Үш тіл білу - заман талабы

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1806
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ағылшын тілі – жаһандық тіл. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру бұл, ең алдымен, халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің талабы.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Президентіміз Н. Назарбаев: «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде, 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайзиялықтар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?» – деген болатын. Сондай-ақ, Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде де: «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кемі үш тілді болуы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруі тиіс. Еуропада көптілділік қалыпты нормаға айналған, біз де осы қатардан міндетті түрде табылуға тиіспіз. Ағылшын тілін кең тұрғыда білмей, ұлттың нағыз бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын», – деген еді.
Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше, пайдасы ұшан-теңіз. Туған тіліңді білуге тиісті емессің, міндеттісің дер едім. Ал басқа мемлекеттің алдында өз елінің дәрежесі биік екенін мойындату үшін жеті тілді жетік меңгеру артық етпейді. Шет тілін білу – уақыт талабы. Адамның қарым-қатынаста әрі өз ойын жеткізуде тіл білуі оның жан-жақтылығын және білімділігін көрсетеді. 
«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы партияның «Үш тілділікке өту» жобасын өз өңірімізде жүзеге асыра бастады. Өткен аптада ауданымыздың ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен мектеп басшыларының  қатысуымен «English for jastar» жаңа жобасын іске асыру бойынша «Шет тілін білу сән емес, заман талабы» атты «дөңгелек үстел» өткізілді.
«Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқытуды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет. Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: әліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кәсіби тіл», – деп  партия Төрағасы айтқандай, көптілді білім беруді дамытуға басымдық танытуымыз ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді. Өмірден өз жолын табуға, беделді кәсіпті игеруге, өзіне және өзінің отбасына жақсы көңіл-күй, жарқын болашақ сыйлауға тырысқан оқушылар үшін шет тілдерін білу қажеттілігін қамтамасыз ету – аға буынның, яғни, біздің басты парызымыз. Осы орайда Қаратал ауданының білім бөлімімен келісе келе, Елтай ауылдық округіндегі, Бастөбе ауылдық округіндегі және Үштөбе қаласындағы С. Морозов атындағы №51 орта мектептерде үстіміздегі жылдың 17 қыркүйегінен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жоғары курсынан үш студент сабақ өте бастады. Студенттер еріктілікпен партия жобасының жүзеге асуына белсене араласып,  9, 10, 11-сынып оқушыларының арасынан ағылшын тілін меңгеруге ниет білдіруші, әр мектептен 30-ға жуық оқушыны тегін, аптасына үш сағаттан оқыту үрдісін жүргізуде. Оқыту жыл соңына дейін жалғасады. Елтай ауылдық округіндегі Елтай орта мектебінде Еркежан Төребаева,  Бастөбе ауылдық округіндегі    М. Горький атындағы орта мектепте Диана Абилхамитова, Үштөбе қаласындағы С. Морозов атындағы №51 орта мектепте Евгения Марейсик есімді болашақ ұстаздарымыз, партиялық жобаға еріктілік танытушы қыздарымыз дәріс беруде.
Елбасы қойып отырған міндеттің негізгі бағыты өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете білетін жеке тұлға қалыптастыру болса, бұл жағынан Қаратал ауданындағы «нұротандықтар» да қалыс қалған емес. 

Ж. Теңелбаев,
«Нұр Отан» партиясы 
Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары