Отандық тұқым озып тұр

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1164
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Саймасай ауылындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-тәжірибелік егістік алқабында ғалымдар мен диқандар бас қосып, «Отандық жүгері гибридтері селекциясына жаңа жетістіктерді енгізу және оны қолданудың тәжірибелік аспектілері» атты тақырыпта жиын өткізді. ҚазҰАУ мен «Будан» элиталы-тұқымдық кәсіпорны бірлесе ұйымдастырған шараға еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарынан келген ауылшаруашылық саласының мамандары, фермерлер, ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

Жиында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өңірде аграрлық саланың ілгері қадам басуы жаңа технологиялардың, ғылыми ізденістердің нәтижесі екеніне тоқталды.
– Бүгінгі таңда аудандағы ауылшаруашылық саласының даму қарқыны ойдағыдай. Ғылымға ден қою арқылы шаруалар сапалы әрі мол өнім алудың жолдарын меңгере бастады. Өңірде интенсивті технологияларды тиімді пайдаланып жатқан шаруа қожалықтары аз емес. Оң бастамалардың арқасында аудандағы ауылшаруашылығынан алынатын өнімнің жалпы көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтады.
Биыл облыс бойынша 80 мың гектар алқапқа жүгері дақылы егілсе, соның 23 мың гектарынан астамы біздің үлесімізде. Өңірде жүгері өсіру шаруашылығы өрісін кеңейтіп келеді. Осындай басқосулар фермерлер жұмысының жандануына өз септігін тигізетіні анық, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Ауылшаруашылық саласының білікті мамандарын даярлауда Қазақ ұлттық аграрлық университеті көш бастап тұр. Оқу орнындағы агротехнологиялық хаб құрамына кіретін ғылыми орталықтар жұмысы инновациялық дамуға негізделген. Аймақтардағы оқу-тәжірибелік алаңдары студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруына мол мүмкіндік туғызуда. Бұл туралы аталған университеттің Интеграция және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенбай Исламов баяндады.
– Біздің университет Еңбекшіқазақ ауданымен тығыз байланыста. Мұндағы егістік алқаптарында, сүт фермаларында, жайылымдарда студенттеріміздің тікелей өндіріске араласып, өз саласын жете зерттеуіне кең жол ашылып отыр. Тәжірибелік алаңдардағы ғылыми зерттеу жұмыстары аграрлық саланың жандануына зор ықпал етеді, – деді Есенбай Исраилұлы.
Келесі кезекте сөз алған «Будан»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Еркен Шәкеев отандық жүгері гибридтерін өсірудегі кәсіпорын жетістіктерін паш етті. Бүгінгі таңда аталған шаруашылық елімізде жүгері өсірумен айналысатын жеке шаруа қожалықтарының 75 пайызын отандық тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. 2010 жылдан бері «Будан» Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесіп жұмыс істеуде. Университет ғалымдары ашқан жаңалықтарды өндіріске енгізудің арқасында жүгері тұқымының өнімділігі де арта түскен.
Жиынға арнайы келген шетелдік инвесторлар да өз жобаларымен таныстырды. Израильдік «VIP-групп» компаниясының басшысы Виктор Полевойдың айтуынша, азық-түлік тапшылығы адамзатқа ортақ проблемаға айналады деген болжам бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем елдерін азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын санаулы мемлекеттердің тізімін ұсынған. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Өйткені елімізде химиямен өңделе қоймаған жер ресурстары әлі де баршылық. Сондықтан осы бастан аграрлық саланың әлеуетін арттырып, алынған өнімдерді экспортқа шығарудың мүмкіндігі мол. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге арналған өздерінің дайын жобалары бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиында ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері және жүгері өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалық иелері де өз ойларын ортаға салды. Шара соңында Қазақ ұлттық университеті, Алматы қаласы ауылшаруашылық басқармасы және республикалық жылыжайлар ассоциациясы арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Жиынға қатысушылар оқу-тәжірибелік алқаптарда өсіп тұрған отандық жүгері гибридтерімен танысты. «Будан» ЖШС-нің ғылыми селекциялық бағдарламасының басшысы, биология ғылымдарының докторы Лазар Койич мырза жүгерінің әр буданына жеке-жеке тоқталып, оларды өсіру технологиясын шаруаларға түсіндірді.
– Еңбекшіқазақ ауданында ғылыми-практикалық семинарлар жиі өтіп тұрады. Бұл фермерлер үшін өте маңызды. Өйткені мұндай жиындарға қатысқан сайын тың жаңалықтарға қаныға түсесіз. Жүгері өсірумен айналысқаныма біраз жыл болды. Сондағы байқағаным, отандық жүгері тұқымдарына деген сұраныс ешқашан толастаған емес. Сондықтан «Буданның» жұмысына тек сәттілік тілеймін, – дейді Іле ауданынан келген «Рамис» шаруа қожалығының иесі Алипаша Гасанов.

Болат МӘЖИТ,
“Жетісу”

Еңбекшіқазақ ауданы