ҚАЗАҚ РАДИОСЫ Түркия әуе толқынында

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 1280
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Еліміз дербес мемлекет атанып, Тәуелсіздігін алғаш жариялаған сәтте құшағын айқара ашып, шын жүректен қуанған ел Түркия екені баршамызға аян.  Міне, содан бері бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынас қанатын кеңге жайып келеді. Сол ынтымақтастық бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар әріптестік деңгейге жетті.
    Жуырда «Қазақ радиосы» мен Түркияның ТРТ телерадиокорпорациясы арасында шығармашылық байланыс орнап, біздің әріптестер сол елдің әуе толқынынан қазақ тілінде тұңғыш рет хабар таратты. Аталған шара достықтың алтын көпіріне айналған тағы бір игі қадам болды. "Қазақ" және "Шалқар" радиолары Алматы студиясының жүргізуші-редакторы Жанар Оразымбетова іссапардан алған әсері мен көңілге түйген ойларын ортаға салды.

 

 – Түркияның әуе толқынынан «Қазақ радиосы» қазақша хабар таратты деген жағымды жаңалық естіп қуандық. Осынау игілікті істің бел ортасында өзіңіз де болдыңыз.  Анық-қанығын өз аузыңыздан тағы бір естісек дегіміз келеді?
– Қазақша хабар тарату екі ел үшін де үлкен жаңалық болды деп есептеймін. Ондағы қазақ бауырлардың өз тіліндегі хабарды қуанып тыңдағандары анық. Ұлттық рухыңның үні Түркия эфирінен таратылғаны бауырлас елдің бізге деген құрметі мен сенімі деп бағаладық.
   Осынау халықаралық шараны Түркияның мемлекеттік ТРТ телерадиокорпорациясы ұйымдастырды. Соның арқасында Радио күніне қатысуға мүмкіндік алдық. Өз басым ерекше қуандым.
   Радио күніне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестеріміздің айтары мол болды. Әр елдің әдісі әр басқа дегендей, көптеген жақсы тәжірибеге қанықтық. Пікір алмастық, ой бөлістік. Түркия телерадиокорпорациясының әлем елдері алдындағы беделінің зор екеніне көзіміз жетті.
   Корпорация басшылығының бізге деген жақсы көзқарасы барынша байқалып тұрды. Қазақ журналистеріне ілтипат көрсеткені, жұмысымызды қолдағаны соның дәлелі. Өз басым бұл әрекетті түркиялық әріптестердің "Қазақ радиосына", қазақ халқына деген ыстық ықыласы деп бағаладым.
   Қолға алынатын жобалар мен жоспарлар, сөз жоқ, екі жаққа да тиімді. Қазақ радиолары ЖШС бас директоры Мәди Манатбек мырза Түркияның ТРТ корпорациясы басшыларымен бірқатар келіссөз жүргізді. Соның арқасында шығармашылық байланыс одан ары нығаятын түрі бар. «Арық айтып, семіз шыққанды» қалайтын жұрттың ұрпағымыз ғой. Әзірге сабыр сақтай тұрайық. Түпкі нәтиженің ойдағыдай болатынына үмітіміз зор.
   Енді өзіме келейін. Мойныма үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін студия табалдырығын аттағаннан-ақ анық сездім. Өйткені, бір саған қарап бүкіл қазақ журналистеріне баға берілетіні түсінікті. Сондықтан хабар жүргізудің әр сәтіне жіті көңіл бөлуге тырыстым. Екі елдің сарапшылары төбемнен төніп бақылап тұрғандай күй кешкенімді несін жасырайын.
   Біз де Қазақ радиосымен ұзақ жылдардан бері біте қайнасқан мамандармыз. Десек те, шетелдегі эфирдің салмағы бөлек еді. Оның үстіне корпорация төрағасының бірінші орынбасары Еркан бей Дурдудың біз жүргізген тікелей эфирге қатысуы бәрімізге оңай болған жоқ. Тікелей эфирдің мәнісін жақсы білетін шығарсыздар. Бұл жерде кідіруге және қателесуге болмайды. Сәтін салғанда ол сынақтан да сүрінбей өттік.
   Еркан бей Дурду қазақтың руханияты жайында көп біледі екен. Әңгімесін тереңнен толғағаны сондықтан. Екі елдің бүгінгі жақындығы кешегі үзіліп қалған олқылықтардың орнын толтырады деген сенімде. Осы орайда әріптесім, Астана студиясының жүргізушісі Сандуғаш Баймаханқызының еңбегін ерекшелеп айтуға тиістіміз.
   Сандуғаштың арқасында бізге аудармашының қажеті болмай қалды. Ол түрік тілін өзінің ана тіліндей меңгеріпті. Тіпті, сөз тіркестерінің астарын алыстан аңғарады. Түрік елі туралы көп оқығаны көрініп тұрды.
   Сонымен тұңғыш рет екі елдің әуе толқынында алтын көпір орнады. Солай дегеніміз жөн шығар. Ең бастысы, олар бізге, біз оларға риза болдық. Қазақтың үш радиосы – "Қазақ", "Шалқар" және "Астана" радиолары арқылы бұл хабарлар елдің бар аймағына тарап жатты.

        – Түркия сияқты дамыған елмен журналистика саласында тәжірибе алмасу, әрине, үлкен жетістік. Еуропалық үлгіде білім шыңдаған шетелдік әріптестеріңізден алатын тәлім аз болмаған шығар. Сонымен қатар, оларға қазақ журналистері шығармашылығының қай қыры ұнады?
– Сөздің басында айтып өткенімдей, түркиялық әріптестерімізден үйренетін тұс аз емес. Оның ішінде өзіме ұнағаны – олар біздегі сияқты рейтинг қумайды екен. Түрік радиолары тек тыңдарман үшін ғана жұмыс істеуді мақсат тұтады. Мәселен, осы шараға мұрындық болып отырған ТРТ телерадиокорпорациясына тоқталайын. Ол – бірқатар телеарналар мен 15 радионың басын қосып отырған үлкен медиа орталық.
   Осындағы әр радионың өзіндік бағыт, бағдары бар. Олардың өзіне тән ерекшелігі мынада – бұл елде салалық  радиолар жүйесі қалыптасқан. Мәселен, медициналық радио, спорт радиосы, мәдениет радиосы деген сияқты мазмұндармен дараланады. Және бір айта кетерлігі, сол радиолардың бәрінің қалыптасқан өз тыңдарманы бар. Әрине, тыңдарман қалыптастыру оңай емес. Түрік әріптестеріміздің аз еңбектенбегені белгілі. Ал енді эфир жүргізу шеберлігіне келсек, біздің журналистер де ешкімнен кенде қалмайды. Қазақ тілінің әуезді, өрнекті тіл екеніне олардың көздері жетті. Осы тұрғыдан келгенде біздің де оларға үйретеріміз де аз емес.

         –  «Түбі бір түркілер» деген ұғымның санада қайта жаңғыруына үлес қосуға ұмтылғандарыңыз қуантады. Екі ел радиоларының шығармашылық байланыстары ендігі кезекте түрікше хабар таратумен де жалғасатын шығар деп ойлаймыз.  Бұған не дейсіз?
– Туысқан екі халықтың ажырамас болмысы ежелден-ақ жыр арқауына айналған тақырып. Соның бір парасын мына өлеңнен анық көре аламыз.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.

Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей», – деп қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жыр маржанын өріпті.

   «Мешіттер – қорғанымыз, Күмбездер – дулығамыз. Мұнаралар – найзамыз, Муминдер – әскеріміз» деп ұрандатқан түркі жұрты әлемнің жартысына билігін жүргізген ержүрек халық болғанын тарихтан жақсы білеміз. Біз бәріміз сол түркілердің ұрпағымыз.  Бұл халықтар туралы «Бек ұлдары – құл болмасын, Пәк қыздары – күң болмасын» деп күллі түркі әлемін қорғау жолында «Бастыны – еңкейтіп, тізеліні – бүктірген еді» дейді шежіре-тарих. Мұның бәрі – өткеніміз.
   Ал бүгін ше? Қазақ радиосының өкілдері түрік жерінде отырып, әуе толқыны арқылы екі елге ортақ хабар таратқаны – ынтымағы жарасқан бірліктің, екі ел арасындағы  тамыры тереңде жатқан достықтың нышаны екені айтпаса да түсінікті. Осынау екі жақты байланыс одан әрі қанатын кеңге жая береді. Сондай-ақ, Түркия радиосының Қазақ радиосынан, Қазақ радиосының Түркия радиосынан тұрақты түрде хабар таратып отыруы туралы да мәселе сөз болғаны рас. Бұл басшылықтың деңгейінде шешілетін шаруа болғандықтан мен оған егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қойсам деймін.

– Журналистер тарихқа, ұлттың өткеніне ерекше мән беретін қауым ғой. Түрік әріптестеріңіздің осы тұрғыдағы ойлары қалай екен?
 – Түрік журналистерін түркі халықтарының  мәдениеті мен тарихы, бабаларымыздың жүріп өткен жолдары қатты қызықтырады. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса  ауыздағы кетеді» деген аталы сөздің қасиетіне үңілуде. Түбі бір түркі жұртын бір шаңырақтың астына жиып, Түрік қағанатын құрған ер Бумыннан бастап, Естеми қаған, абыз Тоныкөк, көне түріктің көк семсері атанған Күлтегін сынды батырлар Көк Тәңірге сыйынып, төбедегіні келтірген екен.
   Айтпағымыз, бауырлас түркі жұртына ортақ жәдігерлер көп. Тегіміз бен тіліміз бір, дініміз бен діліміз әдебиетіміз бен мәдениетіміз тамырлас. Солардың ең бастысы – түрік тілі. Түрік тілі – халықтардың ортақ құндылығы. Осы мәселеге де олардың өте жіті қарайтынын байқап, бағамдадым.
         Халықаралық деңгейдегі радиофестивальді Малатья қаласында бекер өткізіп отырған жоқ. Бұл – көне шаһарлардың бірі. Қалада күні бүгінге дейін ежелгі түріктердің дәстүрлері берік сақталған. Мұнда 5-6 мың  жыл болған  тарихи жәдігерлер көп кездеседі. Тағы бір айта кетерлігі, дүниежүзіндегі өріктің 75-85 пайызы дәл осы Малатья шаһарында өседі екен.

         – Біздің ақын-жазушыларымыздың шығармалары түрікшеге аударылып жатқаны белгілі. Солар туралы пікір білдіргендер болды ма?
         – Бұл жиын негізінен тек радио саласына қатысты. Сондықтан, әдебиетке байланысты мәселелерді зерделеп отыратындай мүмкіндік аз болды. Бірақ, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен өз тілдерінде таныса бастаған әріптестеріміз сөз арасында тілге тиек етті. Сүйінетініміз түрік журналистері қазақ еліне қатысты кез келген мәселеге өте сергек қарайды екен. Оларды жіті қадағалап, журналистік зерттеу жүргізіп, жаңаша ой түйіп отыратындары анық байқалады.  

         – Өзіңіз қызмет етіп жатқан Қазақ және Шалқар радиоларының Алматы студиясы турасында да айта кетсеңіз.
         – Жүз жылға таяу тарихы бар Қазақ радиосы елордамыз Астана  қаласына көшкен кезде осында санаулы адамнан тұратын филиал болып қалған едік. Содан бері аттай желіп алты жыл өтті. Басында хабарымыздың барлығын таспа түрінде әзірлеп, Астанаға дайындап беріп отырдық. Қанша дегенмен, Алматы жылдар бойы қалыптасқан өнер мен мәдениеттің, ғылым мен білімнің ордасы ғой. Сол екі радиодан бірдей бір сағат көлемінде тікелей эфирде хабар тарату мүмкіндігіне ие болдық. Бұл – біз үшін зор қуаныш еді. Сол бір сағаттық эфир Алматыдағы бүкіл зиялы қауымның, ғалымдар  мен әдебиетшілердің, бүкіл өнер адамдарының мінберіне айналды. Кейін әлгі бір сағатымыздың ауқымы кеңейіп, екі радиодан да үш сағат көлемінде тікелей эфир жүргізу мүмкіндігіне қолымыз жетті. Басшылықтың ұйғарымы бойынша, жаңа маусымнан бастап тікелей эфирдегі уақытымыз бұдан да арта түседі деген үмітіміз бар. Бұл радио басшылығының осындағы журналистерге деген үлкен сенімі деп білем. Сонымен қатар, ерекше дайындықты қажет ететін, таспамен жасалатын хабарларымыздың өзінің жалпы Қазақ радиолары хабарларындағы үлес салмағы айтарлықтай дер едім. Жоғарыда айтып өткенімдей, Алматы студиясында осындағы шағын ұжымның жетекшісі, халқымыздың ақтаңгер өнері – айтыс ақыны Бақыт Жағыпар, сондай-ақ, өздерінің әуезді үні, тұшымды хабарлары арқылы кеңінен таныс Гүлбағыш Бостан, Гүлбану Алпамысқызы, Нұржамал Яңгибаева, Гүлназ Молдабергенова, Гүлмира Нәлібай, Аман Тасыған, Бақытжан Жармұхамбет, Мөлдір Жанбаева сынды әріптестерім тыңдарманға адал қызмет етуде.
         Біздің жылдар бойғы қонысымыз, киелі қара шаңырағымыз болып келген, талай жақсы мен жайсаңның табаны тиген ғимаратымыз жалға беріліп, өзіміз телеарнаның ғимаратына қоныс аударуға мәжбүр болған едік. Осы жақында ғана жағымды жаңалық естіп, қуанып жатқан жайымыз бар. «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлының ықпалымен, «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин мырзаның тікелей қолдауымен өз ғимаратымызға қайта көшіп бармақпыз. Осылайша, қыркүйек айында, жаңа маусымда хабарларымызды өз ғимаратымыздан  таратамыз ба деген үмітіміз бар. Құлашын кеңге сермеп, қазақ үнін әлемнің әуе толқындарынан әуелетуге қадам жасап жатқан қазақтың үні, қазақтың жаны, ұлт руханиятының бесігі  – "Qazaq radyolary" қосулы болсын!

         – Әңгімеңізге рахмет!

 

Болат МӘЖИТ