Білікті мамандар қажет

Уақыты: 01.06.2018
Оқылды: 974
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Американы Форд мырза бастаған автомобиль өнеркәсібі көтерсе, бізді тұрғын үй құрылысы мен ауылшаруашылығы көтереді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты. 

Кеңес күн тәртібінде екі мәселені қарады. Оның алғашқысы – Қазақстанның одан әрі жүйелі жаңғыру мәселесі болса, екіншісі, Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының қалай жүзеге асырылып жатқаны жайында әңгіме қозғалды. 
Әуелі алғашқы мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев баяндама жасап, аталған бағыттағы істеліп жатқан нақты жұмыстарға тоқталып өтті. Өз кезегінде Елбасы цифрландыруды білім саласымен қатар  барша экономикада қамту керектігін қадап айтты. Әрі Мәулен Сағатханұлының баяндауындағы партияның цифрлық саладағы жұмыстарын тыңдаған Мемлекет басшысы:
– Біз барша Қазақстанды бұл идеяға назар аудартуымыз керек. «Бұның барлығы бекерге айтылып тұрған жоқ, іске асыратын мезгіл жетті», – деді. Сонымен бірге, Президент бұл саланы ілгерілетуге, жобаларды әзірлеуге қауқарлы талантты адамдарды анықтап, іріктеуге назар аудару қажеттігін тапсырды. 
Жиында кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнесті өркендету мәселесі де қадағаланды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тұрақтылығының өзі бизнеске байланысты екенін атап өтті. Соған байланысты елді, оның ішінде қазақты кәсіпкерлікке үйрету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылғанын, бүгінде мемлекет бизнесті дамытып, оған жан-жақты жағдай жасап келе жатқанын жеткізді.
– Біз қазір ішкі жалпы өнімнің жартысын іс адамдары  әкелсін деп отырмыз. Ал соған жетсек, мемлекет тұрақты болады. Талай айтып жүрмін. Дүниедегі төртінші экономика Германия ІЖӨ-нің 90 пайызын шағын және орта бизнес береді. АҚШ-тың 70-80 пайызын шағын және орта бизнес береді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 
Жиында мамандық мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда ҚР Президенті көп мамандықты игеру заман талабы  екенін, өкінішке орай елімізде білікті мамандардың жоқтығын да тілге тиек етті. 
– Мәселе жұмыс орнында емес, маманда. Егер де сен кірпіш қалай алмасаң, құрылысқа барып қалай жұмыс істейсің? Машина жүргізе алмасаң, қалай рөлге отырасың?  Бүгінгі мәселе жұмыссыздықта емес, мамандықтың жоқтығында, – деді ол. 
Бұдан әрі бас партия жетекшісі  білікті мамандар даярлауда жергілікті жерлерді де назарға алу керектігін тапсырды. Сонымен бірге, ол күні кеше мектеп бітірген 148 мың баланың тағдырына тоқталып: «Мүмкін баяғыдай мектептің жоғары сыныптарын еңбекке баулу керек шығар. Ауылдарда ауылшаруашылығы техникасына, қалаларда басқа мамандықтарға. Сол жағын ойлас-         тыруымыз қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 
Отырыста күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерліктегі онлайн сервистің артықшылығын атап өтсе,  «Ыбырай» жас бағдарламашылар лигасы» ҚҚ-нің жетекшісі  Азиза Шөжеева ІТ саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің проректоры Шолпан Жаманбалаева университеттегі Рухани жаңғыру аясында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып  өтті. 
Жиындағы екінші мәселеде бес әлеуметтік бастама назарға алынды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев баяндама жасап, аталмыш бағыт бойынша үкіметтік деңгейде атқарылып жатқан істерді сараптап өтті. 
Баяндамашыны мұқият тыңдаған Елбасы аталған бағыт аясында қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы жайына арнайы тоқталып,  бұл бағдарламаны пәтерсіз жүргендерге арналып отырғанын, сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет екенін атап өтті. Әрі барлық партия мүшелері мен әкімдерге бағдарлама аясында тиісті шараларды бақылауға алып, қажетті жұмыстарды лайықты деңгейде іске асыруы тиіс екенін ескертті. 
Осы ретте, Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда қоғамдық бақылау қолға алынғанын айтса, «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Илья Теренченко саяси ұйымның өңірде атқарған нақты істерін баяндап өтті. 
Саяси кеңесте облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов те сөз алып, бас партия жетекшілігімен өңірде атқарылып жатқан істерге назар аудартты. Соның ішінде халықты баспанамен қамтудағы облыстың жеткен жетістігін тарқатып берді. 
Жиын соңында Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының аталған бағыттар аясында атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, әлі де болса аянбай тер төгудің, ел игілігі үшін жұмыс істеудің қажеттігін тапсырды. 

Қозыбай ҚҰРМАН,
“Жетісу”