ЖАЙБАСАРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1048
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы аясында банктер үйлі болуға үміткерлерге алғашқы несие бере бастады. Алайда бұл жоба облыста әлі де қарқын ала қойған жоқ. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тұрғындармен кездескенде осы мәселеге айрықша тоқталды.

 

Алматы қаласындағы облыс әкімдігі өкілдігінде өткен кездесуде:
– Бағдарлама шарттарына сәйкес тұрақты табысы бар азаматтар осы бастама негізінде несиеге үй алуына болады. Несиеге берілетін тұрғын үй құны орналасқан өңірге байланысты белгіленуде. Айталық, Астана мен Алматыдағы үйдің бағасы 25 млн. теңге шамасында болса, облысымызда 15 млн. теңгеден жоғары. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол, ауылдық жерден тұрғын үй немесе меншік үй сатып алуға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндікті өңірдегі екінші деңгейлі банк өкілдері толыққанды пайдалана алмай отыр. Баспанаға мұқтаж азаматтар арасында осы бағдарламаның тиімділігі дұрыс түсіндірілмеуде, – деді Лаззат Махатұлы.
   Осыдан кейін аудан басшылары мен өңірдегі екінші деңгейлі банк өкілдері жайбарақаттыққа салынбай, бағдарламаны жүзеге асыруда белсенділік танытуды тапсырды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов аталған бағдарламаның механизмін баяндады.
– Жуырда Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында болып, жұртшылықпен кездесуде тұрғындардың «7-20-25» бағдарламасына қызығушылығы зор екендігін байқадым.  Бұл бағдарлама бойынша несие алуға басында мүлкі жоқ, тұрақты табысы бар әр қазақстандық қатыса алады. Тіпті, отбасы мүшелерінің бірінде баспана болса да, ипотекаға өтініш берген адам пәтер ала алады. Бастысы, оның табысы мен төлем қабілетіне мұқият назар аударылады. Несиенің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл, – деген ол бұл уақыттан да ерте өтейтіндерге еш шектеу жоқтығын атап айтты.
   Жиын соңында мердігер компания өкілдеріне облыс жұртшылығын «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету істерін  ширатып, құрылысы біткен жаңа пәтерлерді банк арқылы тездетіп сатылымға шығару жұмыстары жүктелді. 

Ұлбосын ИСАБЕК.