Қазақстандық кәсіпорындар тізімделді

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1127
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдеріне отандық тауар өндірушілер тізімі таныстырылды. Аталмыш тізім палатаның taldykorgan.atameken.kz  ресми сайтында орналастырылды.

 Тізімде кәсіпорындар сала бойынша бөлініп, компаниялар жөнінде толық ақпарат (тарихы, тауар атаулары мен бағасы, өндіріс көлемі, тағы басқа да мәлімет) бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев отандық тауар өндірушілер тізімі кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар үшін өзекті және шынайы ақпарат көзі болып саналатынын айтты. Сонымен бірге, тізім кәсіпорындарды халықаралық көрме-байқауда, форумдар мен сауда-экономикалық миссияларда іріктеп, отандық кәсіпорындарға қолдау танытпақ. Тізім кәсіпорындар жөніндегі толық мәлімет өткізу нарықтарын іздеу мен баға саясатын қалыптастыруда да маңызды. 
Жиын барысында кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әділ Қасқарауов қазіргі таңда тізімде құрылыс, машина жасау, тамақ өндірісі бойынша 100-ге тарта кәсіпорын туралы ақпарат жарияланғанын айтты. Алдағы уақытта тізім туризм, ағаш өңдеу, фармацевтика, целлюлоза-қағаз, жиһаз өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерімен толыға түспек. 
Айта кетейік, жыл басынан бері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қайта өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша 2200-ден аса кәсіпорын арасында сауалнама жүргізген, соның ішінде облыс бойынша тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын шығару, химия өнеркәсібі, жиһаз және ағаш өңдеу, жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша 208 кәсіпорынның қызметіне талдау жүргізілген. 
– Талдау қорытындысына сәйкес облыстағы кәсіпорындардың орташа жұмыс басымдығы 54 пайызды құрайды. Бұған өнімді тұрақты түрде өткізу нарықтарының жоқтығы себеп болып отыр. Осыған байланысты отандық тауар өндірушілер тізімі алдағы уақытта тапсырыс берушілер, жергілікті және шетелдік инвесторлар мен нарық өкілдері үшін шынайы ақпарат көзі қызметін орындайтын болады, – деді палата сарапшысы Әділ Қасқарауов. 
Бұған қоса жиында аталмыш тізімді құру маңыздылығы айтылып, бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері өз қызығушылықтарын білдірді. Сонымен бірге, отандық тауар өндірушілер тізімін тұрақты түрде жаңартуға, кәсіпкерлік субъектілер мен салаларды кеңейтуге біріге күш салу қажеттігі аталып өтті.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ