Еңбек тәртібі сақталады

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1093
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы аумақтағы техникалық инспекторларға арнап «ҚР Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау» тақырыбында семинар өткізді. 

 

Жиынға Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жауапты өкілдері Хамидолла Сағындықов, Батыр Әлиев және облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары           Қ. Жақсылық,  облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма инспекторы        Ә. Арапов, аудандық, қалалық комитеттер мен оқу орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар қатысты. Бес жылда бір рет өтетін шараның бірінші, екінші кезеңдері қыркүйек-қазан айларында, ал соңғысы алдағы жылдың қаңтар айында аумақтық ұйымда өткізілмекші. 
Қазіргі таңда 62 бастауыш ұйымда жиналыс-семинарлар өтіп,  төрағалардың жартысына жуығы жаңадан сайланды. Сонымен қатар, атқару комитеті мен бақылау-тексеру комиссиясының құрамы өзгертіліп, аудандық, қалалық конференцияларға делегаттар сайлануда.
Семинарларды өткізудегі мақсат – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыру, есеп беру-сайлау жиналыстарын жоғары деңгейде өткізу,  кәсіподақ ұйымының төрағаларына әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету. Семинарда Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөнінде баяндама жасады.  Ол облыстың білім беру ұйымдарында 478 техникалық инспектордың барын айтып, еңбек қауіпсіздігін сақтау барысында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 
Сөз кезегін алған Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп-      одағының бас маманы Батыр Әлиев Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес өндірістік кеңестердің рөлі мен міндеттері туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал салалық кәсіподақтың бас маманы Хамидолла Сағындықов есеп беру-сайлау өткізудің жұмыс жүргізудегі маңыздылығын айтып берді. Жиында  кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау жайы  әңгіме арқауына айналды.  Жекеменшік кәсіпорындардағы еңбек шартының бұзылуы, жұмыс беруші мен қызметшілердің арасындағы қайшылық жайы сөз болып, кемшіліктердің орнын толтыру жолдары қарастырылды. Бұл орайда болашақта жүйелі жұмыстар атқарылмақшы. Ұжым ішіндегі алауыздықтың алдын алу, еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігін қадағалау сынды мәселелер әрдайым назарда ұсталатыны айтылды.  
Жиынның соңында кәсіподақ мүшелері семинарға қатысушылардың  сұрақтарына жауап беріп, көпшіліктің ұсыныс-тілектерін тыңдады. 

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ