МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 24.07.2018
Оқылды: 1417
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысып, бірқатар мәселені талқылады.

 

   Жиынды ашып, жүргізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт күн тәртібінде көтерілетін он мәселемен таныстырды. Айталық, қалалар мен елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау, балық өсіру өнімділігі мен сапасын арттыру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлау, ауылшаруашылығы өнімдерін субсидиялау, кооператив кұру, бюджеттік бағдарламаларды орындау мен мақсатты көрсеткішке қол жеткізу туралы аталған салаға жауапты мамандар есеп берді.
– Алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес бюджетке 180 млрд. теңге көлемінде кірістер түседі деп күтілуде. Бекітілген жоспар 174,3 млрд. теңгені құрайды. Осыған байланысты түсім болжамын 8 млрд. теңгеге арттыруға ұсыныс енгізіліп отыр. Сондай-ақ, құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша қалыптасқан үнемі қаражат есебінен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында қайта бөлу арқылы түзетулер ұсынылады, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Амирханов. Соған сай облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 15 желтоқсандағы «Алматы облысының 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 26-128  шешіміне өзгерістер енгізу туралы жобасы жарияланып, қоғамдық кеңес мүшелерінің дауысқа салуы арқылы бірауыздан қолдау тапты.
   Жиында облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржановтың ұсынысынан кейін  «Алматы облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» Алматы облысы мәслихатының 2017 жылғы 26 қазандағы № 24-124 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, шешімі де қабылданды. Отырыста облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Зайда Ілімжанова атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Ал облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов «Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ауылшаруашылығы кооперативтерін құру және оларға мемлекеттік қаржылық көмек көрсету бойынша атқарған жұмысы туралы» 2017 жылғы 8 тамыздағы Қоғамдық кеңестің қарарын орындау туралы есеп берді.
– Ауылшаруашылығы кооперациясын дамыту және жеке қосалқы, кіші шаруа қожалықтарын кооперативтерге тарту бойынша түсіндіру жұмыстары шеңберінде облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, Ауылшаруашылығы министрлігі, қаржы институттары және ғылыми зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Олар «Ауылшаруашылығы кооперативтері туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V Заңының және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының  негізгі тәртіптерін, облыстың аудан және қалаларына 3 рет шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өткен екі жарым жылда жоспарланған индикаторларға сәйкес 170 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды, Ауылшаруашылығы кооперативтерімен алынған несие қаражаттарының көлемі – 177,5 млн. теңгені құрады, – деді Сексембай Төлеубайұлы.
   Қоғамдық кеңестің отырысында республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының тазалығы, мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру сынды мәселелер де қозғалды. Жиынға қатысушылар қабылданған шешімдер өз деңгейінде орындалып, ескертпелер ескеріледі деген сеніммен тарқасты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.