МОҒОЛ МА, МОҢҒОЛ МА?...

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1604
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Жер-ана төсінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп жатқан барша халықтың әрқайсысы ұлт болып қалыптасуы жолында өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән тарихқа ие. Демек, әр халықтың тарихи тағдыры да әртүрлі. Сол үшін де көпшіліктің көкейінде түсініксіздеу болып жүрген, аталуы ұқсас болса да негізгі өзегі өзара қосылмайтын Моңғол ұлты мен түркінің бір бұтағы Моғол шежіресін мақаламызға    арқау еттік.

 

   Моғолдар бірлестігіне қандай рулар жататындығына келсек, оның жауабын Рашид-әд-Диннен табамыз. Моғолдарды екі тармаққа бөлген ол алғашқысын Жалайырлар бастаған бірқатар рулар десе, екіншісінде Керейлер бастаған біршама руды атап жазады.

Қазақ халқының қалыптасу тарихында айшықты орын алатын рулық бірлестік ретінде моғолдар туралы терең толғауға болады. Алдымен моңғолтану және түркітану ғылымының белгілі өкілі Ислам Қабышұлының «Тұран әлемі» атты кітабына тоқталайық. Түркі-моңғол тарихына арналған еңбектегі: «...Моңғол – будда дінін қабылдаған халық. Бұл діннің шыққан орталығы Индия мен Тибет елі. Оған үнді, қытай, моңғол сияқты өте ерте кездегі патшалықтар сыйынып келген» деген дерек бірден назарға ілінеді. Сонда қалай болғаны?! Тарихи еңбектерден «Ежелгі Үндістан», «Ежелгі Қытай» деген атау кездескені анық. Ал, «Ежелгі Моңғолия» деген тақырыпты, тарауды, бөлімді ешбір оқулықтан, басқа да әдеби, тарихи шығармалардан оқымаппын. Осыдан келіп: «Қазіргі моңғол халқының тарихы қалай басталады?» деген заңды сұрақ туындайды. Оның шешуін табу үшін моңғолдың Лувсанданзан ғұламасына жүгінейік. «Моңғолдың құпия шежіресінің» кейбір дерегіне сүйене отырып, «Алтын товч» (Алтын шежіре) атты кітап жазған оқымысты Лувсанданзан өз еңбегінде Шыңғысханның ататегі мен моңғол әулетінің арғы дәуірдегі шежіресін тарқатқан. Соның бізге қатысы бар-ау деген жерлеріне тоқталып өтейік.
«...Үнді жерімен сабақтас жатқан Тибеттің ең бірінші «Мойынға отырған ханынан» бөлініп кеткен Далай әулиенің кенжесі Бөрте Чинуа (Көк- бөрі) есімді жырынды жігіт Марал сұлуды (Гуа–Марал) алып қашып, теңізден өтеді, асқар  таудан асып, қазіргі Моңғолия өлкесінің алдыңғы Хэнтэй өңіріндегі Бурхан–Халдун тауына келеді» – деп баяндалады. Тоқтаңыз, бұл қалай? Бүкіл Түркінің тотеміне айналған Көкбөріні б.з.б. VІ ғасырда көне Үндістанда пайда болған Будда дініне апарып телігені түсініксіз. Сонда, тотемизм сенімі Буддизмнен тарала ма? Одан кейін кітапта будда діні шетте қалып, әңгіме әуені: «Тәңірдің жебеуімен...» – деген оймен Тәңір дініне қарай ойысады. Ол аз десеңіз 1206 жылғы құрылтайда хан сайланған (қонтайшы емес) Шыңғыстың «Мәңгі Көк Тәңірі» деп сөйлегені моңғол ғалымы Х. Даванның «Чингисхан как полководец и его наследие» атты кітабында жазылған. Сонда сөз басындағы «Будда дінін ежелден қабылдаған моңғол халқы» қайда қалды? Бұдан кейін діндар Лувсанданзан: «...Моңғол әулеті өсіп ержетті» дей келе: «Моңғолдар – Шыңғыс әулетінің арғы аталарының тұсында ғана «Моңғол жұрты» болып бөлініп шыққандығын меңзейді. Ал екі аралықтағы Бөрте Чинуадан Шыңғыс әулетіне дейінгі «моңғол тарихы» жайлы мәліметтерді қайда қоямыз? Мінеки, тарих кеңістігіндегі осындай ақтаңдақ пен қисынсыздық сенімсіздік пен бұрмалаушылыққа жеткізіп, замана ағымындағы тарих көшін бағытынан адастырады, сол арқылы ұлт пен ұлыстардың өткеніне, ұлттық шежіресіне зор қиянат жасалады.
Ғұлама Лувсанданзан жазбасына қарап, бұл әулеттің «моңғол» болуы шамамен ХІ ғасырдың соңы десек, сол кездегі тарихи мәліметтерде, саяхатшылар жазбасында «Моңғол жұрты» жайлы ешқандай дерек жоқ. Сонда бұл әулетті қай елге қосамыз?! Үндіге ме, Қытайға ма, Тибетке ме, әлде Түркіге ме?! Тағы бір мысал – моңғолтанушы ғалым Е. Кычановтың «...ХІІ ғасырдағы қытай жазбаларында «моңғол» сөзінің кездеспейтіндігін, сондай-ақ, Шыңғысхан өмір сүрген ХІІІ ғасырда да «моңғол» терминінің болмағандығын мойындаған» жазбасы және бар. Сонымен, осының бәрін ой елегінен өткізе келе: «Осы бір түсініксіз жағдаяттың кілті немесе құпиясы айтылуы мен жазылуы ұқсас, айырмашылығы бір ғана «ң» әрпінен тұратын түркі тектес «моғол» жұртының тарихымен тығыз байланысты-ау» деген ойға еріксіз тоқталасыз.
«Моғол» сөзі б.з. ІІІ ғасырдан басталатын ескі жылнамаларда Мугулюй деген атпен кездеседі. Нақты айтсақ: «...Сөйтіп, Ғұндар мемлекеті ыдырап, сәнби тайпалары талқандалған соң олардың бір тармағы б.з. 310–376 жылдары тобалықтардың қол астында болады. Кейін құл Мугулюйдің үстемдігінен, оның баласы Глухойдың шабуылынан аман қалған елдер бұдан былайғы шежірелерде «жужан» атымен тарихқа енді» – деген мәлімет ойландырмай қоймайды. Осыны алға тарта отырып, түркілік «моғол» руларының бастауындағы «құл Мугулюй» тобалықтарға қарсы көтеріліске шыққан рулардың көсемі екендігін ұғуға болады. Яғни, «Мугулюй» адам есімі екен.
Арғы тегі Ғұннан таралатын сәнби, тоба, жужандар өзімізге етене жақын байырғы түркілік көшпелілер. Оған: «...Тобаның Вэй ұлысының әміршісіне б.з. 520 жылы барған жужан ханы Анахуаньның «...біздің де ата-бабаларымыз Вэй (Ұлы Вэй) ұлысынан өрбіген халық» – деуі дәлел. Шын мәнінде бұл сөз олардың арғы тегі Ғұн, берісі Тобалардың ұрпағы екендігінің айқын дәлелі емес пе?!
Енді жужандардан бергі шежіреге көз салсақ – нирун (арқа), моңғол (моғол), татар деген үш атаның тарихы бастау алады. Осыған қатысты Ислам Қабышұлы «Тұран әлемі» еңбегінде: «Жужандар негізінде «моңғол» жұртында өсіп-өнген ру-ұлыс екенін дәлелдеудің қажеті шамалы» дейді. Бұл жерде ғалым «моңғол» емес, моғол жұртында өсіп-өнгенін айтқысы келген болуы керек. Себебі, бірінші өзі жүгінетін діндар Лувсанданзанның: «Моңғолдар – Шыңғыс әулетінің арғы аталарының тұсында ғана «Моңғол жұрты» болып бөлініп шыққан» – деген мәліметін қайда қоямыз?! Мұны шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырлардың арасы деп алар болсақ, құл Мугулюй өмір сүрген б.з. ІІІ ғасырды, арадағы мың жылға жуық уақытты кімнің еншісіне береміз?
Моғолдар бірлестігіне қандай рулар жататындығына келсек, оның жауабын Рашид-әд-Диннен табамыз. Моғолдарды екі тармаққа бөлген ол алғашқысын Жалайырлар бастаған бірқатар рулар десе, екіншісінде Керейлер бастаған біршама руды атап жазады. Және «Бабырнама» кітабында жалайырларды ертеде «моғол» деп атағанын оқығаным бар. Ал, Моғол жұртының  аумағына келсек – нирун (арқа) сөзі Сарыарқа, Арал маңы, Сыр өңірі және Талас аймағы мен шығысы Жетісу екендігі көне тарихтан белгілі. Өздеріңіз байқап отырғандай, мұнда тек түркілер туралы айтылған, тұңғыс–маньчжурдан тарайтын моңғол (Халха) жұрты жайлы бір ауыз сөз жоқ. Демек, қазіргі Моңғолия мен моңғол ұлтының Моғолға түк қатысы жоқ.
Арғы-бергі тарихты шолғанда көшпенділердің арғы тегі Ғұндардан (олар Сақтардың ұрпағы) басталып, одан сәнби, тобаға ойысып, бертін келе жужандарға ауысатынын, олардан  нирун, моғол, татар рулары өрбитінін анық көрдік. Бұл б.з. 552-603 жылдардағы Түркі қағанатының дәуірін қамтиды. Жоғарыдағы жужан Анахуань (Анағай) қағанға Түрік қағаны Бумын: «...Қызын маған ұзатсын!» деп елші жібергенде, қатты ашуланған Анағайдың: «Сен, темір балқытушы құл, мұндайға қалай аузың барады?!» – деп атқа қонады. Ақырында жужандар Түркілерден ойсырай жеңіледі. Осыған қарап б.з. ІІІ ғасырдың екінші жартысындағы «құл Мугулюй үстемдігі» мен «темір балқытушы құл Бумын» арасында бір байланыс бар екендігін ұғыну қиын емес. Демек, билікке талас барысында жужандар мен моғол түркілері кезекпен жеңіске жетіп, билік ауыстырып отырған деуге әбден болады. Яғни, Жужандар тарих сахнасынан, биліктен кеткенімен елден, жерден түп-тұяғымен көшіп кеткен жоқ. Өйткені, олар өз атамекенінде ғұмыр кешкен, бір  атадан  тарайтын  көшпелі түркі тектестер еді. Рас, біраз бөлігі батысқа ауып, бұдан былайғы тарихи шежіреде аварлар аталған-ды.
Қытайдың «Сун Шу» («Сұн ұлысының құжаты») атты жылнамасында жужанның бір аты «датан», тағы бір есімі «тань-тань» екендігі айтылады. Бұл жайлы пікір білдірген зерттеуші ғалым            Г. Грумм–Гржимайло жужанның «датан» дегені «татар» сөзінен туындағанын алға тартады. Әбден мүмкін. Бұл үрдіс жалғаса келе б.з. VІІІ ғасырдағы Түркі қағанаты кезінде «отыз татар», «тоғыз татар» аталып, тегі бір туыстас моғолдармен қатарласа тарих сахнасына қайта шығады. Осы жөніне тоқталған Рашид-Әд-Дин: «Өте ерте кезде моңғол (моғол) тайпалары мен олардың мекенжайын үнемі иемденіп келген қуатты ру-ұлыстар татар әулеті еді» – деген жазба қалдырған.
Біздің заманымыздағы VІІІ ғасырдың соңы мен ХІ ғасыр арасын қамтитын дәуірде Оғыздар алғашында Жетісудың батысын мекендеп, Түрік қағандығының құрамына кірді. Уақыт өте келе аймақтағы басқа ұлыстарға қарағанда мерейі үстем болған Оғыз қанағатының аумағы барынша кеңейіп, қанатын кеңге жайды. Сөйтіп, құрамына қарлұқ, халаж, қаңғар-печенег, моғол сияқты ірі рулар кірген тайпалардың біріккен одағы құрылды. Сондағы Моғол тобына жалайыр, дулат, қият, қоңырат, керей, найман, меркіт, қаңлы сынды түркі рулары енді. Одан соң Жетісуда 756–940 жылдар аралығында өмір сүрген Қарлұқ қағанаты құрылғаннан кейін биліктен айырылған оғыз тұқымдастар Сыр бойына қарай ығысып, моғолдар өз атамекені Жетісуда қалды. Бұдан шығатын қорытынды – Шыңғысхан дәуіріне телініп жүрген «моңғолдар» болмаған, ол сан ғасыр бойы атамекенінде ғұмыр кешіп жатқан моғол түркілері еді. Шыңғысханның әкесі Есукейге у беріп өлтіретін татарлар іргелес өмір сүрген «датан» немесе «тань-тань» екенін іштей сезіп отырмыз. Тіпті сол заманда «моғол» терминінің аясы кеңейіп, Түрік этнонимінің баламасы ретінде қолданылғаны жайлы мәлімет көптеп кездеседі.
Шыңғысханның ата-бабасы мекен еткен қонысқа көз салсақ, бірқатар қызықты мәліметке жолығамыз. Бұл турасында нақты деректер қалдырған Рашид-әд-Дин мен Әбілғазы баһадүр хан шежірелерінің баяны бойынша олар Талас аймағы, Сыр бойы, Арал теңізінің жағасы мен Ұлытау, Кішітау өңірлерін жайлаған. Кейінгі зерттеушілердің еңбектері де осы деректің растығын көрсетуде. Мәселен, Т. Ә. Тыныбайынның 2014 жылы Алматыда жарық көрген «Шыңғысханның атамекені мен ататегі және тілі мен діні» атты кітабындағы тың мәліметтер қисынымен, бұлтарпас дәлелімен ерекшеленеді. Жоғарыда моғолдан тарайтыны айтылған «нирун» (арқа) уақыт өте келе «арқаның елі», «арқалықтар» деп айтылғаны анық. Кейіннен атақ-даңқы шартарапқа жайылып, ел іргесі нығайғанда сырттағылар «Арқалық ел» деп атаса, өздеріне «қиян» деген атау берген және Нирундардың ірі руларының бірі «Нүкіз» еді. Әбілғазы баһадүрдің «Түрк шежіресінде» қатаған, ұрғыт, маңғыт, барлас, қият, дулат сынды рулар нирунға жататындығы анық жазылған. Тіпті, «Нирун» – нұр рулары немесе нұрдан жаралған» деген мағына береді» – деген анықтама берген. Сондағы Барлас руынан Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірдің шыққандығы баршаға белгілі.
Моғолдың бір тармағы «татар» руы шежіресіне көз салсақ, оның алшын, тана, дөйт (шөмекей), таз секілді рулардан құралатынын көруге болады. Яғни, ежелгі татарларға Кіші жүз рулары кіргендігі бірден көзге ұрып тұр. Демек, Шыңғыстың әкесі Есукейге у беретін татарлар сонау б.з. ІІІ ғасырдан бері моғолдармен қанаттас, көршілес қоныстанып жүрген түбі бір жужаннан тарайтын түркі рулары екен. Бұл жайында белгілі жазушы М. Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» атты тарихи хикаясында мынадай ой айтып: «...Қайткенде де Шыңғысхан өз ұлысын Еке Моғұл Ұлысы деп атаған, Еке Моңғол емес. Себебі, сол замандағы араб, парсы деректерінде, Қапқазия, Батыс Еуропа жазбаларында «моңғол» атауы ұшыраспайды. «Моңғол» – нақтылап айтсақ, «мэн-гу» – қытай дәстүріндегі тауарихқа тән атау» – деп тарихи дерекке жұма қараған көздерді аша түседі. Қысқа әрі түсінікті айтылған пікірге алып, қосарымыз жоқ.
Міне, осылайша бірін-бірі толықтырған тарихи фактілер еш қиындықсыз-ақ таспадай өріліп келеді. Өздерін өзгелерден артық көрген тайпалар аймақтағы билік үшін ғасырлар бойы бірін-бірі қырғынға ұшыратып отырған. Шыңғысханның баласы Шағатайдың ұлысы ыдырап, батысында барластан шыққан Әмір Темір мемлекеті, шығысында Тоғылық Темір негізін қалаған Моғолстан мемлекеті ХІV ғасырдың орта тұсынан ХVІ ғасырға дейін өмір сүрді. Онда Шыңғыс тұқымдарынан кейінгі билік – ұлысбегілікті дулаттар мен жалайырлар атқарғаны тарихтан белгілі. Мысалға, мемлекеттің әр кезеңдерінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасынан шыққан Поладшыны, кейінгі Қамарад-Дин мен Шамсад-Дин деген әмірлерді айтуға болады. Қазақ тарихының ғұламасы Әлкей Марғұлан 1941 жылы: «...Жетісудың сол кездегі саяси атауы Моғолстан болса, мекендеген тайпалары ресми тілде «моғол» деп аталады. Бірақ бұл Моғол деп отырған көшпелі тайпалар моңғол да емес, ұйғыр да емес, Түрік тілінде сөйлейтін сол жердің тарихи заманнан келе жатқан тұрғын халқы. Екінші түрде айтқанда Моғол деп аталған елдер Ұлы Жүз Үйсіннің құрамына кірген үйсін-дулат, қаңлы, шанышқылы, жалайырлар» – деп жазады. Яғни, моғолдың түгелімен түркі тұқымдастар екендігін, моңғолдың аты түгіл заты жоқтығын осылай дәлелдейді.
Бұдан кейін Моғолдардың тарихы 1366-1405 жылдары Орта Азияның әйгілі билеушісі, Шыңғысханның аталасы, Барластан шыққан Әмір Темірдің шөбересі Бабырдың Үндістанға шабуылы кезінде қайта жалғасады. Делиді өзіне бағындырған Бабыр шах лауазымын иеленген соң Үндістанның солтүстігінен жинаған 100 мың әскермен соғыс жорығына шығып, Бихар, Бенгал аймақтарын бағындыру арқылы Ұлы Моғолдар империясын құрады. Осынау аса қуатты Ұлы Моғолдар империясы өз билігін ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін жүргізді.
Дегенмен, көкейде тұрған: «Түркі текті моғолдың тарихы неге тұңғыс-манжур тұқымына жататын «моңғол» жұртына телінді?» – деген аса маңызды сұрақ жанға тыныш берер емес.
...Менің ойымша бұл жағдаяттың тамыры тым тереңде, шамалап айтсақ б.з. ХІ–ХІІ ғасырлардан басталады. Сенбесеңіз, зерттеуші ғалым Мұрат Аджидің «Полынь половецкого  поля» кітабына көз жүгіртейік. Онда: «...А начало всему положил            В. Мономах, который 1116 году изьял Летопись Несторову из Печерского монастырья и перевел ее свой придворный Выдубицкий монастырь, где текст попал к игумену Сильвестру. Он-то первым и «переписал» историю Руси» – деп нақты мәліметтерді аяусыз бұрмалаудың себебін таныстырады. Сол арқылы Ресейдің қолдан жасалған жалған тарихының қашан, қалай жазылғанын тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Бұл үрдісті билеуші топтар жан-жақты жетілдіріп, жүйелеп, барынша қолдап отырған сыңайлы. Соның шалығы кейіннен талайға жұқты. ХІХ ғасырдан бастап «үндіеуропалық» көзқарасты берік ұстанғандар адамзат қоғамындағы белгілі бір топты басқалардан артық көрсетіп, «Жаратушының пәрменімен пайда болған» деген жөнсіз түсінікті тықпалады. Бұл өз кезегінде «арийлік», «атлантизм» секілді тарихи даму барысында өзіндік ғылыми теориясы қалыптасқан саланы бағытынан жаңылдырып, біржақты бұрмалауға жол ашты. Соның кесірінен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан кейін билікке қол жеткізіп, «арийлікке» бой ұрған Адольф Гитлердің фашистік тағдыры кейінгіге сабақ. Сол тұстағы көптеген мемлекеттердің саяси элитасы бұл идеяның қуатын жақсы сезініп, сыртқы саяси салада жан-жақты пайдалануға бет бұрды. Мәселен, Патшалық Ресейдің біздің бөлек екенімізді біле тұра іс-қағаздарына «киргиз» деп жаздырып, қазаққа шекеден қарауының астарында саяси құйтырқылық жатыр емес пе?! Патша билігін төңкеріспен алған большевиктік Кеңес билігі коммунистік-интернационалдық насихатты бетперде етіп ұстап, іс жүзінде ұлы орыстық шовинизмді берік ұстанғаны бұлтартпас ақиқат. Бұл бағытты шарықтатып дамытуда алдыңғы ғасырларда «орысты бодандыққа алған», жалпы славян тарихына, мәдениеті мен тіліне ажырамастай сіңіскен «түркілік ықпал» олардың көзіне күйік болды. Тіпті, ұлыорыстық «шовинизм» дертінің шалығы тиген бірқатар саясаткерлер осынау «түркілік ықпалдан» тазару жолында өзгелерді төмендетіп көрсету, басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, тілін, дінін жою, бұрмалау секілді астыртын әрекеттерді жүзеге асыруды басты міндеттің біріне айналдырды. 
Бізге «аға» болып, мәдениет пен өркениет әкелген ұлы орыс халқының қолдан жасаған тарихындағы кейбір деректер жаға ұстатады. Құмық зерттеушісі Мұрат Аджи әйгілі еңбегінде: «Славян в Древнем Киеве у власти не было. Об этом убедительнее свидетельствует и текст договора, заключенного 911 году между киевскими князьями и Византией. «Мы от роду Русского, Карл, Ингелот, Фарлов, Веремид, Рулав, Гуды, Рауль, Карн, Флелав, Рюар, Актутрунян, Лидулфост, Стемид...». Вот кто представлял Русь Х веке. «Имена первых русских людей варягов и их дружинников – почти все скандинавского происхождения» – отмечал В.О. Ключевский (1841–1911). Славяне у русов в Х веке были и оставались «живым товаром» источником дохода: ими русы торговали на невольничьих рынках Византии и Востока. «...позже стараниями простодушных летописцев переделанные на славянский манер: Хельга стала – Ольгой, Ингвар – Игорьем, Вальдемар – Владимиром» – деп масқара мәліметті ортаға салады. Бұдан шведтік Русь тайпасының тарихын славяндық орыстардың өзіне аударып, көшіріп алғаны байқалады. Демек, бар тәжірибені неге «бұратана халықтарға» пайдаланбасқа? Сөйтіп, жауынгер Қазақ ұлтының тарихын Моңғолға аударып, тұтастай бір ұлтты тарихынан, мәдениетінен айырып, мәңгүртке айналдыру көзделді. Міне, отаршылдық саясаттың озбырлығы, құдайсыздар иелік еткен Кеңес билігінің сұрқиялылығы осындай. Озық мәдениеті, мінсіз дүниетанымы бар, көңіл көкжиегі бай түркі тілді халықтардың  тілін, дінін және тарихын кейінгіге танымастай етіп жеткізуді басты міндет етіп алу керек еді. Өйткені, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған түркітектестердің өз тарихына жетік болуы Қызыл империяның біртектілігіне, «еуразиялық» ұстанымына қарама-қайшы болатын. Осы бағытты күн тәртібінде қатаң ұстаған кеңестік саяси-идеологиялық билік 1940 жылдардың соңынан бастап түркі халықтарының рухани мұрасына, батырлық жырлары мен тарихына шүйлігіп, қыспаққа алып, шектеуге ұшыратты. Оның орнына жан танымастай бұрмаланған жалған тарихты дәріптеуге жан аямай кірісті. Сөйтіп, Түркі тектес ұлттар мен ұлыстардың өткені мен рухани болмысына, тарихына Қызыл империя қиянат жасап, ғылыми еңбектердегі түркі руларының бәрін «моңғол» етіп көрсетті. Мысалы, 1206 жылы көктемде Өнен мұра (Іле) өзені бойында өткен моғол тайпаларының құрылтайында Темучинді (Теміршын) ақ киізге көтеріп хан (қоңтайшы емес) сайлаған меркіт, керей, татар, найман, жалайыр руларының елағалары еді. Олардың бәрі де түркі тайпалары екенін бесіктегі балаға дейін біледі. Ол аз десеңіз, осы уақытқа дейін Ұлы қаған иелік еткен ұлан-байтақ аумақтан бірде-бір моңғол тайпасының дерегі табылған жоқ. «Шыңғысхан» журналының 2013 жылы шыққан №4 (9) санының 73-бетіндегі мынадай мәлімет назар аудартпай қоймады: «...байырғы жұрты Дәшті-Қыпшаққа түп көтеріле ауған соң қаңырап қалған Ұлы Далаға бірте-бірте жылжи көшіп, ақыры Шыңғысханның түпкі қонысына ие болып қалған Халха жұрты өзінің моңғол екенін советтік биліктің көмегімен тек 1923 жылы ғана біліпті». Яғни, қазіргі Моңғолия мемлекетінің кеңестік кесір саясаттың ықпалымен құрылғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тарихтың аты тарих. Қанша бұрмалап, өзгертсең де ерте ме, кеш пе, шындық бәрібір ашылады. Қазіргі моңғолдар ХІІІ–ХVІ ғасырларда жазылған тарихи мәліметтерді оқып, түсіне алмайды. Демек, Шыңғысхан тарихының бүгінгі Моңғолиямен ешқандай байланысы жоқ. Солай бола тұрса да «моңғол Шыңғысхан» әлемдік деңгейдегі ұзақ жылдарға созылған, күрмеуі қиын, тарихи даудың негізгі өзегіне айналды.
Түркі текті Моғол мен Моңғолдың (Халха) аражігін нақты деректермен талдап, кейбір күңгірт тұстарды ашу үшін жан-жақты түсініктеме бердік. Әрине, бұл тақырып одан әрі зерттеуді, анықтауды, зерделеуді, толықтыруды қажет етеді. Соңғы нүктенің қойылуы тарихты зерттеушілердің еншісінде.


Қали Ибрайымжанов,
тарихшы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі