, көңілім сенбей, еңіреп қалғаным-ай! Жүрегім мұздап, бауырым езіліп қалғандай күй кештім, қайтейін!
 Ай, аяулы бауырым Ерекем-ай,
Сенсіз қайдан болсын берекем-ай. 
Ардағым-ай, асылым-ай, қимасым-ай,                   қымбаттым-ай! 
Арсалаңдап жүруші едің, ағаңды          тастап, жылаттың-ай!
Жиналған ағайын-туыс, жора-жолдастар мені бүгін «жоқтау айтып отыр» деп ойлап қалуы ықтимал. Олай ойлауға олар да құқылы, қимас досымнан, аяулы інімнен айырылған мен де жоқтау айтуға құқылымын.
Туған бауырымдай, тіпті, туғанымнан артық көруші едім Ерғалиды. Міне, күні кешегіге шейін екеуміз бір ғимаратта отыратынбыз. Бір-бірімізді көрген сайын құшақтасып, амандасып тұратынбыз. Кейде бір мәселелер туралы ақылдасып, сырласып тұратынымыз да бар-ды. Ұсақ-түйектен бастап елдік мәселелерге дейін талқыға саламыз. Ойланамыз, толғанамыз, қуанамыз, шаттанамыз, кейде мұңға да батамыз. Маңдайы жарқырап, көзі күлімдеп, жайшылықта көп сөзге жоқ айналайын ардағымның ағыл-тегіл ақтарыла сөйлейтін сұңғыла сәттері де көз алдымда. 
Ерғалидың сыйластығы күшті болатын. Адамгершілігі мол, соншалықты бауырмал, достыққа адал-тұғын. Аса сезімтал еді ғой, жарықтық. Айтар ойды емеуріннен тани қоятын. Тылсым дүние дейміз бе, не дейміз, әйтеуір, айрықша көп қасиетке ие болатын Ерғали бауырым. Халқымыз әдепті, мінезі жібектей жайсаң жандарды «қыз мінезді» деуші еді ғой. Жүрген жүрісінде, тұрған тұрысында бір бөлек мән, ерекшелік болатын.
Ерғалимен етене таныстығым екі мыңыншы жылдардың басында басталған-ды. Оған дейін сәлеміміз түзу болса да, жерлестік деңгейден, бауырластық ілтипаттан әрі аспапты. Бірте-бірте айтулы қоғамдық шараларға, іргелі істерге арналған басқосуларда жолығысып, арасында өз ой-пікірлерімізбен бөлісе бастадық. 
Ал енді екеумізді етене жақындастырған – «Мойнақ» СЭС-інің жобасы. Бұл жоба – менің басты жобам, өмір бойғы арманым, мақсат-мұратым болатын. Ал Ерекең болса, сарапшы-ғалым ретінде 2005 жылдың наурыз айында Үкіметтен арнайы тапсырма алған-ды.
«Бестөбе» су қоймасы мен «Мойнақ» СЭС-і құрылыстарының сейсмикалық қауіпсіздігін бағалау және қорытынды беру» туралы тапсырманы алғасын Ерекең жауапты іске тыңғылықты түрде кірісіп кетеді. Зерттеумен айналысып, санау, бағалау және қорытынды жұмыстарын екі айдың ішінде бітірген ол қорытындыны белгілі мамандармен бірлесіп талқылағанды жөн көреді. Мәскеуден атақты академик Страховты, Тәжікстаннан академик Негматуллаевты, жапонның әлемге танымал сарапшылары, профессорлар Комияма мен Сатоны шақырады. Сөйтіп, қорытындыны екі күн талқылап, бір түйінге келіп, 17 мамыр күні Үкіметке жібереді. 
Ол кезде бұл ауқымды шаруадан менің хабарым да жоқ еді. 
Мамыр айының соңында Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған мәжіліске қатысып, Ерғали екеуміз бір отырып қалыппыз. Әңгімеден әңгіме шығып, «Мойнақ» СЭС-інің құрылысы туралы тақырыпқа көшіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Ерекеңнің Үкіметтің сұрауымен қорытынды жасап бергенін естігенде, есім шыға, қатты қуанып кеттім. Ай, бір есілгенім-ай! Бала күннен бері көңіліме тоқыған ұлы арманымның орындалуына бір-ақ сәт қалғандай. Асыл арманым анадай жерде қол бұлғап тұрғандай.
Шет-Меркі, Орта-Меркі, Кеңсу-Меркі, 
Көкбұлақ, Жайдақбұлақ – жердің көркі.
Кеңсудың Екіашасы кербез қыздай,
Көктөбе сол кербездің кәмшат бөркі.
Арқырап асау өзен шатқа кірді,
Тау бұзып, тас-талқандап, құмды иірді.
Бұрқырап, ақ көбігін аспанға атып,
Шарыны боп, қойындасып, дүркіреді, – деп құлагер ақын Ілияс айрықша суреттеген ғажап көріністер бала күннен көзіме жатталып қалғанын, студент кезімнен «Мойнақта» су электр стансысын салса», деген ойым өмір бойына асыл арманым боп қалғанын Ерғали бауырыма сыр қылып, жыр қылып айттым. Ол да менің айтып тауыса алмайтын қуанышыма ортақтасып, балаша қуанып отырды. Сөйтіп, Ерекең де «Мойнақ» СЭС-і құрылысының салынуын, уақытында ел игілігіне жарауын тілеуші тілектестердің бірі болып шықты.
Үкімет «Бесмойнақ» су қоймасы мен «Мойнақ» СЭС-інің құрылысын жалғастыру туралы қаулы қабылдағанда, қуанышым қойныма сыймай, «ә», дегеннен Ерғали бауырыммен хабарласып, сүйінші сұрадым. «Оңаша кездесіп, сөйлесейік», – деп бір тілегімнің де бар екенін білдірдім.
– Ой, Ереке, бауырым, көңілім көтеріңкі, ісім оңға басып тұр, – дедім мен сол кездесуде, желпіне сөйлеп. – Тәңір қолдап, үлкен істі бітіріп, халыққа бір қуаныш әкелсек, бақыт деген сол емес пе?!
– Дұрыс айтасыз, Сәке, «Ең бірінші бақытым – Халқым менің, соған берем ойымның алтын кенін» деп Мұқағали ағамыз жырлағандай, халыққа қуаныш сыйласақ, бақыт деген сол әманда, – деп құптады ол, менен кем қуанбай.
Осы сәттен кейін  негізгі әңгімеме көштім.
– Ереке, енді сізден сұрайтын бұйымтайым болып тұр. Қалай қарайсыз?
– Сәке, айтыңыз. Қолымнан келсе, орындаймын, артық айтып, бөсе де қоймаспын, – деп күлді ол.
– Ендеше, мен сізден мынадай үш сұрақтың дұрыс шешім табуына атсалысуыңызды өтінемін. Біріншіден, биылдан бастап «Мойнақ» СЭС-інің жобасы бірнеше қоғамдық талқылаудан өтеді. Оған, әрине, «жасылдар» мен журналистер қатысады. Оларды мен жау көріп отырғаным жоқ. Өйткені, олардың ниеті дұрыс та ғой: халыққа уақытылы ақпарат беріп отыру керек. Ең бастысы, оларды бос даурықтырмай, табиғи апаттардың құрылысқа әсері туралы сұрақтарына ғылыми түрде байыптап түсініктеме беру керек. Осы жағынан көмектессеңіз. 
Екіншіден, Шарын өзенінің бөгеттен жоғарғы жағын және «Бесмойнақ» су қоймасы толған кезде қай жерлерді су басатынын, оның тереңдігін анықтап, ғарыштан алынатын ақпаратты қолданып, үш өлшемдік 3D компьютерлік үлгісін жасап берсеңіз. Қазіргі кездің өзінде Жер беті тынымсыз қозғалыста екенін өзіңіз айтып отырсыз ғой. Сол қозғалыстың су электр стансысы салынатын жердегі мөлшерін анықтап, оның бөгетке, су қоймасының жағасына әсерін түсіндіре кетсеңіз. 
Үшіншіден, өзіңіз қауіпті табиғи апаттар және су қоймасының қоршаған ортаға әсері туралы ақпаратты әр кез қоғамға шынайы түрде беріп тұру керек дейсіз. Сол үшін бақылау және болжау жүйесін жасаудың тұжырымдамасы мен бағдарламасын жасап берсеңіз. Бұйымтайым осы, Ереке, – деп оның қашанда сабырлы жүзіне қарадым.
– Сәке, оның жарасы жеңіл екен. Өзім илеп жүрген терінің пұшпағы ғой, келістік, – деп күлімдеп, иығымнан сипады.
Көңілім одан бетер көтеріліп, таяу арадағы жоспарымды айтып, ақтарыла жөнелдім.
– Ереке, бауырым, мен ел жаққа барып, Шарын өзенінің Ілеге құятын төменгі тармағынан бастап жоғарылап, Мойнақ асып, Үш Меркіні, Қарқара мен Кеген өзендерінің бастауларына дейін аралап, табиғатпен бір сырласып қайтпақпын, – деп едім:
– «Өзен жағалаған сушы болады» дегендей, өзіңіздің сушы болатыныңызды біліп тұр екенсіз, Сәке. Су қоймасын салып, оны суға толтырып, реттеп отырсаңыз, су астында қалатын жерлерді біліп, халыққа дұрыс түсіндіріп отырсаңыз, сушы болғаныңыз дұрыс та, – деді сөзін салмақтап.
Осы әңгімеден кейін-ақ көп ұзамай, Ерекең үш өлшемдік 3D-үлгіні, тұжырымдама мен бағдарламаны қолыма әкеп тапсырды. Алғысымды білдіріп едім: «Сәке, мен емес, елдің рахметіне сіз бөленіңіз», – деп жымиды.
Бір ғажабы, Ерекең ештеңені ұмытпайтын, жады күшті еді. Қызмет бабымен жүріп, біраз уақыт хабарласпай қалсақ, соңғы әңгімемізді бүге-шүгесіне дейін еске түсіріп, сондағы айтылған жайлардың нәтижесін шын көңілімен сұрастырып отыратын. Әлгі әңгімеден кейін 2006 жылдың сәуір айында ғана шүйіркелесіп, пікірлесудің сәті түскен еді. Сонда ол соңғы сапарым туралы сұрап, мән-жайына қанығуға құштарлық танытты.
Бірде ол маған: «Сәке, сіз Толағай екенсіз ғой», – деді. «Е, оны қайдан біліп қойдыңыз?» – деп сұрадым сасқанымнан. «Ұлпан жеңгем айтты», – деді күлім қағып. «Оны да біліп қойдыңыз ба?» – деп әлдебір құпиям ашылып қалғандай, күліп сала бердім.
Несін жасырайын, әйелімнің аты Назгүл болғанмен, «Ұлпан» деп еркелетемін ғой. Жұрттың көзінше айтпасам да, Ерғали бауырым екеуміз отбасымызбен бірге араласып тұрғасын естісе керек. Сөйтіп, бірде Назгүлге оңашада: «Ағамыз сізді «Ұлпан» деп еркелететін көрінеді. Сіз де Сәкеңе балама ат таңдап алмайсыз ба?», – деген ғой. Назгүл де ойында ештеңе жоқ: «Ағаңыз – нағыз Толағай, бұрыннан солай», – депті сырын ашып. Ерекең: «Иә, рас, нағыз Толағай, арқалы, текті азамат қой ағамыз», – депті жеңгесінің жауабына көңілі толып.
– Сәке, – деді сосын Ерғали бауырым, сөзін жалғап. – Сіздің қазір ұлыңызды ұяға, қызыңызды қияға қондырып, кемелденген кезіңіз ғой. Назгүл жеңгеймен – сүйікті Ұлпаныңызбен рахаттанып, мамыражай өмір сүретін кезеңіңіз. Өздеріңіз оңашада тұрып жатырсыздар, міне. Әй, бірақ, бала-шаға, немерелер, ағайын-туыс, құдалар, дос-жарандар, қала берді, бүкіл албандар тыныштық бере қоймас, иә? Бұл өмір, Сәке! Сізге жарасымды өмір. Сізге мазасыз өмір, тынымсыз тіршілік жарасатындай. Өйткені, сіз істің адамысыз. Ісі берекелі адамсыз! Асқар тауларды көтеретін алып Толағайсыз!
Осыны айтып ол мені құшағына алып қысқанда, айтар сөзім тілімнің ұшында тұрса да, үн шығара алмай, қатты тебіреніп кеттім. Бірақ, айтқанда не, өз сөзін өзіне қайталап берер едім.
Ерекең кісінің қас-қабағына қарап, жан дүниесін терең ұғынатын психолог еді ғой, шіркін! Кейде бір жабырқаған шақтарыңды байқай қойып, бірауыз жылы сөзімен, жарасымды әзілімен көңіліңді жазып жіберетін.
Кәрі-жаспен бірдей сөйлесіп, бәрінің көңілін таба білуші еді. Жастармен қарым-қатынас жасағанда, өзінің теңімен сөйлескендей сөйлесетін. Үлкен-кішіге бірдей «Сіз», деуші еді ғой, жарықтық! Онысының өзі бір тәлім-тәрбие екен ғой, байқап отырсақ. Біз құрылысшы болғасын кейде ардың-күрдің сөйлей береміз ғой, жалпақ тілге салып. Ал өзіңізден жасы үлкен кісі сізге «Сіз», деп кішіпейілдік танытып тұрса, еріксіз аяғыңызды кері тартып тұрмайсыз ба? Міне, жекебастың тәрбиесінің күші деген қандай?!
Ерекеңді  жасы кіші болса да, үлкен кісі тұттым. «Сіз», деп сөйлестік өзара. Бұл – жасанды сыйластық емес, шынайылықтың белгісі. «Сыйға – сый, сыраға – бал», дегендік емес, Ерекеңнің ғұламалығы, даналығы мені тәнті етті. Болмыс-бітімі бөлек, данышпан Абай айтқандай, толыққанды адам, кемеліне келген кемеңгер болатын Ерекең. Жаның жәннәтта болғыр, іні-досым!
Ал, енді, Абай атамыз жырлағандай:
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын, – деп сөз кезегін басқаларға да берейін.
– Бақұл бол, Ерғали бауырым! – деп тебіренген еді-ау...
 
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ