Қант қызылшасын қабылдауда

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1042
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
Ақсу  қант зауыты  биылғы  маусымдық жұмысын бастады. Алғашқы күннің өзінде зауыт шаруа қожалықтарынан  600 тонна өнім қабылдады. Он жылдан аса уақыт тоқтап тұрған кәсіпорынның қазандықтары кезек-кезекпен жаңартылуда.
Биыл   кәсіпорын қызылшаны қайта өңдеуден өткізуге арналған бірнеше  жаңа қондырғы сатып алды. Зауыт директоры Самат Мәдірбаевтың айтуынша, қолданысқа берілген күннен бері кәсіпорын қондырғыларының 60 пайызы жаңартылған. Бүгінде онда 280 адам жұмыс істеуде. Ендігі міндет – зауыттың қабырғасын қалыңдату.  Яғни, бірқалыпты температураны сақтауға мүмкіншілік туғызу. Жөндеу жұмысы аяқталуға таяу.   Қабылдау пунктіне 20 мың тонна қант қызылшасы жиналған кезде зауыт іске қосылады. Кәсіпорын бар қуатымен жұмыс істегенде жұмысшылар саны 600-ге жетеді. Яғни, қайта өңдеу шарасы күндіз-түні тоқтаусыз жүзеге асырылады. Зауыт басшысының айтуынша, тәтті түбірдің әр тоннасын кәсіпорын 8 мың теңгеден бағалап алады. Ал мемлекет тарапынан әр тонна қант қызылшасы үшін шаруа қожалығына 10 мың теңгеден субсидия беріледі. 
Ақсу ауданының шаруалары биыл 2020 гектар жерге тәтті түбір еккен. Аудан әкімі Әділбек Далбағаевтың сөзіне сүйенсек, өнімнің қанттылығы жақсы. Биыл өңірге Франция, Германиядан әкелінген тұқым себілген. Сарқан ауданы өткен жылы 1600 гектарға тәтті түбір тұқымын сепсе, биыл қызылша алқабын 2000 гектарға жеткізген. Сарқандықтар былтыр гектарына 370 центнерден өнім алса, биыл ол көрсеткішті 400-410 центнерге жеткізбекші. Барлығы 80-85 мың тонна өнім өткізсек деген талабы бар. Олар былтырдан бері «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 18 жаңа техника алды. Өнім өндірушілердің арасында «Жасқанат», «Мадияр» шаруа қожалықтары көш басында. «Ақсу» қант зауытына Алакөл ауданы да қант қызылшасын жеткізеді. Бірақ олардың кейбір елді мекендері үшін  қызылшаны теміржол арқылы Көксу ауданына жеткізген тиімді. Жол шығыны аз. Сондықтан, Ақсу қант зауытына негізінен көршілес жатқан қос аудан әкеледі. 
Қабылдау пунктіне көліктермен жеткізіліп жатқан қант қызылшасы біркелкі. Зиянкестер тіс батырмаған. Балғын өнім  қантты мол беретіндігін байқататындай.
 
Гүлжан ТҰРСЫН,
“Жетісу”
Ақсу ауданы