Жан шуағы

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1324
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жүрегі жып-жылы, жүзі жайдары ұстаз Гүлнәр Көнекбаеваны ерекше құрмет тұтамын. Тумысынан дәл осынау ұстаздыққа жаратылған жан. Артық қимыл, іс-әрекет, сөзі жоқ. Дәріс беретін шәкірттерінің жан-жүрегін өзіне баурай жүреді. Кіммен қалай сөйлесу, әңгімеге тарту, білім әлеміне жетелеуді жақсы біледі. Сол үшін де Гүлнәрдай ұстазды барлық шәкірттері жақсы көреді. Лайықты құрметтейді. Кездесе қалса жылы амандасып, жайын біліп тұрады. Бар мәнді ғұмырын ұстаздыққа ғана арнаған жанның мектеп қабырғасынан түлетіп  ұшырған шәкірттері қаншама десеңізші?! Олардың бәрі Абай атамыз айтқандай: «Дүниеден кетігін тауып, қаланған бір-бір кірпіш» іспетті. 

Кеген ауылындағы Ө. Жаңабаев атындағы және №3 Кеген орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Көнекбаева Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының 1983 жылғы түлегі. Шәкірттеріне орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келе жатқанына 35 жыл болыпты. Гүлнәр күндерін дәріс берумен өткізіп қана жүре беретін ұстаздардың санатында емес. Үнемі уақыт талабына сай ізденіспен жүретін, тынбай еңбектенетін, өз білімін ұштап, толықтырып, жаңғыртып отыратын мұғалім. Сол үшін де оның шәкірттеріне беретіні көп, ұсынары ұшан-теңіз. Еткен еңбек, маңдай тер өтеусіз емес. ҚР КҒА-ның және аудандық, облыстық білім басқармаларының, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Білімі мол, тәжірибесі жеткілікті, ізетті, мейірімді, парасатты ұстаз 2011 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісіне ие болды. Ізденістегі ұстаз 2001 жылдан аудандық КҒА-ның директоры. 2004 жылдан «Русский язык в школах и вузах Казахстана» атты республикалық журналдың белсенді бір мүшесі. Аталған журналда уақыт талабын қанағаттандырар іс-тәжірибелік еңбектері жарияланып келеді.
Гүлнәр Көнекбаева Кеген ауданындағы ұстаздар ұжымының  көшін бастаған, беткеұстар, толайым құрметке лайық мұғалім. Кеген ауылындағы үш мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мұғалімдердің тапшылығына орай қос мектепте шапқылап жұмыс істеп жүрген жайы бар екен. Біз іздестірген күні түске дейін сабағының барын айтты. Әйтеуір, жұмыс арасында жүздестіріп, шағын болса да тілдесіп үлгердік. Сонда да шаршағаны білінбейді. Үнемі күлімсіріп тұратын жүзі шуақты. Өмірін ұстаздыққа арнаған жанның бар бақыты –  шәкірттері, жылы ұясы – мектебі секілді. Әр күнгі жұмыс жанын жайландырып, көңілін өсіріп, арайлап атқан таңдарына жетелейтін тәрізді. Әсілі, ұстаз бақыты деген осы.  
Мектебінде жылы жүректі ұстаз, өз үйінде қолы шебер ана. Өмірлік серігі Асқар Абыдынов аудандық орталық ауруханадағы ел алғысын арқалаған хирург. Бірнеше медальдің иесі. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген Айгерімдей қыздары әке жолын қуған. Қазір Талдықорған қаласындағы облыстық онкологиялық диспансерде онколог-хирург. Күйеубаласы Дидар бизнес саласында. Асқар аға мен Гүлнәр тәтеміздің шаңырағынан шыққан Асан Маздақ      та әке жолын қуған ұл. Қазір          С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 6-курс студенті. Болашақ хирург. Грант иесі. Үнемі айналасына шуақ шашып жүретін, жас ұрпаққа білім мен ізгіліктің дәнін сеуіп –жүрген ұстанымы бөлек, ұстаздық келбеті жарасқан Гүлнәрдың жұдырықтай жүрегіне осының бәрі өмір бақыты, еңбек қуанышы, жанұя шаттығы нәр береді, әр береді, алғы күндеріне жетелейді. Қуанышыңыз азаймасын, қымбатты ұстаз, дейміз шын көңілімізбен!

Қанат Біржансал
“Жетісу”

Кеген ауданы