Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1390
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Міне, мектеп түлектері үшін мамандық таңдау маусымы да келіп жетті. Алып-ұшқан асқақ арман әр салаға жол бастары анық. Маңыздысы, өмірлік азығына айналып, шын ниетпен тер төгетін мамандықты дұрыс таңдай білу. Бүгінгі шағын және орта бизнестің өркен жайып тұрған уақытында қоғамымызда жұмысшы мамандықтарына сұраныс артқан.

Саңырауқұлақтай қаптаған мейрамханаға аспаз, құрылысқа газэлектр дәнекерлеуші, көз сүріндіретін көлікті жөндейтін автослесарь, киім бүтіндейтін тігінші, электромонтер, компьютерді жабдықтаушы сынды мамандық иелерінің жұмыссыз қалып, қол қусырып отыруына себеп жоқ. Ал аталған мамандықты таңдаған жастарды оқытып, шеберлікке шыңдауға Талғар политехникалық колледжінің материалдық-техникалық оқыту базасында жан-жақты жағдай жасалғандығы туралы білім шаңырағында өткен «Ашық есік» күнінде айрықша аталды. Шара барысында аталған 6 мамандық бойынша білім беретін колледжде көрме ұйымдастырылып, Талғар қаласындағы мектептерден келген жоғары сынып оқушылары мол мағлұмат алды.
Сексен жылдан асқан тарихы бар оқу орнынан сан маман түлеп ұшып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқандары аз емес. Қазірдің өзінде студент жастардың арасында асханаға икемі бары мейрамхана, кафелерде қосымша жұмыс істеп, табыс табуға бейімделген. Тәжірибе жинақтай келе, олардың өз кәсіптерін ашып, дөңгелентіп әкетудің де мүмкіндіктері жетіп-артылады. Ең бастысы, аталған мамандықтың қай-қайсысы да адамның жеке өміріне, тұрмыс-тіршілігіне тигізетін пайдасы ұшан-теңіз екендігін салтанатты шарада Талғар политехникалық колледжінің директоры Райхан Садықова айтты.
– Елбасымыз жұмысшы мамандарға айрықша қолдау көрсетуде. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны артқан. Бұл сіздердің орта білімнен соң жоғары оқу орындарына түсулеріңізге жол ашады. Сол себепті, көңіл қалаған мамандыққа дұрыс таңдау жасағандарыңыз абзал, – деген Райхан Нұрмырзақызы жас түлектерге сәт сапар тіледі.
– Біздің студенттер екі жылдан бері дуалды оқыту әдісіне көшкен. Бұл дегеніміз, білімді өндірістік іс-тәжірибемен ұштастыра жүргізу. Осы мақсатта Талғардағы ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасалған. Атақты «Глазман», «Тексти Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде тігіншілер, ал  «Алатау Жарық» компаниясының Талғар бөлімшесінде электр мамандығын меңгерушілер, сондай-ақ, мейрамханаларда аспаздар мен техника жөндеу орталықтарында автослесарь мамандары тәжірибе жинақтап, колледжден соң әріптестік-серіктестік мекемелерде жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасалуда, – деді директордың кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Ермек Мамриев.
Жастарға тігіннен Татьяна Сторовойтова, аспаздан Алма Мұсалимова, газэлектр дәнекерлеуден Уәли Әбдиев, электромонтерден Әнуар Халықов, компьютер құрылғыларын жабдықтаудан Қойшыбай Қарымбаев сынды ұзақ жыл ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар дәріс беретіндігін атау орынды.
Аталған колледжде осы күні 633 бала оқыса, олардың 232-сі биылғы оқу жылында диплом алып, болашаққа қанат қағады.

Ұлбосын ИСАБЕК,
“Жетісу”

Талғар ауданы