Асқақ рухқа тағзым

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1227
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұрпақтардың зердесін,
Өшіре алмас ғасырлар.
Әрқашанда елдесің,
Ұмытылмас асылдар, – деп тасқа басылған таңбадай  жазылған жыр жолдары аяусыз атылған арыстар рухына арналған.

Жаңалықта бой көтерген мемориал кешенінде озбыр саясаттың құрбаны болған 4,5 мың адам жерленген. Тарихшылар дерегіне жүгінсек, 1929 жылдан бастап 1953 жылға дейін Кеңес одағында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшырапты. Саяси репрессиядан, ашаршылықтан елімізде 4 жарым миллионға жуық адам зардап шеккен. Олардың ішінде 25 мыңға жуық адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілген. Халқымыздың аяулы перзенттері Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов және басқа да мыңдаған жандардың өмірі осы жылдары қиылды.
Халқымызды қынадай қырған зобалаң жылдардың ащы тарихына ой жүгіртіп, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске алу мақсатында жыл сайын Жаңалықта өтетін қаралы митингке облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған зиялы қауым өкілдері мен Алаш арыстарының ұрпақтары, аудан жұртшылығы қатысты.
– Халқы үшін жанын қиған  ардақты арыстарымызды әрдайым еске аламыз. Жаппай Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де тоқтамауы тиіс. Біз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазықсыз құрбан болған бабалардың биік рухына арнап Жаңалық ауылында музей салуды ұйғарып, биыл құрылысын бастадық. Музейдің жалпы алаңы 535 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 288 миллион теңге қаржы бөлдік, – деген облыс әкімі ұлтқа өлшеусіз қызмет етіп, басын бәйгеге тіккен боздақтарды қастерлеп, жүріп өткен жолдарын болашаққа жеткізу – басты парыз екенін ерекше атады.
Өз сөзін:
– Осы күнге жеткенше қазақ басынан талай тарихты өткізді. Кешегі патшалық Ресей қазақтың жерін алу үшін ұзақ уақытқа жоспар жасаса, большевиктер жеңіске жетісімен бірден қырғидай тиді, – деп бастаған республикалық Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы тарихтың тағы бір көзі болар жаңа музейдің бой көтеруіне ықпал етіп отырған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына айрықша алғыс білдірді. – Кезең-кезеңімен айтсақ, 1918-1921 жылғы Азамат соғысы, 1921 жылғы ашаршылық, 1925 жылғы дін қызметкерлерін қудалау, 1928 жылдан бастап Алаш қайраткерлерін соттау істері ешкімге де оңай тиген жоқ. 1929 жылғы Голощекиннің «кіші октябрі», 1931-1933 жылғы ашаршылық, 1937-1938 жылғы «халық жауын әшкерелейміз» деген қанды қасап, 1941-1945 жылғы соғыс, соғыстан кейін саяси репрессияның екінші кезең, 1954 жылғы тың көтеру  қазаққа аз зардабын әкелген жоқ. Соның кесірінен 1959 жылғы санақ бойынша қазақтар өз жерінде 29,4-ақ пайыз боп қалған. Сөйтіп барып, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоғалта бастадық. Осылайша қызыл империяның озбыр саясаты қазақтың сағын сындырдық деген болуы керек, бірақ қазақтың сағы жасығанмен сынған жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі соның куәсі. Сондықтан бұл Желтоқсан көтерілісіндегі қазақ жастарының бас көтеруі кеңестер одағының тарауына ерекше ықпал етті деп білемін. Енді бүгін тәуелсіз ел болған кезде сол тарихты білу  адамгершілік жолдан айнымай, еңбек ету үшін керек.
Одан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Ілиясұлы әке рухына арнаған жырын оқыса, республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес Жаңалықтан ашылатын жаңа музейді ел тарихындағы үлкен оқиға деп бағалай келіп, киелі жерді құрметтеуге атсалысып жүрген облыс әкімі мен талғарлық тұрғындарға алғысын білдірді.
Айта кету керек, жаңа музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, Жаңалыққа жерленген Саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып, жазылады. Бұл еліміздің аумағында саяси репрессия құрбандарына арналған ең ірі үшінші музей болмақ. Жанарға жас тұндырған қаралы митинг соңынан Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арнап Құран бағышталды. Еңселі ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бабалар рухына тағзым етілді.
Жаңалық ауылы,
Талғар ауданы