ҰЛТ ТІРЕГІ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 885
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады. Бірақ қазақ тілінің тамыры тереңде жатыр. Біздің тіліміз ең таза, көркем, бай әрі болашағы зор тілдердің қатарында. Тіл – ұлттың тірегі. Ол – жан дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. 

 

   Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының  бірі.  Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір қазақстандықтың тілдік мәртебесін арттыруға барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар туғызуды жүктейді. 
   «Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қоғамдағы тіл проблемаларын шешу  жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар қабылдауға мемлекеттік қолдаудың қажеттілігімен айқындалады. Бұл орайда ең басты бағыт – тіл саласында нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қажетті ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету. Екінші бір маңызды бағыт – ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасау, мемлекеттік тілді оқыту мен үйрету әдістемелерінің сапасын жақсарту. Сондай-ақ, тілдің мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі күллі білім беру жүйесінде оқыту сабақтастығын қамтамасыз ету, тілдерді оқытудың төлтума бағдарламалары мен жаңа технологияларын әзірлеу қажет.
   «Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Гимн секілді  дәл осындай рәміз. Сондықтан, біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жүгерімізді жұмсауға тиіспіз», – деген  Елбасы тапсырмасын орындау – әрбір қазақстандықтың парызы.
   «Ана тілі – жан дүниеміздің айнасы», – деп Ж. Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі болуы керек. Сондықтан, ана тіліміздің өркен жаюы – еліміздің өркендеуі екенін естен шығармайық. Біртұтас ұлт екендігімізді тіліміз ғана дәлелдейді.

Гүлбаршын ЖАНАТБЕКОВА,
Талдықорған қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы