КИЕ ҚОНЫП, ҚЫДЫР ДАРЫҒАН ӨҢІР

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1552
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласы негізінде бағзыдан жеткен бабалар мұрасы зерделеніп, еліміздің бүгінгі мәдени-рухани өмірін өзіміз тануға, өзгелерге  танытуға айрықша мүмкіндік туғаны мәлім. Бүгін, міне, Жетісудың шырайлы өлкесінің бірі Сарқан ауданының 90 жылдығына орай осы өңірдің тарихына аз-кем шегініс жасаудың реті  келіп отыр. 

 

   Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл – философиялық тұжырым. Өмірде тау-тас та мүжіледі, өзен-көлдер де тартылып, өсімдіктер  де сарғаяды. Адам өмірі де солай. Бірақ өлмейтін, өшпейтін, жоғалмайтын бір нәрсе бар. Ол – қағазға түскен тарих. Сондықтан біз тарихты халықтың есі іспеттес керемет қазына деп бағалаймыз. Аудан тарихын білсек деген ізденіспен  мұрағаттарға барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарып, өткеннің өнегесін зерделеп, жадымызды тірілту арқылы тапқанымызды оқырмандармен бөлісіп келеміз.  
   Биыл тоқсанға толып отырған ауданымыздың басынан алмағайып кезеңдер өткені жасырын емес. 1928 жылы елімізде ұжымдастыру науқаны басталып, малды-жанды жақсы мен жайсаңдарымыздан көз жазып қалған болатынбыз. Архив деректері сол жылы 17 қаңтарда Жаркент, Талдықорған және Лепсі уездері таратылып, олардың құрамындағы болыстар Алматы округінің Алакөл, Биен-Ақсу, Жаркент, Қаратал, Сарқан, Талдықорған, Герасимовка, Қоңырөлең аудандарына біріккендігін айғақтайды. Сол кезде Сарқан ауданының орталығы бұрыннан уезд болып қалыптасқан Лепсі селосы болған көрінеді. 
   Аудан орталығы Сарқан селосы болып ВЦИК қаулысымен 1935 жылғы 9 қаңтарда құрылып, дербес шаңырақ көтерген. 1945 жылғы санақ бойынша аудандағы 31647 тұрғынның 12,5 пайызы ғана қазақ, қалған 87,5 пайызы орыстар деп есептелініпті. Бұл жерде басқа ұлттар туралы ештеңе айтылмауы сол кезең саясатының салқыны деп санау керек. Ал орыстардың бұл өңірді атамекеніндей жайлауын 1867-1885 жылдар аралығындағы шаруалардың, мұжықтардың Орталық Ресей мен Сібірден Жетісуға келіп қоныстануынан, қазақтардың азаюын 28-жылғы асыра сілтеуден, 30-жылғы аштықтан қырылуынан, 37-жылғы репрессиядан қудалануынан, атылуынан, айдалуынан іздегеніміз жөн. Ежелден шұрайлы өңірге көз тіккен патшалық империя біздің өңірде 1910 жылғы 20 наурызда Ащыбұлақ, Сартолағай өңірлеріне қоныстанған орыс шаруаларының басын біріктіріп, Черкасск селосының құрылуына қол жеткізіпті.
1935 жылы Сарқан ауданының құрамында 15 ауылдық кеңес болған. Орман алқабы 10425 гектарды алып жатқан құнарлы өлкені Сарқан, Басқан, Лепсі өзендері жарып ағады. Қазба байлығы – әк тасы. 193476 гектар алқаптың 57789 гектары егістікке қолайлы,  оның 19410 гектары суармалы болған екен. Сол жылдары-ақ 13541 гектарға күздік бидай, 16998 гектарға жаздық бидай, 2729 гектарға сұлы, 1639 гектарға арпа, 531 гектарға көк сағыз тұқымы себіліпті. Сол жылдары 28 колхоз құрылып, құрамына 6608 отбасы еніпті. Сарқанда және Петропавлда машина-трактор стансылары жұмыс істеген. Екі шеберханада 131 трактор, 83 комбайн тіркеліпті. Ұжымдық шаруашылықтарға тиесілі 104 фермада 1946 жылғы есеп бойынша 3801 жылқы, 10531 мүйізді ірі қара, 64365 қой-ешкі, 37 түйе өсіп-өнген. Мұның үстіне колхозшылардың жеке иелігінде 9613 бас төрт түлік мал болғанын архив деректері айғақтайды.
Аудан шағын коммуналардың, колхоздардың және “Аманбөктер” совхозының негізінде құрылған. Оқырмандарға түсініктірек болу үшін осы шаруашылықтардың атауын көпшілік назарына ұсынамыз: «Қызыл әскер», «Всемирное пламя», «Красная степь», «Тасарық», «Производственная смычка», «Үлгі», 16-партсьезд атындағы колхоз, Киров атындағы колхоз, Сталин атындағы колхоз, «Елтай», Каганович атындағы колхоз, «Красный пахарь», Чапаев атындағы колхоз, Горький атындағы колхоз, «Красный партизан», «Искра революции», «Красный Октябрь», Фрунзе атындағы колхоз, «Красный Путиловец», «Ағарту», Амангелді атындағы колхоз, «Белсенді», Ворошилов атындағы колхоз, «Новая жизнь», «Красная знамя», «Энергия», Куйбышев атындағы колхоз, «Пролетарский труд», «Коллективный труд»  колхоздарының 1928–1934 жылдар аралығында кедей-жалшылардың маңдай терімен негізі қаланғаны анық. 
Осы жылдары «Бастаушыға» Қасым Байжекенов, «Ағартуға» Ожағұл Жиенбаев, Жүнісбек Болысбаев, «Белсендіге» Тоқтарбек Әбдірахманов, «Жаңатұрмысқа» Күмісбек Қазанатов, «Тасарыққа» Тынысбай Мыңбаев, «Үлгіге» Құмарбек Исаев, Әлмағамбет Сарбасов, Смахан Шаңтемесов, «Сталинге» Сұлтан Сарқанбаев, «Елтайға» Матай Онекин, «Амангелдіге» Арын Тәжиев, Өмірзақ Асылбеков, «Кагановичке» Берікбол Нөкежанов, «Қызыләскерге» Есбол Жаңабаев басшылық жасапты. Осы колхоздардың уақыт талабына сай іріленіп, кейіннен совхоздарға айналып кеткені де көпшілікке мәлім.
Сөз арасында аудан мақтанышына айналған марғасқаларымыз ойымызға оралады. Осы тұлғалардың алғы сапында Мұхаметжан Тынышбаевтың аталуы заңды. Мұхаметжан Тынышбаев  1879 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысы Қарғалы ауылында дүниеге келіп, 1938 жылы қаза тапқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы  теміржолшы-инженер әрі тарихшы ғалым. Верный ерлер гимназиясын алтын медальмен бітірген соң  1900 жылы Мұхамеджан өз мақсатына жетіп, Санкт-Петербургтағы тек дворян әулетінен шыққан балаларды ғана қабылдайтын            І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтқа түсіп, оны 1906 жылы тамамдайды. Институттан кейін Тынышбаев Орта Азия теміржол құрылысына инженер-маман ретінде жолданады, 1907 жылы 2 Думаға Жетісу облысынан депутаттыққа сайланып, басқа да далалық өкілдермен бірге патша үкіметінің отаршылдық-аграрлық саясатына қарсы күрес шараларын ұйымдастырды.
Урсатьевск – Әндіжан теміржол құрылысының бастығы әрі бас инженері, Жетісу теміржол учаскесінің Арыс – Әулиеата құрылысының бастығы әрі бас инженері болған оның 1917 жылдан кейінгі саяси қайраткерлігі көпшіліктің жадында. Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары, 1917 жылғы 26 желтоқсан – 1918 жылғы 6 ақпан аралығында Қоқан автономиялық республикасының Премьер-министрі, Алашорда үкіметінің қайраткері, Түркістан – Сібір теміржол құрылысының бас инженері ретінде атқарған  қызметі бағаланып, қызыл саясаттың құрбаны болған қайраткердің есімі Алматы қаласындағы Көлік және коммуникация академиясына, Талдықорған қаласындағы музейге, туған жері Қарғалыдағы орта мектепке және бірқатар көшелерге  берілді, ескерткіші өзінің атындағы Сарқанның орталық алаңына орнатылды. 
Біздің аудан өңірінде дүниеге келген Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі Мәметов Базарбайдың  есімі  туған еліне тәуелсіздіктен кейін ғана танымал болды.  1888 жылы Жетісу облысы Лепсі уезі Балқаш-Лепсі болысында кіндік қаны тамып, 1946 жылы Бөрлітөбе ауданының Лепсі стансысында мәңгілік қоныс тапқан жерлесіміз туралы 2008 жылы Астана қаласындағы «Руханият» орталығынан шығарылған «Алаш» қозғалысы кітабында толыққанды дерек бар. 1911 жылы Верный ер балалар гимназиясын бітіріп, Қазан университетіне түседі. 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін өте жақсы нәтижемен бітірген заңгердің ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегі де ескеруге тұрарлық. Ел ерімен ұлы, елдің атын қашан да тұлғалар шығарады. 
Ұлы Отан соғысындағы Совет Одағы батырларының бірқатары біздің өңірден шыққан. Атап айтқанда Сарқан ауданында Степан Михайлович Бендиков,  Андрей Федорович Воронин, Василий Данилович Беленко,  Петр Борожович Вихрев, Василий Тарасович Моисеенко, Михаил Максимович Чепрасовтың аттарында көшелер бар. 
Сұрапыл соғысты айтқанда тылдағылардың жеңіске қосқан үлесіне тоқталмай кетуге болмайды.  Сарқандағы Чапаев атындағы артельдің ұжымы 1941 жылы 8-гвардиялық дивизияға жылы киім жіберу үшін 1500 сом жинақтады. Ауданның барлық ұжымдары, кәсіпорындары Жеңіс қорына қаржылай көмек көрсетті. 
1942 жылы 19 сәуірде Лепсінің «Заготскот» қабылдау пункті Бөрлітөбе ауданы еңбекшілері атынан Панфилов атындағы 316-атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне бірінші мамыр мерекесіне тарту ретінде 1,5 тонна ет қабылдап, майданға жөнелтті. Сол жылы Лепсі стансысында Украинадан қоныс аударған шеге-шығыршық зауыты жұмыс істей бастады.
1943-1944 жылдары Сарқан ауданының еңбекшілері танк колоннасы мен самолет эскадрильясын жабдықтауға 1,4 миллион сом, сүңгуір қайықтар жасауға       10 мың сом жөнелтті. Сталинградтықтарға көмек ретінде 38 мың сом, 2 мың дана жылы киім және елеулі мөлшерде азық-түлік жіберілді.
Архивте сақталған аудандық партия конференцияларының хаттамаларының негізінде аудан басшылығында болған азаматтардың аты-жөнін  жылдар ретімен келтіре кетудің  орайы келіп тұр. 
Аудандық партия ұйымын 1928 жылы С. Суворов, 1931 жылы  А. Пантелин, 1936 жылы С. Пантелеев, А. Саналиева, 1937 жылы А. С. Гарагаш, К. Жұмағұлов, 1939 жылы И. Горбатюк, А. Денищенко, К. Молдаханов, С. Данченко, 1940 жылы У. Мажитов, 1943 жылы М. Жерехин, 1947 жылы С. Песоцкий, 1949 жылы  Н. Дубровский, 1952 жылы Т. Коняхина,           У. Дуспаев, 1955 жылы М. Наумов, 1957 жылы А. Романчук, 1960 жылы И. Самойленко басқарады.       1966 жылы Мейіртай Әділтайұлы Усатаев Сарқан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекітілгенде, С. С. Наружный  екінші хатшы,              Қ. Ә. Нүкенов  хатшы болыпты. 1971 жылы И. Бабенко  бірінші хатшы, Ш. Джамалдинов  екінші хатшы, К. Түменбаева хатшы, 1983 жылы Д. Фамильцев бірінші хатшы, А. Сламбеков  екінші хатшы, К. Түменбаева хатшы, 1986 жылы Г. Сумин  бірінші хатшы,  К. Тастанбеков екінші хатшы, Л. Перелевская хатшы болады. 1991 жылы партия тарардың алдында Мұхтар Батқалов бірінші хатшы болып келеді де екінші хатшылықты О. Тертюбаев, хатшылықты Л. Перелевская атқарады. 
Архив деректері бойынша аудандық атқару комитетінің төрағалары туралы толық мағлұмат ала алмадық. Жылнамалар арқылы 1930 жылы А. Столяров, 1931 жылы А. Кауров, 1936 жылы М. Ақшалов, 1937 жылы аудандық атқару комитетін М. Айдапкелев басқарғанын білуге болады. 1973 жылы атқару комитетіне К. Искаков, 1983 жылы Өкітай Ахметов төрағалық етіпті. Ауданның атқару органының тізгінін бұдан соң Шора Бектасов, Ғабиден Кәрібаев ұстағанын сарқандықтар әлі ұмыта қойған жоқ.
1968 жылы 31 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аудан орталығы Сарқан аудандық бағыныстағы қалалар санатына қосылды.
1991 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен Бақалы ауыл кеңесіне қарасты Ағарту ауылына мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев аты берілді.
Кәкімжан Қазыбаев  1929 жылы Бақалы ауылында дүниеге келіп, 1989 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1982-1985 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінде хатшы болып, 1972-1974 жылдары ҚазКСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты, лауазымды қызметтер атқарған жерлес жазушымыздың соңында ондаған кітап қалды. 
Осы арада Сарқаннан шыққан саңлақтардың бірегейлерін атап өткіміз келіп отыр.  Даңқты композитор Мұқан  Төлебаев Москва консерваториясын бітіріп, «Отан», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» сияқты әндерімен, «Біржан-Сара» операсымен халқына кеңінен танымал. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан аға 1960 жылы 2 сәуірде Алматы қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.  Лепсідегі басты көше, бір орта мектеп аға атында. Қарашыған ауылдық округінің орталығы Мұқан ауылы деп сол ауылдағы Мәдениет үйі композитор есімімен  аталады.
Композиторлар Күнсайын Қуатбаев, Еркеғали Рахмадиев, жауырыны жер иіскемеген балуандарымыз  Әбілсейіт Айқанов, Аманжол Бұғыбаев, қазақ өлеңіне өзіндік үнімен еніп, есімі әдеби қауымның жадында жатталған  Әділбек Абайділданов, ғалым-қайраткер Мұхтар Арынов, Қазақстанның халық артисі  Құман Тастанбеков, бұлбұл көмей әнші  Сара Тыныштығұлова және басқаларды біз әрдайым мақтан тұтып келеміз.
Архив деректеріне қарағанда жылдан жылға аудан тұрғындарының саны еселене түскен. 1935 жылы 31647, 1947 жылы 34528 адам болса, 1948 жылы бұл сан 37967-ге, 1957 жылы 44648-ге жетіпті. Табиғи байлықтарын айтқанда әк тасын, орман алқабын тілге тиек етеміз. 40-жылдардың аяғында аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, «Вперед», «Искра», «Трудовик», «Красный Восток» атты өнеркәсіп артельдері, «Красная заря», «1 май» деп аталатын мүгедектер артелі, өнеркәсіп комбинаты кәсіпорындар сапын құраса, 1960 жылы 4 кәсіпорын өнеркәсіп комбинаты, 1-май артелі, сүт зауыты, орман шаруашылығы аудан экономикасының дамуына үлес қосқан.
Елуінші жылдары ауданда 4 су электр стансысы жұмыс  атқарыпты. Сағатына 124 киловатт қуат өндіретін Сарқан, 84 кв/сағат  өндіретін Черкасск,    57 кв/сағат өндіретін Покатиловка, 40 кв/сағат өндіретін Аманбөктер электр стансылары ауданда өзендер мүмкіндігінің игілікке пайдаланылғанын айғақтайды. Тәуелсіздік жылдары  осы  стансылардың ішінде Сарқан ГЭС-і білікті кәсіпкер Меліс Разбековтың ілкімділігінің нәтижесінде  аудан орталығына қызмет көрсетуге мүмкіндік тапты. Кейінгі жылдары бұл сапқа Лепсі, Екіаша ГЭС-тері қосылып, өзіміз өндіретін электр қуатының үлес салмағы артты. 
1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алған соң мемлекеттік биліктің жаңа үлгісі – әкімдіктер құрылды. Мұхтар Батқалов, Н. П. Бакан, Азамат Сәрсенбаев, Тұрсынбай Ғалинов, Талғат Өмірәлиев, Сексенбай Бекішов, Әлібек Жақанбаев, Тұратбек Чарапиев  кезең-кезеңімен ауданға басшылық жасады. Алматы облысы әкімінің 2014 жылдың 13 қарашадағы өкімімен Ерғазы Қошанбеков Сарқан ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Сарқан аудандық мәслихатының 2012 жылғы 19 қаңтардағы №1-3 шешімімен Қадыр Абдрахманов аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. 
1997 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің №3371 Жарлығымен Сарқан ауданының құрамына таратылған Бөрлітөбе ауданының Лепсі кенті, Көкжиде, Көктерек ауылдары, араға жыл салып Қарашыған ауылдары берілді. Бұл Бөрлітөбеден ауданында  1977 жылдың 1 қаңтарына 31 мың 900 адам тұрған болатын. Аудан құрамындағы  елдің ең басты кәсібі балық аулау, мал өсіріп, егін салу болды. 1938 жылғы мәліметке қарасақ, ауданда 12 колхоз болған екен. Аудан орталығы 1941 жылы Бөрлітөбеден Лепсіге көшірілді. Сол жылы Лепсіге Украинадан шеге-шығыршық зауыты көшіріліп әкелінді. Элеватор салынып кеңейді, автокөлік жөндейтін зауыт ұйымдасты. Балқаш мыс комбинатының жұмысшыларын картоп, көкөніс, қауын-қарбызбен қамтамасыз ету үшін Лепсі өзенінің құйылысынан көмекші шаруашылық ұйымдастырылып, оны алғашқыда «Казмед», кейіннен Лепсі көмекші шаруашылығы деп атады. Осы кезде Лепсі өзеніне бөгет салынып, екі мың гектардай жерге су шығарылды. Оның тиімділігін дұрыс пайдаланған халық шаш етектен өнім өндірді. 
1972 жылы аудан қайта құрылғанда бұған дейінгі 12 балық колхозынан іріленген “Көпбірлік”, Фрунзе атындағы, “Красный рыбак”, “Үлгі” атты төрт балық колхозы, М. Горький атындағы, “Прибалхаш”, “Құрақсу” қой совхоздары, Лепсі көмекші шаруашылығы, Егінсу «Скот импорт» совхозы болды. Бұлар Көктерек, Көкжиде, Қарашыған, Құрақсу, “Егінсу”, Қызылбалық сияқты ауылдық, Лепсі, Матай, Молалы, Ақтоғай сияқты кенттік Кеңес құрамында өмір кешті. Бірер жыл өткеннен кейін Лепсі көмекші шаруашылығы Мұқан Төлебаев атындағы, “Егінсу” «Скот импорт» совхозы, “Егінсу” қой совхоздары болып Ауылшаруашылығы министрлігіне берілді. Романовкада ішкі істер басқармасының, Матайда Алматы теміржол басқармасының көмекші шаруашылықтары ашылды.
1972 жылдың наурызында Бөрлітөбе ауданы қайта құрылғанда ауданның алғашқы тізгінін Қали Әмірханұлы Нүкенов ұстады. Келесі кезекте Бек Кұндақбайұлы Құндақбаев, Қажымұқан Есімханұлы Есімханов, Күлзия Мәжитқызы Мұқашева, Баймерден Әділханұлы Әмірханов, Амангелді Қаражанұлы Өтепбергенов, Амангелді Хамитұлы Бекбосыновтар ауданның бірінші басшысы болды.  
Тәуелсіздік алған жылдары ауданның бірінші хатшысы, әкімі Аман Бекбосынов, 1993 жылы Асылмұрат Тұрғанбеков, 1995 жылы Тұрсынбай Ғалинов, 1996 жылы Біржан Ерденов болды. 
Сарқан ауданында бүгінгі таңда 2017–2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында межеленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеген адамдарды жұмыспен қамту  басты назарда. Аудан  бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейі, салықтар және бюджеттің түсімі өсті.  Әлеуметтік  салада, денсаулықты сақтау, білім беру салаларында ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз жұртшылықтың көз алдында.  Қуаттылығы сағатына 4,2 мВт электр энергиясын өндіретін «Басқан Пауэр» және қуаттылығы сағатына         17 мВт өндіретін «Лепсі-2» гидро-электр стансыларының іске қосылуы, осы бағыттағы жобалардың аяқталуға жақындап қалғандығы ауданның өнеркәсіп саласының дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл соңғы жылдардағы ауданның ауқымды табысы. 
Жетісу өңірінде тәтті түбір көлемін бұрынғы деңгейге жеткізу мақсатында қол жеткен жетістіктеріміз аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Аудан әкімдігі тарапынан ардагерлер қамқорлықтан қалыс қалып көрген жоқ. Өткен жылы аудан орталығынан Ардагерлер үйін салуға жер бөлініп, осы ауданның табысты түлектері игі іске жұмылдырған болатын. Соның нәтижесінде 2018 жылғы 1 наурызда көпшіліктің қолдауымен салынған ғимарат есігін аға буынға айқара ашты. Қазір онда мәжіліс залы бар, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндіктер жасалған. 
Жылдан жылға дәнді дақыл егістігінің аумағы ұлғайтылуда. Сарқан ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мал бордақылау  алаңдарына, сүт өндіруге басты назар аударылуда. Қазіргі талапқа сай жылыжай салу, өнімді шикізат күйінде емес, өңдеп сату күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. 
   Аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы жыл басында ауданның 90 жылдығын атап өту жөнінде көпшіліктің пікірін ескеріп, комиссия құрамын сайлап, мерейтойдың жоба-жоспарымен бөлісті.  Мерейтой өткізу бағдарламасының  алғашқы тарауында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын туған жердің киелі де қасиетті жерлері туралы кітап шығару жоспарланған болатын.  Осы тапсырма аясында “Кие қонған, қыдыр дарыған Сарқан” атты кітап таяуда жарық көрді.

Ауданның өнегелі өткені осы өңірдің түлектерінің жүрегіне жазылса, көңіліне қонса, ондаған ұлт пен ұлыстың Отанына айналған, олардың ұрпақтарының кіндік қаны тамған, кие қонған, қыдыр дарыған Сарқанның тарихы терең екендігін танытуға аз-кем үлес қоссақ, мақсатымыздың орындалғаны. Туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміміз нығайып, ауданымыздың алар асуы биіктей бергей!

Жомар ИГІМАН.