Жол құрылысы басталды

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 1282
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы – Қорғас күрежол бойындағы Панфилов ауылы аумағында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы құрылысының басталуына орай салтанатты жиын өтті. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар МАМИН, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ және осы құрылысты жасайтын шетелдік компаниялардың басшылары қатысты.

Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайды. Ол облыстың  Қарасай, Іле, Талғар аудандары аумағынан өтеді. Бұл іске дайындық тыңғылықты қолға алынған. Аумақтағы 721 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жер иелерінің талап-тілектері толық қанағаттандырылды.
Бұл жұмыстарды «Alarko-Makyol-SK-Korea Express Way» түрік-корей консорциумы жүзеге асырмақ. Жобаның инвестициялық құны 180 миллиард теңгені құрайды. Алты жолақты болып, әлемдік талаптың «1А» стандартына сай жасалатын Үлкен Алматы айналма автокөлік жолында қосымша өткелдер мен көпірлер, суағарлар мен басқа да қажетті құрылымдар салынады. 
Құрылыс материалдарының басым бөлігі жергілікті жерде, облыс аумағында өндіріледі. Инвесторлар Еңбекшіқазақ, Жамбыл ауданы өңірлеріндегі жер қыртыстарын мұқият зерттеген. Нәтижесінде мұндағы құм мен тастың құрамы әлемдік жол құрылыстарының талаптарына сәйкес келетіні анықталған. Бұл да кәсіпкерлер үшін таптырмайтын мүмкіндік болды. 
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары жиналған көпшілікті жұмыстың  басталуымен құттықтады.
– Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып отыр. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану аясындағы инфрақұрылымдарды дамытудың алғашқы ірі жобасы. Бүгін соның басталуына куә болып отырсыздар. Істеріңізге сәт-          тілік тілеймін, – деді Асқар Ұзақбайұлы.
Қазіргі таңда Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі ойдағыдай жұмыс істеп жатқаны баршаға аян. Жол – ел экономикасының күретамыры. Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы осындай қырларымен ерекшеленеді. Біріншіден, транзиттік көліктер Алматының ішін аралап қиындықтар туғызбайды. Екіншіден, олар жүріс жылдамдықтарын бірқалыпты сақтайды. Үшіншіден, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, алып мегаполистің экологиялық тазалығына да оң әсерін тигізеді.  
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов автожол құрылысында 3000-ға жуық жергілікті тұрғындардың еңбек ететінін атап көрсетті. Ал жоба толық аяқталған соң  2000-дай адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
– Бұл жобаның арқасында шағын және орта бизнестің өркендеуіне мол мүмкіндіктер туады. Күрежол маңындағы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында туристік кластерлер дамиды. Соның нәтижесінде облысқа 200 миллиард теңге инвестиция тартылады деп отырмыз. Сондықтан, бұл жұмыстардың сапалы әрі қарқынды жүруіне біз де мүдделіміз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Бүгінгі таңда қалада 550 мың автокөлік тіркелген. Оған қоса 250 мың автокөлік сырттан қатынайды. Оның 15 пайызы транзиттік көліктер. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев осындай деректерді алға тарта отырып, қолға алынған игі істің алматылықтарға мол пайда әкелетінін айтты.  Бұдан кейін сөз алған шетелдік құрылыс компанияларының басшылары  өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып, істің дер кезінде аяқталатынын тілге тиек етті.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин,  ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі Амандық Баталов және шетелдік іскер топ өкілдері арнаулы түймешені басты. Сөйтіп, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының алғашқы жұмыс күні басталды.

Болат МӘЖИТ,
“Жетісу”