ЖЕМІСТІ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 1009
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасында жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен ресми кездесу рәсімінен кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

 

   Бұл туралы мәлімет таратқан «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің айтуынша, кіріспе сөзінде Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірген Елбасы қос ел басшылары арасындағы әр кездесудің жылы қабылдаулар дәстүрімен ерекшеленетінін жеткізді.
– Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деген Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанын, 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан – Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. – Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екіжақты 127 құжатқа қол қойдық. Осы диалогті жалғастыруымыз қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екіжақты қатынасымызды ілгерілетуге қажетті біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар.
   Бұдан соң мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады.
   Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өз кезегінде тату көршіліктің үлгісіне айналған екіжақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті. Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.
   Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
   Биылғы 5-20 наурыз күндері Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің төрағасы Си Цзиньпиннің төрағалығымен өткен 13-ші шақырылымдағы жалпықытайлық халық өкілдері жиналысының        1-сессиясында мемлекет басшыларының жаңа құрамы сайланып, ҚХР Мемлекеттік кеңесі және ЖХӨЖ Тұрақты комитетінің, Жоғарғы сот пен Жоғарғы халықтық прокуратураның жылдық есептері тыңдалған болатын. Осы жиында қабылданған Мемлекеттік кеңесін жаңғырту жоспары бойынша ҚХР үкіметінде 26 министрлік пен комитеттер құрылған-ды. Олардың қатарында Табиғи ресурстар, Ардагерлер ісі жөніндегі, Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі, Мәдениет және туризм, Экологиялық орта министрліктері бар. Осы құрылымдардың бірқатарының басшылары Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты құжаттарға бірлесе қол қою рәсіміне қатысты. Алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Бұдан кейін ядролық материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау жөніндегі Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісімге, сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қытайдың жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісімге, Қазақстан мен Қытай қаржы министрліктерінің арасындағы түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында индустрияландыру және инвестициялар, оның тетіктерін құруға байланысты бірлескен жобалардың тізімін бекіту туралы және өндірістік қуатты арттыру мен инвестициялар бойынша ынтымақтастық жоспарын бірлесе әзірлеу туралы меморандумға, Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі мен Қытайдың Сауда министрлігі арасындағы электронды сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға, Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасында Қазақстаннан Қытайға экспортталатын жоңышқа шөбіне санитарлық және фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды.
   Бұдан соң Қытай Төрағасының ресми қабылдауында болған Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы – Қытай композиторы Сянь Синхайдың (1905-1945) шиеленіске толы ғұмыры бейнеленген «Композитор» фильмінің трейлерін тамашалады. Қазақстан мен Қытай кино өндірісі саласындағы тырнақалды жоба саналатын көркем фильмді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» және «China Film Coproduction Corporation» компаниялары бірлесіп түсірген.
Мемлекет басшысы сапарының екінші күнінде Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың іскер топтар өкілдерімен жүздесті. 
   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 9-10 маусым күндері Қытайдың Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады.

М. ӘСЕТҰЛЫ