Қазақты жамандама, қазақ бала

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1579
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Арамызда беталды сөйлесе де беті қызармайтындар қаптап барады. Көргенін, білгенін, қолымен ұстағанын айтса бірсәрі, дүрсін долбарлайды, өзінше кесіп-пішуге әуес. «Ағасы, мұның ұят енді» десең, «сенде құлақ жоқ екен» деп қолын бір сілтейді. Қанағатсыздығынан ба, әлде қызғанышы жанына тыныштық бермейді ме, бас-көз жоқ өтіріктің сорпасын сапырады. Реті келсін-келмесін, отырған жерінде біреуді күндейді келіп. Оның өткен өмірі, жүрген жолы маңызды емес, кемшілігі болса жетіп жатыр. Әйтеуір, өзінен жақсы күн кешкеннің бәріне ызалы. Тәуірді табалайды, көршісін алалайды.

Бұл әңгіме қайдан шықты дейсіз ғой. Журналист болған соң іссапарда жиі боламыз. Бірде Жаркент қаласында  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты үлкен жиын өтті. Бізді арнайы шақырған соң бармауға болмады. Ыңғайымызға қарай апарып, алып келетін такси жалдауға тура келді. Көп ұзамай қалаған жүргізушімізді де таптық. Бойы ұзын, қарны қабақтай, мінезі тасыр кісі екен. Жасы 50-ге таяп қалған. Біз ұсынған бағаны аздау көріп, үстіне тағы бір-екі мың қосуымызды сұрады. Асығыс болғандықтан айтқанына көндік. Есептесіп тұратын уақыт жоқ, оны шопыр ағамыз да ұғатындай. Жиыннан қалсақ ертеңгі жариялар мақаламыздың мәні ашылмай қалғалы тұр. Неғұрлым тез жетсек, соғұрлым жақсы. Не керек, айтқан теңгесін амалсыз қолына ұстатып, қаладан жылдамдатып шықтық та кеттік.
Содан қойшы, ұзақ жол болған соң кісікиік кісіміздің қабағы ашылып, жадырап сала берді. Бізден алатын ақшаның құдіретінен бе екен, кім білсін, әйтеуір, бар жағдайымызды жасап әлек. Қазақы әндерді қатар-қатарынан қойып, сарша тамыздың аптап ыстығына бойұрған бізге терезесін бір ашып, бір жабады. Онысы жел ұрып суық тиіп қалмасын деген ойы. Қаладан ұзаған соң көңілі орнына түсті ме, жолды қысқарту үшін әңгіме айтуымызды өтінді. «Сендер үлкен ортада, елдің алдында көп жүресіңдер ғой, білмейтіндерің жоқ шығар» деп бізді еріксіз сөзге тартты. 
Тасжолдың ызылы құлағымызға түрпідей тиген соң түзу әңгіме айтсақ айтайық деген ниетпен байтақ жеріміздің шүйгін екенін, оны бізге тарту еткен бабалардың батырлығын сөз еттік. Елбасының көрегендігін, мемлекетіміздің мәртебесі өсіп келе жатқандығын мақтанышпен тілге тиек етіп отырмыз. Қазіргі саясаттың салмақты жақтарын да сабақтап өттік. Бір тақырыпты көтерерде қайта-қайта шопыр ағамызға қарап қоямыз. Барған сайын қабағына қар жауғандай қатулы. Ойымыз бір жерден шықпағанына наразы секілді, тіпті жүзі де бұзыла бастады. Анда-санда мырс етіп қояды. Әңгімеміздің ауаны басқа жаққа ауып бара жатқанына қапалы. Оны ішімізден сезіп отырмыз. Қой, артық айтып тыртық қылармыз, аман-есен жетіп алайық деп ары қарай тізгінді таксистің өзіне ұстаттық.
 Бағанадан бері булығып отыр екен. Біздің әнтек әңгімеге бармағанымыз мұның абыройына нұқсан келтіргендей. «Жоғарының адамы болғандықтан жарытып ештеңе айтпайсыңдар ғой. Әйтпесе сендер былық-шылықтың бәрін білесіңдер», – дейді назданып.
 Кенет көлік ішін бір тыныштық билеп, доңғалақтың салдырынан басқа дыбыс шықпады. Шопырымыздың ішіне бір нәрсе сыймай отырғандай. Жанарының астымен артына бір, жанына бір қарайды. Аздан соң бойындағы ашуының томағасын ағытты ағамыз. Үкіметке деген өкпесі ішіне сыймай келе жатыпты. Бірден жамандай жөнелді. Кімді дейсіз ғой? Баяғы сол билікті.
 – Қазақстан алдағы 50 жылда қандай деңгейде болады? Өзбекстан халқы тәуелсіздік алған 25 жылда 10 миллионға көбейіп, қазір 32 миллионға жеткен екен. Ал бізде ше? КСРО тарағанда 17 миллион едік, әлі сол деңгейдеміз. Енді 25 жылда өзбектер 50-60 миллионға жетуі мүмкін, ал қазақстандықтар қанша болады? Оны ешкім ойлап та отырған жоқ. Бүгінде біздің елде қызтекелер әбден етек жайды. Барлық жерде тәнін сататындардың ордасына айналған сауна мен қонақүйлер көбейді. Осындай халықтың болашағы бар ма? Биліктегілердің бірі оны ойлап отырған жоқ. Шеттерінен парақор. Алдында інімді ақша беріп жұмысқа тұрғыздым, танысымның туысына айтып жүріп. Соның бәрі менің ашуыма тиеді. Кейде мен қазақ болып туғаныма өкінемін. Орыстар сияқты күн кешсек қой. Мәселен, солтүстігімізде 150 миллион халқы бар Ресей тұр. Қазір олар жыл сайын 3 миллионға көбейіп отыр. Себебі бұл елде «Материнский капитал» деген бағдарламамен өмірге келген екінші баладан бастап 20 мың доллар көлемінде ақша берілуде. Ол қаражатты тек үй алуға, баланы оқытуға, денсаулықты түзеу мақсатына ғана жұмсай аласыз. Арақ ішіп немесе тойдың шығынына жұмсауға болмайды. Егер осындай қаржы берілсе Қазақстанда да бала туу көбейер еді. Қазір Ресейде ұлттық саясат кейінге ысырылып, алға мемлекеттік идеология шыққан. Бүгінде біздің елімізде қазақтардың үлес салмағы 70 пайыз дейміз, бәрі өтірік. Оны жоғарыдағылар қолдан жасап отыр. Бұлай жүре берсек түк шықпайды. Елде жұмыс жоқ. Мен сияқты таксистер толып кетті. Кейде маған қазақтан сорлы халық жоқ сияқты көрінеді, – дейді «саясаткеріміз». Мына кісінің мәнсіз-дәмсіз деректерін естігенде бір ақын досымның «таксистердің бәрі ақылды» деген сөзі ойыма оралды. Өзінің сауатсыздығын өзгеден көретін мәңгүрттердің әрекеті келді көз алдыма. Осылай айтудың не керегі бар. Өзімізді өзіміз төмендеткеннен не ұтамыз?
Шыны керек, қазақ жұмыссыз қалса, әйеліміз ұл тапқандай қуанып, “өздеріне сол керек” деп кешке жақын теледидардың алдында мамық жастыққа жантайып алып “қазақтың жалқаулығы”, “қазақтың надандығы” туралы әңгіме соғып, ләззат алатындар көбейді. Қолынан түк келмейтін қазақты әбден жамандап, құлағының құрыш етін қандырған соң кеудесін бір қуаныш сезімі кернеп, рахатқа кенеліп, тәтті ұйқыға бататындар да қаптап барады. 
Кемсітетіні қазақ. Бір ала алмай жүрген өші бардай. Өзі осы ұлттың перзенті бола тұрып бұл әрекетіне ұялмайтыны жанымызға батады. Олардың бұл кербақтығын көрген жастарымыз болашақта осылардың жасағанын қайталамасына кім кепіл?! Осы турасында айтқан қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметованың өлеңі бар. Онда:
 Қазақты жамандама, қазақ бала,
 Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.
 Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
 Қазақтың жанашыры – қазақ қана, – дейді ақын ана. Расында қазақтың қазақтан басқа панасы жоқ. Болмақ та емес. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп Абай атамыз тегін айтпаса керек. Әлемнің барлық келімсектерін бауырына басуға әзір қазақтың өз бауырына жүрегі жібімейтіні несі екен осы?!

Мұхтар КҮМІСБЕК,
“Жетісу”