ЖАҚЫНЫҢА ЖАТТЫҢ ГҮЛІН СЫЙЛАМА

Уақыты: 10.06.2018
Оқылды: 1298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Бозбала қалтасына қол салғаннан-ақ саса бастады. Қауыз жарған қарғалдақты қарызға алғанға көне қояр саудагердің түрі жоқ. Оған қоса қасындағы бойжеткеннен ыңғайсыз. Жалынатындай жағдайда емес. «Кішкене бағасын түсірсеңізші» – дейді әуеніне төңкеріліп. Бес тал гүлдің осыншама қымбат боларын басында-ақ ойласашы. Ақшасын үнемдер ме еді? Қасындағы серігі міз бағар емес, қалауын айтып қойған-ды. Түйсінеді ғой, түйсінсе де сынап бағуда. Саудагер де сыр алдырар емес. «Бүгін мейрам, гүл сізсіз де жақсы өтеді» дегендей, қабақ шытады. Қап, қайтпек керек?!

 

   Иә, гүл – әуелден сұранысқа ие сапалы дүние. Кәсіпке айналдырсан – табыстың көзі. Оны сатып ақшаға белшеден батуға болатынын бірде ҚР мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Ерлан Ершин де айтып қалды.
– Биыл шетелден тасымалданатын раушан гүлдердің саны былтырғыдан 17 пайызға артты. Негізінен Эквадордан келеді. Ал көпшілік сұрайтын Голландия раушандары жалпы импорттың  5-тен 1-ін ғана құрайды, – деді  журналистерге берген сұхбатында.  
   Комитет таратқан ақпаратқа сай ай сайын елімізге жалпы құны 2,5 миллион АҚШ доллары шамасындағы гүл жеткізіледі. Ал мереке күндері бұл көрсеткіш екі есе артатын көрінеді. Мәселен, осы жылдың наурыз айында ғана Қазақстанға тасымалданған гүлдердің бағасы 5 миллион доллардан асыпты.  Естіп отырып саныңды соғасың. Егіншілікті ермек еткен ата-бабамыздың осыған келгенде орашолақ болғаны несі?! Әлде, бүгінгінің адамдары еріншектігінің кесірі ме? Айналамыздан гүлзар бақтың қарасы көрінбейді. Өкініштісі сол. Амал қанша, ойлайсың да қоясың.
Осы орайда шынында да көкейде «Қазақстанда гүл бизнесі қалай қанат жаюда» деген заңды сұрақ пайда болады. Қарасақ, гүл кәсібінің де гүлденіп тұрғаны шамалы секілді. Мұнда да сол анадан алып, мынаған сату кең етек жайған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, елiмiз жыл сайын              16 млн. доллардың гүлiн сырттан тасып әкеледі екен, яғни бұл нарықтағы гүлдердің 90 пайызы деген сөз. Мысалы, биылғы қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Астанаға шетелден 16 мың тонна гүл әкелiніпті. Осылайша біз Израильдің, Германияның, Голландияның, Австрияның гүл өсірушілерін қырғын ақшаның астында қалдырған екенбіз.
Бір кездері қырмызы қызғалдақтың отаны болған Қазақстанның гүл саласындағы «жетістігі» әзірге осал болып тұр. Ал өзіміздің елде гүл шаруашылығын дамытуға неге ден қоймасқа? Мұхиттың арғы жағында өсетін гүлдерге мойнымызды созғанша, мұрнымыздың астында жатқан жерлерге жылыжай салып неге гүл өсіріп, пайда таппасқа? Өкінішке орай, бұл саланы дамытуға, қолдауға біздегі қалталы азаматтардың ықыласы да, ниеті де жоқ екенін байқаймыз.
   Шетелден келген қонақтар алдымен еліміздің табиғатына назар аударады емес пе? Айналаның ажарын ашатын, әрине, гүл. Бірақ елімізде осы гүл шаруашылығына көптеп көңіл бөлінбейтіні тағы да рас. Мәселен, Қытайда 25 мыңнан астам гүл өсірумен айналысатын шаруашылық бар екен. Бұл бизнес түрінің көрігін қыздырып жүрген кәсіпкерлердің саны 1,5 миллионнан да асып жығылады. Ал одан түскен пайданың қазына қаржысын қомақтыландырып жатқаны сөзсіз. Бізге әзірге тау асып, теңіз басып келген гүлдерді көз қуаныш қылып тұра тұруға тура келетін сықылды. Бұл саланың тамырына су жүгіртіп, бойына жан бітіру үшін әлі де талай жыл қажет сияқты. Кез келген қуанышымыздың ажарын ашатын осы гүл атаулының шеттен әкелінетіндерінің мұрын жаратын жұпар иісі де жоқ екенін байқадыңыз ба? Тек гүл орамасының дизайнының әдемілігі болмаса. Әрі бағасы да удай. Кәрзеңкелі гүлдер тіптен қымбат. Қуаныш иесін қуанту үшін сатып алуға мәжбүрсіз. Солардың арасынан қазақстандықпын деп тұрғанын таппайсыз. Болса да некен саяқ. Қазақстанда өсірілген гүлдердің бойы 40 сантиметр. Импорт тауары бойшаңырақ, 60-80 сантиметрден болады. Бірақ біздің гүлдер ұзағырақ сақталады әрі иісі де табиғи болып келеді...
   Бір ғана мысал келтіретін болсақ, осыдан бірнеше жыл ауылдың бір қалталы азаматы гүл өсіретін жылыжай кешенін салатынын мәлімдеген болатын. Бізде сол топырақтың түлегі болған соң іштей марқайып қалдық. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі кәсіпкер ағамыз ойынан айнып қалыпты. Неге десеңіз, үкіметтен қолдау таппаған. Қаржы жағынан да қысылса керек. Әрі өзін-өзі ақтайтынына күмәнмен қараған-ау. Сөйтіп, жылыжайға гүл емес, іске өнімді қызынақ егілетін болыпты. Мұны естіп, көңіліміз су сепкендей басылды. Әрине, қызанақ та жақсы ғой. Біреулер Қытайдан әкелінген қызанақты емес, өзіңізде өскенін  жеп қарқ боламыз деп қуанып та жатқан шығар. Бірақ гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған әдемі жобаның ерте желкесінің қиылғаны тым өкінішті. «Гүл деген – шөп қой, шөп дегенің көп қой» дейді біреулер әзілге бұрып. Бірақ сол «шөпті» өсіруге шамамыз келмей жатқаны рас. 
   Қолтықтан демер күн қайда? Иә, сонымен өз гүліміз болса деген үміті неге ақталмады? Үкімет ақшасын бұл салаға салудан неге бас тартты? Әрине, мұның да себебі түсінікті. Гүл – қымбат бизнес. Тәуекелі тым жоғары. Гүл өсіріп, қыруар пайда табуға да, бір күнде тақырға отырып қалуға да болады. Қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде кез келген компанияның ақшасын далаға шашқысы келмейтіні де рас. 
– Өзіңнің гүл өсіретін бақшаң, жылыжайың болмаса, бәрі бекер. Шығынға батпаққа батқандай батасың. Біз мына гүлдердің жартысын болсын өзіміз өсіреміз. Кішкене де болсын пайда бар. Ал гүлдерді өздері өсірмейтін, сырттан тасымалдайтын қаладағы гүл дүкендерінің иелері қалай тығырықтан шығады. Таңым бар, — дейді Талдықорған қаласындағы «Гүлдер әлемі» шағын базарында жұмыс істейтін Наташа Каринкова. 
Қаладағы әуесқой гүл өсірушілердің бас қосатын жері де осы екен. Олардың көпшілігі зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері. Гүл өсіру, оны баптау машақаты көп жұмыс. Сондықтан бұл жұмысты жастар ауырсынатын көрінеді.
   Қаламызда гүл сататын дүкендер өте аз. Шамамен 4-5 дүңгіршекті көзіміз шалды. Шыны керек, гүл сататын дүкендердің нақты санының қалада қанша екенін кәсіпкерлік бөліміндегілердің өздері де білмейді. Десек те, гүл бизнесімен айналысатындардың әрқайсысы өз қотырын өздері қасып жатқандары шындық.
   Елімізде сатылып жатқан гүлдерден түскен пайда өзгенің қамбасына құйылуда. Отандық гүл өсірушілерді қолдасақ, қазынаның бір жыртығы сөзсіз жамалар еді. Гүл өсірумен айналысатындардың сөзіне қарағанда әсемдік символына деген сұраныс жыл сайын артып келеді екен. Бұл дегеніңіз, осы салада кеңістік жартылай бос тұр деген сөз ғой. Бос кеңістікте пайда мол түсетіні де белгілі. Тек тәуекел жетіспейтін сықылды. Әрі мемлекеттің де осы салаға көңіл аударуы кемшін...
   Гүл – екібастан өтімді тауар. Әсіресе, мейрам кезінде гүл іздеушілердің қатары арта түседі. Сатушылар қай мейрамда қай гүлге көп тапсырыс беруді де жақсы біледі. Мысалы, Халықаралық әйелдер күнінде қызғалдақтар жақсы өтетін болса, 7-9 мамырда қалампыр гүліне сұраныс көбейеді. Ал Білім күнінде бақытгүлін талап әкетеді екен. Гүл сатушылар үшін мейрамның көп болғаны қажет-ақ. Олар шақырылмаған құдайы қонақ болып келіп, еліміздегі санаулы мереке күндерінің қасына қонжиып алған Әулие Валентин күнінде де гүлдерін қуана сатады. Тіпті, бұл күннің тез арада 8-наурыз секілді келелі мейраммен теңесіп үлгергеніне де разы.

Сабағынан үзілген гүлдер самсап тұр көшелерде. Тамырсыз тағдырлар деседі танитындар. Ғұмырының соңында әйтеуір бір адамды қуантып кететіні үшін қадірлі. Маңдайына жазылған осы бір сәтті олар асыға күтетіндей. Құдды сымбатты қаланың серісін тосқан сұлудай кербез. «Қазір келіп қалады» дейді бағбан басынан сипалап. Аянышты... әйтсе де көңілге медет, жүрекке сезім. Олар сол үшін жаратылған. Айтқанша болған жоқ, келді тұтынушы. Жақынына жаттың гүлің сыйламақ ниетте. Голландиялық дейді сатушы сапасын салмақтай түсіп. Маған біреуін беріңізші деген дауыс жетті алыстан. Артындағы жігіт алдын орап кетті-ау шамасы. Біз болсақ бағасына бас шайқап қайттық. Жүр, бақшадағы раушанды бақылап келейік оданда.

Қабыл ИСА.