Тәртіптік іс қаралды

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 856
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында 13 тәртіптік іс қаралды.

Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Мұқышеваға қатысты тәртіпті істі Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Жандос Нұрмаханов таныстырды. Оның айтуынша, қалалық бөлімнің басшысы үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тілге арналған жиналысынан рұқсатсыз шығып кеткен. Соған байланысты шағым түсіргендер Эльмира Мұқышеваны мемлекеттік қызметкерге сай емес әрекет көрсетті деп есептейді. Алайда дәлел ретінде ұсынылған аудиожазбаны тыңдап шыққан Әдеп кеңесінің мүшелері ондай оғаш қылықтың жоқтығын, тіпті, Мұқышеваның жиналыс төрағасынан рұқсат сұрағанын естіп, шағымды негізсіз деп тапты. Осыған орай «Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің» 5-тармағы, 7 және 14-ші тармақшаларын бұзғаны үшін қарастырылған ескерту түріндегі тәртіптік жазаны кеңес мүшелерінің қолдамауына байланысты тәртіптік іс тоқтатылды.
Келесі кезекте Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ахтанберді Қалқабайға және Қапшағай қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жалғас Ахметжанға қатысты тәртіптік іс тыңдалды. Онда моноқаладағы Индустриальная көшесі, №16 жер телімінің анықтамасын беруге қала әкімі орынбасарының рұқсат еткені, алайда ол жердің «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамына тиесілі екендігі айтылып, соған орай сот шешімімен қалалық сәулет және қалақұрылысы берген анықтаманың негізсіз жасалғандығы дәлелденеді. Соған орай Әдеп кеңесінің мүшелері ҚР «Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп Кодексінің» 5-тармағы, 3-тармақшасын бұзғаны үшін Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ахтанберді Қалқабайға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануға, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы, 1-тармағын бұзғаны үшін Қапшағай қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Жалғас Ахметжанға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануға дауыс беріп, ұсынысты қолдады.
Кеңесте Ұйғыр ауданы әкімінің аппарат басшысы Сұлтан Исламовтың қызметтік көлігін жүргізуші куәлігінсіз жүргізгені үшін қозғалған тәртіптік іс қаралды. Тамыз айының 3-4 күндері жүргізілген арнайы рейд кезінде Ақши–Шонжы–Қалжат тасжолында жергілікті полиция қызметкерлері «Ниссан Эсперо» маркалы  көлігін тоқтатады. Құжат тексеру кезінде лауазымды тұлғаның жүргізуші куәлігі жоқтығы анықталып, Ұйғыр ауданының ішкі істер бөлімінен қажетті мәліметтер сұралады. Одан бөлек, деректер базасында Ұйғыр аудандық сотының шешімімен Исламовтың автокөлікті мас күйде жүргізгені үшін 2018 жылғы 28 желтоқсанға дейін көлік жүргізу құқынан шеттетілгені де белгілі болады. Осындай өрескел әрекет сол сәтінде-ақ әлеуметтік желілерге таралып, қоғам тарапынан қызу талқыға салынды. Мемлекеттік қызметкердің осындай өрескел ісі расында жауапқа тартылуы тиіс қадам. Осыған байланысты Әдеп кеңесінің мүшелері ҚР «Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің» 5-тармағы, 7-13 тармақшасын бұзғаны үшін Ұйғыр ауданы әкімі аппаратының басшысы Сұлтан Исламовқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануға бірауыздан дауыс берді. Бұл соңғы жаза. Бұдан кейін кемшілік орын алса мемлекеттік қызметтен аластатылады.
Одан кейінгі мәселені облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Нариман Әбілшайықов таныстырды. Ол биыл жыл басынан бері мемлекеттік автокөлікті қызметтік емес мақсатта пайдалану деректерін анықтау бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесімен таныстырып, қызметтік көлікті жеке шаруасына пайдаланған мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөнін жариялады. Оның айтуынша, демалыс күндері жүргізілген рейдтік шара кезінде ұсталған жүргізушілердің басым бөлігінде қызметтік жолдама болмаған. Атап айтқанда, Ақсу ауданы әкімінің жүргізушісі Нұржігітов, «Облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиесілі автокөліктің жүргізушісі Байділда, Балқаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Хамитов, Талдықорған қаласы әкімі аппаратына тиесілі автокөліктің жүргізушісі Тұрғанбеков сапарлық жолдама болмағаны үшін, облыстық «Білім басқармасының Шонжы политехникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарасты автокөлік жүргізушісі Усманов колледж директорының жұбайын орталық базарға әкелгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, Талдықорған қалалық коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Көктем Талдықорған» шаруашылық мекемесінің жүргізуші Байсановтың жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталған. Мұндай кемшіліктер көптеп табылады. Соған орай толтырылған хаттамаларға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту беріліп, кемшіліктердің түзетілгені белгілі болды.
Одан соң облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындысы тыңдалып, Панфилов ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Д. Төреханов пен Көксу әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ұ. Досымбековтың қызмет нәтижелері сараланды. Алқалы жиында облыс әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Батыржан Байжұманов мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және мемлекеттік органдардағы қызметтік этиканы сақтау бойынша «Талғар ауданы әкімінің аппараты», «Іле ауданы әкімінің аппараты», «Балқаш ауданы әкімінің аппараты», «Қарасай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемелерінің қызметін талдаудың нәтижелерін таныстырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Әдеп кеңесінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев биылғы 8 айдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстардың қорытындысын жариялады.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
“Жетісу”