"БАРЫМТАШЫЛАР" КИНОСЫ ТҮСІРІЛМЕК

Уақыты: 26.07.2018
Оқылды: 1340
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Қазақстан – Жапония бірлескен жобасы «Барымташылар» кинофильмінің түсіру тобымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ кездесті. Жүздесу барысында кино саласының мамандары туындының мәні мен мазмұнына тоқталып, фильмнің біраз картиналарын өңіріміздің шырайлы жерлерінде түсірілетіндігін атап өтті.

 

   Қазақ топырағында орын алған оқиғаның желісінде сценариі жазылған фильмнің басты рөлдерінде Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығын жеңіп алған актриса Самал Есләмова, белгілі актер Дулыға Ақмолда және жапондық танымал актер Мирай Морияма ойнайды деп күтілуде. Айта кетсек, сценарий желісі бойынша 12 жасар баланың ата-анасы жылқышы, оның қарындасы мен бауыры болады. Осы қарапайым шаңырақ иелері төрт түліктің төресі жылқы үшін  адам өлтіруден тайынбайтын барымташылардың жауыздығынан зардап шегуші отбасы суреттеледі.  Жақындарынан айырылудың қандай қиын екендігі бала көзімен беріледі деп күтілуде.
   Жобаның бас менеджері Қарлыға Сейсенованың айтуынша, түсіруші топ жер жаннаты атанған киелі Жетісу өңірінің бірқатар аймақтарын аралап қайтқан. Соның ішінде Райымбек ауданының табиғаты киногерлерге ерекше ұнаған көрінеді. Енді фильмнің біраз бөлігін осы аймақта түсірсек деген ойлары бар. Сонымен қатар, Жетісу өңірінде кино түсіру оның туристік әлеуетін насихаттауға жақсы мүмкіндік болар еді деп есептейді. Себебі бұл фильм халықаралық кинофестивальдерге ұсынылатын және басты рөлді сомдайтын актерлердің танымалдығы жағынан киносүйер қауымның қызығушылығын туғызатын фильм болмақ деп күтілуде. Кино түсірушілер сондай-ақ  бұл фильмнің көрермені де көп болады деген ақ үмітті сөздерін  жасырып қалмады.
   Түсіру тобы өкілдерін тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов олардан қандай көмек қажет екенін сұрады. Сонымен қатар, картинаның облыс аумағында түсірілуіне қолдау білдіретінін де айрықша атап өтті. Бұған дейін де облыс аумағында «Томирис» және басқа да танымал кинофильмдер түсірілгенін, BBC каналымен бірлесіп Жетісу табиғатының көркемдігін паш ететін ролик дайындалып, сол роликтің көрілімі жағынан шетелдіктер арасында да үлкен қызығушылық туғызғанын тілге тиек етті. Бүгінгі кездесуде шығармашылық топтың өңірдің туристік тартымдылығын насихаттау туралы ұсынысын қандай формада, қандай мазмұнда жүзеге асыру керектігін нақтылап, идеяны ширату керектігін де атаусыз қалдырмаған өңір басшысы, қос тараптың өзара әріптестік байланыста жұмыс істеуіне қарсылық жоқ екенін, ел игілігіне жарайтын әрбір іске мейлінше қолдау болатындығын жеткізді.
   Шытырманға толы сан эпизодтан тұратын фильмге жергілікті халық та тартылатын болады. Осылай деп мәлімдеген кино түсіруші топ жапондық танымал продюсер, «Tokyo Filmex» кинофестивалінің негізін қалаушы Сёдзо Ичияманың бұл туындыға қаржылық демеушілік жасап отырғанын атап өтті. Фильм тамыз-қыркүйек айларында түсірілімін бастап, шамамен бір жарым айда толық аяқталады деп күтілуде. Бұл қос елдің ынтымақтаса түсірген ең алғашқы киносы екендігін де атаусыз қалдырған жоқ.


Арда БИ