Қарттарым жүр секеңдеп...

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1180
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Той-думанның ортасында немересімен жасты жандармен қолтықтасып, шыр көбелек билеп жүретін қарияларды көргенде ақсақал, ата немесе әже деп айтуға аузымыз бармай қалатыны несі екен?! «Қара жорға», «Қамажай» сынды ұлттық биді кәсіби тұрғыда, нақышына келтіре насихаттап жүргендердің жөні  бір бөлек, әрине. Біздің айтпағымыз басқа.

Өзінің ақыл тоқтатып, жас ұрпаққа өнеге көрсетер үлкендігін ұмытқан, заманауи әнге секеңдеп билеп, жиналған көпшілікке күлкі болып жүрген қарттар қаншама?! Олардың биі түсірілген бейнежазбалар ғаламтор желісінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап тұр. Қазақтың тойында бата беріп, төрінде отыратын қариялардың би алаңында таяғын оңды-солды сермеп, кейбірі, тіпті, аунап құлап, енді бірінің секіргеннен киімі сыпырылып жатқандығына не себеп?!
Әрине, жасарын жасап, асарын асаған қарияларымызға сын айтып, мін тағуға біздің еш қақымыз жоқ. Тек оғаш көрінетін мұндай билер қатары сейілсе дейміз қоғамда. Себебі, біздің түсінігіміздегі әже – жүзінен шуақ пен мейірім төгіліп тұратын, емірене сөйлеген әрбір сөзі еркелетуге жақын келетін жан десек, ата – ұлттық намысты қайрап, патриоттық рухты шыңдап, ұл-қызына қазақи тәлім-тәрбие беруші биік тұлға емес пе еді?!
Көңілі жас болған  соң биге құштарлық танытуында тұрған не бар дегің-ақ келеді. Бірақ ширақ қимыл мен биге икем болмаған соң ортаға шығып, көптің күлкісіне қалудың қажеті нешік? Ақсақалды қария мен ақ жаулықты әжеге бұл қаншалықты жарасады дейсіз? Немере жетектеп, мәнді де салиқалы әңгіме өрбітіп, жастарға батасын беріп, ақыл айтып отырғаннан артығы жоқ-ау, шамасы. Тойға барса да, үйде отырса да бастысы – соңынан ерген ұрпаққа үлгі боларлық іс көрсетсе болғаны.
Тойда өрескел билеп, оның әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртқа тарап кететіндігін, тіпті, тарап үлгергендігінен де бейхабар қарттарымыз бар. Мәселен, әнге делебесі қозып, сол ортада ғана биледі делік. Ал оны сырттан бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желімен көпке тарата салатын қызыққұмар жастар жеткілікті. Ғаламтор мен жаңа технологияның тілін біле бермейтін үлкен кісілер елге масқара болғандарынан хабарсыз қалады. Әлемнің әр бұрышынан кез келген уақытта «YouTube» желісін ашып, жаңағы бейнежазбаны тамашалай аласыз. Бірақ мұндай ашықтық, анығырақ айтсақ, масқаралық ол кісілер үшін әлі де белгісіз болуы әбден мүмкін.
– Тойда асыр салып билейтін қатарластарым жоқ емес, бар. Мойындаймын. Сол үшін өзім де ұяламын. Бірге еріп барып, соңында биге шығып секіріп кететін таныстарым бар. Жолыңды жастарға босатып беретін уақыт келгенде артық күлкіге қалмаған абзал деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Рәзила апа.
Енді бірі «атың шықпаса, жер өртенің» кейпімен думандатып билеп, ел есінде қалғысы келеді. Дегенмен, қайсысын алып қарасаңыз да, ұлттық менталитетімізге қарама-қайшы дүние екендігі айтпаса да түсінікті. Себебі, тойға бала да келеді, келін мен немере де сонда жүруі ықтимал. Тәрбиенің діңгегі ата мен әже деп алатын болсақ, мұндай көріністі тамашалау оларға қандай үлгі көрсетпек?!

Түйін:

Жастар алдыңғы буын өкілдеріне қарап бой түзейді. Олардың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, үлгі-өнеге алады. Бұл қашанда солай болған, бола да береді. Сондықтан әр қадамды аңдып басу қартқа да, жасқа да тән. «Күлсең кәріге күл» дегендей, билеймін деп масқара болған ата-апамызды мазақ еткенше, сондай бейнежазбаларды түсірмеуге және таратпауға тырыссақ екен. Өйткені, ол да біреудің анасы, әкесі, тағы біреудің атасы мен апасы. Керісінше, мұндай жайтқа куә болсақ, уақытында ән мен биді тоқтатып, өкінішке соқтыратын өрескел қимылдың алдын ала білген жөн.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА,
“Жетісу”