Туған күн

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1231
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тағы күз келді. Бұл жолы бұрынғыдай емес. Алдымыз бұлыңғыр. Бастауыш сыныпты жаңа бітірген бір топ оқушы енді басқа ауылда білімін жалғастырмақ. Жаңа мектеп, жаңа достар, бәрі де біз үшін әлі шешілмеген жұмбақ іспеттес. Көктал деп аталатын алпыс үйлі ауылдағы бала саны аз болған соң мектеп тек бастауыш сыныпқа дейін ғана-тұғын. Қалған сыныпты екі шақырым қашықтықтағы Шұбар ауылына барып-келіп оқиды. Ата-анамның ол кезде не ойлағанын білмеймін, мені Шұбар емес, 10 шақырымдық Қосағаш ауылына аттандырды.
Не керек, сөмкемді асынып, алғашқы қоңырауды басқа мектепте қарсы алдым. Табалдырығын жасқана аттаған соң сынып жетекшім оқушылармен таныстырды. Ал олар болса, қабақтарын шытып, жақтырмай қабылдады. Ең соңғы партаға барып жайғастым. Ешкіммен сөйлеспеймін, қойылған сұрақтарға жауап та қатпаймын. Ертесі қызарған көзбен сыныбыма келдім. Түнімен жылағаным бірден білінсе керек, бірден «жылауық» атандым. Жетпегені осы еді. Сабақты озат оқитын мен енді жұмған аузымды ашпаймын. Ұстаздарға оным ұнамаса керек, жұлқып-жұлқып тақтаға да шығарғаны бар. Бірақ аузымнан сөз суырып ала алмады. Күнім де, түнім де жылаумен өтіп жатты. Жұбатуға тырысқан Ержан көкемнің (әкемнің ағасы) екі қызы асты-үстіме түсіп әлек. Жаңа ауылдан да, сыныбымнан да тез-ақ жалығып, үйіме қайтудың айласын ойластырдым. Кәдімгідей ұрысқа дайындалған жауынгерлер секілді алдымен барлығын бақылап алдым. Үйге кімнің қашан келіп-кететіні, қай уақыттың ыңғайлы екенін белгілеп, қашу операциясын бастап та жібердім.
Түс мезгілі болатын. Барлығымыз далада әзірленген дастарқанда тамақтанып отырдық. Соңғы екі-үш күнде жылауды қойғанмын. Онымды осы үйдегілер үйренісіп қалды деп ойласа керек, алдымда бәйектенбейді. Нысанам – көше жанындағы әжетхана. Асымды жылдам тауыстым да соған кіріп кеттім. Үлкендер қызу әңгімеге кіріскен кезде білдірмей шығып, алды- артыма қарамай безе жөнелдім. Әл-дәрменім біткенше жүгірдім. Артыма қарауға дәтім бармайды. Бастысы, осы жерден құтылып кетсем болғаны. Кеш қараймай ауылыма жетіп, анамның ыстық құшағына енуді ғана ойлап келем. Қатты сағынғаным соншалық, күнде түсіме де кіріп жүрді. Ұйықтаған сайын өз үйімде бақытты күн кешіп жүрем, ал оянғанда қатты өкініп, өксігімді баса алмай дал болам. Анамды, әкемді, ағамды, іні-қарындасымды көз алдыма елестетіп, қазір соларға жетерімді көңілге түйген сайын желмен жарысып жүйткей түсем. Ойым алысқа жетелегенмен бойым шаршай түсті. Қара терге әбден малынып, азырақ аялдауға тура келді. Көктал өзенінен шөлімді басып, жуынып алған соң қайта жолға шықтым. Енді алдындағыдай емес, ақырын, асықпай бірде жүріп, бірде жүгіріп отырамын. Әйтеуір ауылым көзіме ілікті-ау. Жақындаған сайын жүрегім атша тулап, көзімнен жас парлады келіп. Қосағашты, сонда өткен күндер мен жаңа мектепті ойлап, бойымда бұрын-соңды кездеспеген үрей пайда болды. Қуып жетіп қайтадан алып кететін сыңайлы. 
Қотырқайық тауының тасасына күн тығылып, қызыл шапағын шашады. Құдды қимай кетіп бара жатқандай. Ол да соңғы амал-әрекетін істеп, сәулелерімен қармануда. Осынау арпалыста қараңғылық жеңіске жетіп, күнді тұңғиығына алды да кетті. Көз байланып, алдымен қарауыта бастаған сәтте жаңағы қорқынышым одан әрі еселенсін келіп. Мен де соңғы күш-жігерімді сарп етіп, ауылға қарай ағызып келем. Ақыры жеттім-ау. Ауылға кіре салғанда бірінші үй Нұржан атамдікі (әкемнің үлкен ағасы)  болатын. Кір-қожалақ түрімді көрген олар үрке қарап, ұшып түрегелді. Жуындырып, шөлімді қандырып, өз үйіме ертіп шыққаны сол еді, қақпа сыртына «Жигули» көлігі тоқтап, ішінен Жангүл жеңгем шығып, мені бас салды. Қасқыр көрген ешкідей бақыра бердім, бақыра бердім. Ал ол болса барлық денемді тінтіп, аман-саулығымды тексеріп бәйек. Содан соң келген көлігіне отырғызды да үйіме алып келді. Анамды көргенде сөйлеуге шамам жетпей, сағынышым көзімдегі жасыммен бірген төгіле түсті. Аздан кейін: «Бармаймын, оқымаймын» деп байбаламға бастым. Әкем болса, сәл жымиып: «Туған күнің құтты болсын» деп бетімнен сүйді. Сөйтсем, 7 қыркүйек менің туған күнім екен ғой. Әр күздің басында сыныптастарым сыйлықтарын көтеріп келетін. Ол кездің сыйлығы қалам, дәптер еді. Бұл жолы олай болмады, сыйлық алғаным былай тұрсын, ол күн мүлде ұмыт қалыпты. Міне, осылай өмірімде алғаш рет туған күнімнің өтіп кеткенін білмедім. 
Арып-тозғанымды көрген ата-анам қайтадан қастарына алып келді. Бұрынғы сыныптастарыммен бірге Шұбар ауылында оқуымды жалғастырдым. Өз-өзіме келіп, қайтадан озат оқушыға айналдым. Ал Қосағаш орналасқан бағытқа бірнеше күн қорқақтап қарап жүрдім. «Жигулиге» отырғызып алып кететін секілді болады да тұрады.
Міне, жиырма бесінші күзімді де қарсы алдым. Жұмысқа бара жатып, сөмке асынған оқушыларды көрсем осы естелік ойыма орала кетеді. Шіркін, қайтадан мектепке барсам ғой.

Мәулен Әнербай,
“Жетісу”