Бақыт күні тойланды

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1342
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласында  Халықаралық  балаларды қорғау күніне арналған  мерекелік шеру өтті. Оған балалар мен жастардың  музыкалық оркестрлері және ансамбльдері қатысты.  Оқушылар сарайынан басталған шеру Қонаев және Балапанов көшелерінде жалғасты.  Барлығы 5 мыңға тарта шеруші «Жастар» саябағына сап түзеп барды.

Саябаққа қала тұрғындары көп жиналыпты. Салтанатты шара басталысымен  бағдарлама  жүргізушісі барша жұртшылықты  Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан, халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ.  Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы» – деген еді. Бүгінгі ұл-қыздардың бақытты өмірі – осы  «Мәңгілік Ел» идеясын іске асырып жатқандығымыздың айғағы. 
Шеруде Қанабек Байсейітов атындағы музыка колледжі, көркем сурет мектебі, өнер мектебі, Нұрғиса Тілендиев атындағы музыка мектебі,  «Наш мир» аулалық клубы және басқа композициялық құрылымдар өнерлерін паш етті.  Тұрғындар мен балаларды құттықтау үшін  мінбеге Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев көтерілді.  
– Балаларды қорғау күні – ерекше мереке. Біздің елімізде жеткіншектердің білім алуына,  шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған.  Соңғы он шақты жылда бала туу  көрсеткіші артып келеді. Демографиялық ахуал жақсаруда. Бүгінгі мерекеде қала тұрғындары мен қонақтарына және балаларға ашық аспан,  бейбіт өмір тілеймін, – деді шаһар басшысы.  Келесі құттықтау сөзді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл  Сүлейменова алды.  «Құрметті  балалар мен ата-аналар, баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Сондай-ақ, бүлдіршіннің бойындағы мүмкіндіктерді ашу.  Облысымыздың қалалары мен аудандарында бүгін 30 мың бала осындай мерекелік шеруге қатысты.  Жаз маусымының алғашқы күні балалардың күлкісіндей шуақ шашып, мерекенің сәтті өтуіне көмегін тигізіп тұр. Балалық шақтарыңыз бақытқа толсын, арман-тілектеріңіз орындалсын», – деді Жаңыл Мағданқызы. Мереке көрігі одан ары  ән-бимен қыза түсті. 
Кезек Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаушыларға берілді.  Алаңда  бірдей киінген  40 бала сап түзеді. Осы кезде  салтанатты шараны тамашалауға келгендер  кеуделерін тіктеп, алақандарын жүрек тұсына қойды. Мемлекеттік Гимн барлығына қадірлі, қасиетті!  Гимн ойналғанда кеудені мақтаныш кернейді. Бәрінің ойы бір жерге тоғысып, бақытты елде өмір сүріп жатқандарына іштей шүкірлік етті.  Концерттік бағдарлама «Мен жұлдызбын»  студиясының «Елім» әнімен аяқталды.  Бақытты елінің ұландары алаңды ән-жырға бөледі. Мейірімге бөленген ұл-қыздар туған елінің даласын шат күлкі және ән-жырмен  нұрландырды.

Гүлжан ТҰРСЫН,
“Жетісу”