«КІШКЕНТАЙ» КӨШЕНІҢ МАҢЫЗЫ ҮЛКЕН

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1194
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұзынағашта Кечиөрен көшесінің ашылуы бауырлас Түркиямен арадағы барыс-келістің тағы бір жарқын нәтижесі болды. Кейінгі жылдары түрлене түскен аудан орталығында жаңа көшенің бірі түбі бір түрік халқының құрметіне аталуы көпшілікті қуантты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Бағдат Әлиев бұл атау биыл ғана тұғырына қондырылған еңселі Жамбыл ескерткішінің түбінен басталатын көшеге берілуі тегін емес екенін тілге тиек етті. Себебі, Анкара қаласында бүгінде Жамбыл көшесі бар. Бұл – бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланыстардың шынайы белгісі. Ол көше шаһардың ең көне әрі табиғаты әсем Кечиөрен ауданында. Сол көшеде Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақ ашылып, ақынның бюсті орнатылған.
Ұзынағаштағы көше атын беру рәсіміне Анкара қаласындағы Кечиөрен ауданының әкімі Мұстафа Ақ мырза арнайы келіп қатысып, қазақ еліне туысқан түрік ағайындардың атынан шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл байланыс қазақ пен түрік бауырлардың бірлігі мен достығының белгісі. Сондай-ақ, мәртебелі меймандар  Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның Алматы қаласындағы бас консулы Рыза Қаған Йыл­маз салтанатқа жиналған халық алдында түркі халықтарының тамыры терең мәдени ынтымақтастығының болашақта да арта беретініне сенім білдіріп, жүректен шыққан жылы лебіздерін айтты.  
Халықаралық «Жамбыл» қорының президенті, белгілі жазушы Манарбек Ізбасар ауданның  бетке ұстар азаматтары Түркияға әлденеше рет сапарлап барып, еларалық байланысты нығайтуға атсалысқандарын, бүгінгі шара сол ізгілікті істің жалғасы екенін атап өтті. Көше аты жазылған тақтайша жанында кимешек киген апалар шашу шашып, ән-жыр айтылды. Түркиялық қонақтар Қарақыстақ пен Жамбыл ауылдарындағы Сүйінбай мен Жамбыл мұражайларын аралап, қос ақын аруағына Құран бағыштады.
Аудан орталығына кіреберіс қапталдан тауға қарай кететін жаңа көше оқтай түзу, асфальтталған, бойында сауда үйлері, балабақша, басқа да қызмет көрсету орындары бар. Көше басына ілінген тақтайшада Түркияның Кечиөрен ауданы туралы қысқаша мәлімет келтірілген. Онда Кечиөрен муниципалитеті Анкара қаласының ең ірі және көрікті аудандарының бірі екені, уығы ХІІ-ХІІІ ғасырларда қаланғаны, бұл сөздің «кішкентай» деген мағынаны білдіргенімен, халқының саны миллионнан асатыны, тарихи орындар мен идеологиялық Серік САТЫБАЛДИЕВ,
“Жетісу”маңызы зор ескерткіштерінің көптігі туралы жазылған.  

Жамбыл ауданы