Атқарылған жұмыс ауқымды

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1081
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының кезекті ХХVІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, филиалдың Саяси кеңесіне жаңадан мүшелер сайланды. Алдымен мемлекеттік Гимнді тік тұрып тыңдаған көпшілік конференцияда қаралған бірнеше мәселе бойынша дауыс беріп отырды. Солардың алғашқысы бойынша «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Дастан Шалтабаев қалалық филиалға қарасты Саяси кеңестің 2017-2018 жылдары аралығында атқарған жұмыстары туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды шолып өтті.

– Құрметті делегаттар! Есеп беріп отырған 2017-2018 жылдар аралығы партиямыз үшін саяси оқиғаларға толы, нәтижелі кезең болды. Партия қатары жылдан-жылға артуда, бүгінгі таңда партия мүшелерінің санына емес, сапасына  көп көңіл бөлінуде, – деген қала әкімі Дастан Шалтабаев партия атқарған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. – Қалалық партия филиалының 28 бастауыш партия ұйымында 11 200 партия мүшесі тіркелген. 2017-2018 жылдары біздің филиалдың Саяси кеңес бюросының 9 отырысы өткізіліп, 48 тапсырма берілген, оның бүгінгі күнге барлығы орындалып, жүзеге асырылды. Депутаттық  фракцияның 10 жиналысы өтіп, онда қаралған 28 мәселе өз шешімін тапты. Қалалық партия филиалының ұйымдастыруымен 2017-2018 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің 10 отырысы өткізілді. Партиялық бақылау комиссиясы 2017–2018 жылдары 23 рейдтік шаралар ұйымдастырды. Былтыр Талдықорған қалалық партия филиалы республикалық «Ең үздік қоғамдық қабылдау» байқауында 234 аумақтық партия филиалдар арасынан 3-ші орынды иеленді. «Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жобалары» атты конкурста Республика бойынша 50 жобаның қатарында Қарабасов Нұрболат Берікбайұлы жүлделі II орынды жеңіп алды.
Баяндамашының айтуынша, атқарылған жұмыстар көп, жетістік мол. Солардың қатарында қоғамдық қабылдау жұмысын атап айтуға болады. Жоспарға сәйкес, қазір тұрғындар «Электронды қоғамдық қабылдау» базасымен өтініш білдіріп, өздерін алаңдатқан мәселенің шешімін тауып жатады. Соған орай бір жылдың ішінде тұрғындардан келіп түскен 752 өтініштің 173-і шешімін тапса, 648 өтінішке қажетті кеңес берілген. Сондай-ақ, Партиялық бақылау комиссиясы мен Саяси кеңес бюросының отырыстарында 43 партия мүшесінің жауапкершілігі қаралып, 15 адам партия қатарынан шығарылса, 28 партия мүшесіне ескерту берілген. Одан бөлек, партияның 9 жобасы іске асырылып, партия филиалының желілік кестеге сәйкес жоспарланған 346 шарасы ұйымдастырылған. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам» жобалары аясында биыл 180-нен астам шара өткен. «Қазақстанның кітапханалары: Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында 3 коворкинг орталығы ашылса, «Жас Отан» Жастар қанаты қалалық филиалы 7 жобаны іске асырған.
Бұдан соң баяндаманы талқылауға шыққан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, қалалық Саяси кеңес мүшесі Ғабит Тұрсынбай мен «Алматы бояулары» ЖШС-нің директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық Саяси кеңес мүшесі Римма Салықова баяндамашының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Жиын аясында кезекті ХХVІІ есеп беру–сайлау конференциясына 28 бастауыш партия ұйымдарының есеп беру – сайлау жиналыстарында сайланған делегаттардың өкілеттілігі бекітіліп, «Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9-шы тармағының 6-шы бөліміне сәйкес Талдықорған қалалық партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
“Жетісу”