Елтаңба авторымен кездесті

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1773
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Бүгінгі таңда Қазақстан дамыған елдердің арасында иық тірестіріп күн кешіп, өзінің бағыт-бағдарын айқындаған, мақсат-міндеті белгілі егеменді елге айналды. Рәміздері түгел. Оның әр бөлшегі бір тарих». Бұл сөзді Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков Талдықорғандағы Оқушылар сарайында өткен кездесуде айтты. 

Шара Рәміздер күніне орай ұйымдастырылды. Кездесу Талдықорған  әскери гарнизонынан жасақталған арнайы оркестрдің сүйемелдеуімен басталды. Арнайы қонақ пен ұйымдастырушылар алқасының жетекшісі мінберге көтерілді. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде Ғалиасқар Төлендіұлы «Рәміздер – біздің басты құндылығымыз. Әлем  елдерінің арасынан ерекшеленіп тұратын Туымыз бен Елтаңбамыз талай тарихтан сыр шертеді. Құрмет ерекше. Сондықтан да бүгінгі шараны кең көлемде өткізіп отырмыз. Жастардың жадына патриоттық сезімді ұялатуда осындай кездесулердің, пікір алмасулардың алар орны ерек. Келешекте рәміздерімізді абыроймен алып жүру – жастарымызға артылған үлкен міндет. Сондықтан, тарихты құрметтеуді бүгіннен бастағанымыз жөн», – деді. 
Артынша кездесуге арнайы келген Елтаңбаның авторына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Мінбердегі кезегі келген «Құрмет» орденінің иегері, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы: 
– Рәміздер күнінде өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын.  Жетісу жері жалпы тарихтан белгілі. Бұл жерде қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалар шыққан. Ақын Мұқағали Мақатаев, сазгер Мұқан Төлебаев сынды қазақтың біртуар азаматтарымен ерек, – деп сөзін бастады. 
– Елтаңбаны алғаш жасап алып келгенімде Елбасы көріп, бір нәрсенің жетіспей тұрғандығын айтты. Және оны соңында өзі қойды. Қояр алдында: «Біз тәуелсіз елміз. Қазақ үнемі айтып жүреді әр елдің, әр адамның жол бастаушы, бағыттаушы бір жұлдызы болады деп. Сондықтан да осы бір бес бұрышты жұлдызды Елтаңбаның тұп-тура ортасына қояйық», – деді. Осы уақыт аралығында шынында да Қазақстан өзінің жолын тапты. Әлемдік аренада өзінің атақ-беделі бар. 
Кездесу соңы этнофольклорлық «Талдықорған әуендері» ансамблінің, балалардан құрылған «Melody kids» ұжымының және де облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның керемет кешіне ұласты. 

Қали АСҚАР