Шанханайдың шынары

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 2888
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның туғанына - 80 жыл

Күнделікті тірлік күйбеңімен жүретін қатардағы қарапайым отбасынан өз талабымен ерекшеленіп, елгезектігін, білім­ділігін, біліктілігін, зейінінің зерделілігі  мен зеректігін танытып, адал еңбегімен беделі артып, елді басқару тіз­гінін ұстап, жұртшылыққа жақсылық шарапатын тигізіп, олардың ризашылығын естіп, алғысын алған адамның тұлғасы әрқашанда Алатаудай асқақтайтыны өмір шындығы. Сондай өресі биік тұлғаның бірі ғана емес, бірегейі Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева екі қолының күшіне сенген шаруа адамының отбасында өсіп бойжеткен, халқына адал қызмет етіп, тектілік тұтқасын мықты ұстаған, бақытын еңбектен тапқан, мәртебесін еңбекпен биіктеткен туған елінің сүйікті анасындай болған шуақты да  аяулы жан еді.

Зылиха Жанболатқызының   туып-өскен топырағы құнарлы Күреңбел өңірі – киелі де қа­сиетті жер. Қазақтың баҺадүр дала дауылпаздары мен би бо­лыс­тарының, ақын-жазу­шы­ла­рының табаны тиген, тіпті сүйек­­тері осында жатқандығы жал­­пақ жұртқа мәлім. Ма­лай­сары батыр, Жоламан, Жайнақ, Сәмен, Досай, Бармақ сынды батырлар, батагөй Дүйсен, Ті­лен­ші қазы, Дәулет би, Құл­жабай, Құндақбай мерген сын­ды көріпкел әулиелермен қатар арынды ақын Қабылиса жы­рау­дың қызы Қоянкөз, Тезек төре  қоныс еткен құтты мекен. Қа­зақ­тың көрнекті ғалымы, зерт­теушісі әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов та осында тынығып, мәңгілік тыныстаған жер. Осын­дай тарихы бар, то­пырағы құ­нарлы, ауасы мөлдір Шан­ханай өңірінің шына­рын­дай шырқау биікке ұмсынып, ме­рейін еңбекпен өсірген Зы­ли­ха Жанболатқызының тұл­ғалы азамат болып қалыптасуы да заңды құбылыс. Шындығында ол тегіне тарта туған бек­зат­ты­ғы бекем екендігін нақты іспен дәлелдеген дегдар жан еді ғой.

Шырайлы өңір Шанха­най­дың жасыл желекті табиғатына  тамсана қарап, біртуар тұлға­лар­дың рухына тағзым етіп, олар­дың өнегелі өмір өр­нек­терінен тәлім-тәрбие үйрене білген Зылиха Жанболатқызы бала күнінен зерек, ұғымтал, елгезек, еңбекқор болып бой­же­теді.  Күреңбел өңірінің  кеу­де­сін көкке тіреген таулары бірі­нен кейін бірі ұштасып жатады. Осындай заңғардың бірі Түл­кілі тауы. Осы асқарлы биіктің шығыс-батысына ойысқан тұс­тағы беткейінен төменіректегі алқапта Шанханай ауылы қо­ныс тепкен. Туған жердің  таң­ға­жайып табиғи көріктілігін былай қойғанда, ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Алтынемел асуы, Матай тау­лары, Малайсары жазығы, Ар­қар­лы асуларын басып өте­тін­дігінің өзі сан қырлы таусылмас дас­тан-жыр. Әр ғасырдан сыр шертетін деректері де мол. Бұлақтары буырқана бұл­қы­на­ды. Самалы сезімді сергітеді. Белуарға дейін жете өсетін ас­тық­ты алқаптары мен шүйгін шөпті шабындықтарынан есе­тін саумал самалдың жұпар иісі тұла бойыңды баурағанда пейі­лің тоғаяды, мерейің марқая тү­седі.

Осындай табиғаты тамаша іргелі мекен Шанханай топы­рағында кіндік кесіп, жарық дү­ниеге келгендігін «іңгәләп» үн қа­тып жария еткенде әкесі Жан­болат пен шешесі Бибіш қан­дай қуанды десеңізші. Ма­ла­қайын көкке лақтырып, сүйін­шілеп жан-жаққа ат шап­ты­рып, мәз-мейрам дарқан шат­тық үстінде осы сәбиден үлкен үміт күтетіндігін ақтарыла айт­қан-ды. Шарапатты жақсы­лық­тан жанарлары да жасаураған. Себебі, сәби Зылиханың анасы Бибіш бұған дейін төрт құрсақ кө­тереді. Бірақ төртеуі де ши­кі­өкпе кезінде шетінеп кете бе­ріп­ті.  Жас иіске зарығып, бір перзентке зәру болған ата-ана өзді-өзі ақылдаса келе  жасаған иесі енді бала берсе, оған жо­ра­малдап қазақы ырым жасауға келіседі.  Кешікпей құрсақ кө­те­реді. Шарана туысымен көр­шісіндегі  зор денелі, қайратты Атамқұлды шақыртып, «бал­таласа да өлмейтін болсын» деген ырыммен кіндігін тақ­тай­дың үстіне салып кеседі. Шың­ғырып жылаған сәбиді осы­лардың жасын, жұрағатын бер­сін деген ниетпен көпбалалы үш кемпірдің аяғының ара­сы­нан өткізеді. Содан соң  тере­зе­ні сындырып, біреулерге арпаға сатып, қайтадан сатып алу рәсі­мін жасайды. Мұнысы  тесіктен түсіп қалса, есіктен қайта кел­сін деген ырым екен.

Алтынемел асуының ма­ңын­­дағы Шанханай ауылында дүние есігін ашқан Зылиха ма­сатындай құлпырған таудың жұпар иісін құшып, аңғарын емін-еркін аралап, жауқазын, жуа теретін. Тамшыбайдың Жанболат, Күнболат есімді екі ұлы болады. Жанболаттан жал­ғыз Зылиха. Анасы Бибіш өмір­ден ерте озады. Әкесі қай­ғы­ның қалың тұманын, қасіреттің сой­қан дауылын жеңіп,  бала­лық­тың балғын шағы ең қиын ке­зеңіне дөп келген Зықабасын (еркелетіп осылай атайтын) аялап өсіреді. Ұлы Отан соғы­сы басталғанда алты жастағы Зылиха басқа түскен ауырт­па­лықты  жеңуге талпынады. Аштықтың да, жоқтықтың да дәмін тым ерте татады. Әкесі Жанболат таң қылаң бере жұ­мысқа кететін де, ымырт үйі­ріле шаршап-шалдығып ора­ла­тын. Көзі қарауытып, белінен шойырылып жүрсе де сыр бер­мей­тін. Төзімді кісі еді. Қара­байыр­лау тірлік кешсе де еш­кімге қолын жайып, телмірген жан емес. Әкесі: «Жақсыны кү­шінен таныма, ісінен таны. Күш ақымақ та да бар. Ұрыны кө­­зінен таны, кісіні сөзінен та­ны. Сөзі түзудің өзі түзу бо­ла­ды», – дейді екен. Әкесінің осы қанатты сөзін көкейіне жаттап өскен Зылиха жамағайын Қа­ди­ша апайының қамқорлығымен он­жылдықты бітіреді. Бірақ ал­дан тосқауыл көп кезігеді. Әке­сі егде тартып, өгей шешесі қайтыс болады. Тұрмыстары да оңала қоймаған кез. Үй ішіндегі бас көтерер жалғыз Зылиханың өзі ғана.

Отбасының бар үмітін арқа­лап, жастайынан жетімдікті, жоқшылықты көріп өскен Зы­лиха тауқыметті тірлікке жасы­майды. Қайта қайраттана түседі. Оқығысы келеді. Жоғары білім алуды армандайды. Әкесі оған қарсылық білдірмей, жалғыз бұзауын сатып: «Қарағым, қата­р­ыңнан қалмай оқы, білім ал», – деп ақ батасын береді. Жоғары оқу орнына  түсу үшін Ал­ма­ты­ға аттанады. Құжаттарын мал­дә­рігерлік-зоотехникалық инс­ти­ту­тына  тапсырады. Бірақ қа­был­дау емтиханы кезінде  ауыл­ға барамын да келемін деп кетіп, қай­тарда кешігіп қалады. Ем­ти­хан басталып кеткен. Сынақ тап­сыруға жібермейді. Келесі жылы келесің», – деп шы­ғарып салады. «Институтқа түсу ма­ң­дайыма жазылмаған арман екен-ау», – деп өксігін баса алма­ған бетте ауылға оралады. Әкесі қы­зының оқуға ілікпей қал­ға­нына реніш білдірудің орнына,  қы­зы­ның  көз алдында жү­ре­тін­дігіне шүкіршілік етеді. «Не­шауа, қы­зым, бір әріп танымай-ақ  на­нымызды тауып жеп жүр­міз ғой. Сенің орта білімің бар. Бо­ла­шағың әлі алда. Жаныңа қуат берсін. Әлі-ақ жетілесің. Өсесің. Мамандықты да игере­сің. Тәуе­кел,  әзірше қол қусы­рып отыр­май, еңбекке аралас», – деп ақы­лын айтады.  Әке сөзін ма­құл көрген Зылиха салып ұрып ұжым­шар басшысына ба­ра­ды. «Ажарлы қыз екенсің. Қара жұмыстан гөрі оқу үйінде іс­те­генің жөн болар», – деп ша­ғын кі­тапхананы қабылдап алу­ды ұй­ғарады.

Ол кезде жұпыны ауылдың жұтаңдау оқу үйін мәдениет орталығына айналдырудың өзін­дік қиындықтары да жеткілікті еді. Оқу үйінің сәнін де, мәнін де келтіріп, сауық-сайранын үзіліссіз ұластыру жастар қо­лын­да екенін түсінген Зылиха ең алдымен көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыруға күш салады. Өнері бар талантты жастарды шақырып, құлақ­тан­ды­рулар ілінеді. Қажетті аспап­тарды іздестіреді. Драма үйір­месін құрады. Көп бейнетпен дайындалған алғашқы спек­такльді ауылдастар жапа-тар­ма­ғай келіп, дуылдаса көріп, там­са­на тамашалайды.

Еңбекке араласқан алғашқы күннен ұйымдастыру қабіле­тінің ұтқырлығын ұнатқан ұжым­шар басшылары Зыли­ханы бастауыш комсомол ұйы­мының хатшылығана ұсынады. Жастар бірауыздан сайлайды. Осылайша Зылиханың беделі кітапхана арқылы емес, өнерлі жастардың белсенділігін арт­тырудың нәтижесінде көтеріліп, талантымен ауызға іліге бас­тай­ды. Зылиха комсомол ұйы­мы­ның хатшысы болып сай­лан­ған соң: «Жанболаттың  қызы оқу үйіне жұмысқа тұрып, жаста­ры­мыз шетінен әртіске айналып  кетіп еді. Жастар жетекшісінің тіз­гінін ұстапты. Жастарымыз енді кім болар екен?» – деген күдікті сауалдар да туындайды.

Зылиха жастар жетекшісі ретінде бір жолы құрбыластары мен тұрғыластарын жинап алып: «Кәне, менімен бірге үшінші ауысымға, тұқым таза­ла­суға барасыңдар. Бұл жұ­мыс­ты біз істемесек, кім іс­тейді? Басқа жақтан ешкім де кел­мейді. Жүріңдер», – деп өзі алға шығады. Жастар баста­маны дереу қолдайды. «Жас кел­се, іске» дегендей, қырманда еңбек көрігі қыза түседі. Еңбек өнім­ділігі артады. Жастардан ар­наулы бригада құрып, қай жер­дің жұмысы өнбей жатса, сонда барып қолғабыс беру дәстүрге айналады. Басшылар да: «Біз білмей жүр екенбіз, жас­тар на­ғыз мықтылар екен ғой», – деп сенім арта бастайды. Бірде ұжым­шар бастығы: «Зылиха, енді сендерге сеніп тапсыратын бір жауапты жұмыс бар. Сауын фермасының жұмысы қожырап, кенжелеп тұр. Сауыншылар да жетіспейді. Мемлекетке сүт тапсыру жоспары орындалмай келеді. Осы саланы қолға алсаң­дар қайтеді?» – деп ұсыныс жасайды. Оған  Зылиха бірден ке­ліседі. «Мен сауыншылыққа ауы­сайын. Маған жеті-сегіз құр­бымның еретіндігіне сенім­ді­мін», – дейді.

Осы келісімнен кейін Зы­ли­ха сауыншылыққа ауысады. Жаңа бастаманы тоғыз қыз қол­дайды.  Бәрі дереу іске кіріседі. Қыздар білекті сыбанып, база­ның іші-сыртын айнадай етіп тазалап, қора-жайларды ретке келтірген соң сиыр сүтін молай­тудың жолдарын қарастырады. Жатқан жері жақсарып, күтімі түзеліп, мезгілінде сауылған сиырдың жағдайы күрт жақ­са­руға бет бұрады. Сүт те мо­лая­ды. Бұрын шығынға батып кел­ген ферма екі-үш айдың ішінде сүт тапсыру көрсеткішін арт­ты­ра түседі. Іркіліссіз ілгерілейді. Табыс көзі ашылады. Сонымен не керек, Жетісудың сауыншы қыздарының даңқы шығып, ай­маққа таныла бастайды. Еңбек өнімділігін еселеп көбейткен сауыншылардың жемісті жұмы­сын насихаттаушылар да жан-жақтан ағылып келіп жатады. Осы тұста Алматыдан Қазақ ССР-інің халық әртісі Қанабек пен белгілі ақын Қуандық Шаң­ғыт­баевтар фермаға ат басын бұрады. Сауыншы қыздарға деген шынайы ықыластарының көрінісі болар, олар «Беу, қыз­дар-ай!» пьессасын жазады. Сәтті шыққан шығармадағы бас­ты кейіпкер Айсұлу бейнесі ар­қылы Зылиханың іс-әрекеті туын­дының алтын арқауына ай­налған. Ол республикалық театр­лардың сахналарында, оның ішінде Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік ака­де­миялық драма театрында жиыр­ма жылдан астам уақыт қойы­лып, ұзақ жылдар көрерменнің көзаймына айналып, ыстық ықы­ласына бөленгендігі мәлім.

Шаруашылықтың сауын сиыр фермасына келген он қыз­дың ешқайсысы да бұлталаққа салынбады. Шалғай шеттегі көңіл­сіз тұрмысқа да шыдап бақ­ты. Бәрі бір жеңнен қол, бір жаға­дан бас шығарып, ұйым­шылдықпен еңбек етіп, қиын­шы­лықты мойындарымен кө­тере білді. Еселенген жігермен еңбек көрігін қыздыра түсті. Зылиха ферма меңгерушісі бо­лып тағайындалады. Тұрғылас құрбыларының қажырлы еңбе­гінің арқасында абырой биігіне көтеріледі. Жемісті еңбегімен жұртшылық қошеметіне бө­лен­ген жиырма үш жастағы  Зы­ли­ха Тамшыбаева Шоқан атын­да­ғы ұжымшардың сауыншылары атынан Қазақ ССР Жоғары Кеңе­­сінің депутаты болып сай­ла­на­ды. Қазақстан ком­сомо­лының ХІІ және ХІІІ съездеріне делегат болып қатысады. ВЛКСМ-ның ІХ съезіне делегат болып сайланады. Осы жолғы са­парында қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова секілді ақылшы әрі қамқор әпке таба­ды. Екеуінің сыйластығы мен сырластығы жарасып, достығы мен жұмыстағы одақтастығы ұзақ жылдар бойы жалғасын тауып, өмірлік қағидаға ұласа­ды. Бижамал Рамазанова апайы көптеген кеңес беріп, жоғары білім алуға жол сілтейді. Үлкен апасының ұсынысын құп алған Зылиха бұрын өзі түсе алмай кет­кен малдәрігерлік-зоо­тех­ни­калық институтына түсіп, оны бітіріп  шығады.

Талдықорған облыстық пар­тия комитетінің ұйғарымымен  Зылиха Тамшыбаева Көксу ау­дан­дық атқару комитеті төра­ғасының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Бұл қызметті бір жылға жуық істер-істе­мес­тен аудандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы Тұрсын Махметов шақыртып жатыр де­генге барса, «Аудан  дең­гейінде  ел басқару онша қиынға соқпай­ды. Жұмыстың қиын жері шар­уа­шылықта. Сізді сондай жерге жіберсек деп ой қорытып отыр­мыз. Оған қалай қарайсыз?» – деген сұрақты алға тартады. «Қайда, қандай шаруа­шы­лық­қа?» – дейді Зылиха. «Еңбекші» кеңшарына», – дейді хатшы. Зылиха үнсіз мүдіріп қалады. Әр кадрға үлкен сенім артатын хатшының ұсынысына той­тарыс беруге батылы да жет­пей­ді. Парасаттылығы жоғары бас­шы. Жұртпен сөйлескенде көкі­рек қақпайды. Ешкімнің ар-ож­да­нына тимейді. Талай жыл бірге қызмет істегендердің еш­қай­сысы ол кісінің пікірімен санас­пай, айтқан сөзін жерге таста­ға­нын естіген де, көрген де емес. Тек келісім беру керек. Басқадай жол табуға мүмкіндік болмай, тығырыққа тіреледі. Сонымен «Еңбекші»  кеңшарына партия комитетінің хатшысы болып ба­ру­ға келісімін береді. Ком­му­нис­­тердің бас қосқан жина­лы­сына бірінші хатшының өзі қа­ты­сып, «Тамшыбаева шаруа­шы­лықтың жағдайын жақсартады деп ойлаймын. Ол осында тұ­рақ­ты істейтін болады», – деп се­нім білдіреді. Коммунистер біркісідей қол көтеріп, жылы қабылдайды. Екі жыл партия ұйымын басқарған кезде шаруа­шылықтың негізгі саласы қант қызылшасын өсірудің қыр-сы­ры­на қанығады. Бағалы дақыл­дың өнімділігін арттыру жолын­дағы ізденіске коммунистерді жаппай жұмылдыруға игі ықпал жасайды. Битай Тәтенова сияқ­ты тәжірибелі қызылша өсіру­шілермен пікірлесіп, қызыл­шаның шығу тарихына тереңі­рек көз жүгіртеді. Шаруашылық экономикасы әдеуір нығайып, табыс молая бастаған тұста кеңшар директоры болып та­ғайын­далады. Бұл сонау 1970 жыл­дар еді. Сол уақыттан өмі­рі­нің соңғы күніне дейін осы «Еңбекші» кеңшарын білгір­лікпен  тұрақты басқарды. Өзіне және қол астындағыларға талап қойғыштық қасиетінен ауыт­қымайтын, табандылықты сүйе­тін іскер басшы шаруашылықты алға шығаруға барынша күш салады. Білімін де, тәжірибесін де, біліктілігін де аямай жұм­сайды. Еліміз нарық эконо­мика­сына бетбұрыс жасаған шақта өзі басқарған «Еңбекші» кең­ша­рының шаруасын жаңа биікке көтереді. Іскерлігі мен ұйым­дастыру қабілетін нақты іс жү­зін­де көрсете біледі. Соңғы жыл­дары шаруа қожалықтары құ­рылып, жаңаша бағытта жұ­мыс істеуге құлшыныс жасады. Елді мекен абаттандырылып, көшелері жаңа сәулетті құры­лыс ғимараттарымен көркейді. Ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін емхана, наубайхана,  диірмен, макорон цехы іске қосылды. Имандылыққа жүгі­нетін  мешіт үйі салынды.

Қант қызылшасын өсіруде  жоғары көрсеткіштерге жетіп, сол кездегі жарыстардың алғы шебінен көрініп жүрді. Бағалы  дақылдан мол өнім алу жөнінде алдына жан салмаған Битай Тәтенова мен Зәкәрия Сейітова Еңбек Ері атағын иеленді. Битай Тәтеноваға сонымен бірге Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Бағалы дақылдың кәні­гі бапкерлері Жамила Ботабаева, Бозымбай Ағыбаев және бас­қа­лардың қосқан үлестері де қо­мақ­ты еді.

Сарыөзек-Панфилов ас­фа­льт жолынан оң қалтарысқа бұра тартатын қиыршық тас төселген айдау жол бар. Жол жатқан жер тегіс болғанымен әр жерінде ойдым-ойдым шұңқыр­лар жиі кездесетін. Осы жолмен Кербұлақ өңіріне іссапармен келген «Волга» машинасы келе жатты. Көш басындағы маши­нада Димаш Ахметұлы Қонаев отырады. Кербұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы Айтақын Алпысбаев. Зы­лиха Тамшыбаева және бас­қа­лар құрметті қонақты қоше­мет­теп қарсы алады. Машинадан түскен Димаш Ахметұлы: «Апы­рай, мына жолды-ай. Қа­зақ­ты сыйлайтындар Шоқан ескерткішіне бір соқпай кет­пейтіні анық. Сондықтан жолды  жөндеу керек екен», – дейді. Осы әңгімеден кейін Шоқан бейі­ті мен ескерткішіне бара­тын он екі шақырым, одан өтіп Шан­ханайға дейінгі жиырма шақы­рым жол Димаш Ах­мет­ұлының қолдап, қаржы бөлді­р­уі­нің нәти­же­сінде даңғыл жол салуға мүм­кіндік туады.

Малайсары мен Сәмен тауы­ның етегіне ерте көктемде қы­з­ғалдақ қалың өссе, сол жылы бүкіл республикамызда ауа райы қолайлы, шаруаға жайлы,  жаңбырлы, шуақты болады де­ген тұжырым қалыптасқан. Ди­маш Ахметұлы республикалық жиналыстарға келген Зыли­хадан: «Малайсары бөктерінде  қызғалдақтардың шығысы қа­лай екен?» – деп сұрайтын көрі­неді. «Қаулап  қалың шықты» де­се, қуанады екен.

Кеңес одағы әйелдері коми­тетінің Мәскеуде өткен бір жиы­нында конференцияға қатысу­шыларға таратылған анкетада: «Сіз өмірді лайықты  сүру де­ген­ді қалай түсінесіз?» деген сауал бар екен. Осы сауалға Зы­лиха былайша жауап қатады: «Иә, лайықты өмір сүру деге­ні­міздің шын мәнісі неде? Ол, меніңше, балаларға – қуаныш, жас­тарға – талпыныс,  қарт­тарға – қамқорлық, әлсізге – қайрат, науқасқа – денсаулық, күштіге – ке­шірімділік, арсызға – ұят, ашу­шаңға – өкініш беру деген сөз. Егер сен осыларды істей ал­саң, одан тек медет аласың». «Адам баласындағы қандай кем­шілікті өте үлкен ақау деп есеп­тейсіз?» – дегенге: «Дыр­ду­лық, дүниеқоңыздық, ойдың самарқаулығы, бойдың жал­қаулығы, жеңілтек желкілдектік, ұшқалақ көбелектік, өзін өр санап, өзгені елемеушілік дер едім», – деп жауап берген.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты болып сайланған кезеңде сайлаушылардың ама­наты ретінде Мұсабек атындағы орта мектеп ғимаратын, Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы кеңшарда балалар комбинатын салуға, Көксу стансысындағы наубайхананы күрделі жөндеу­ден өткізуге депутаттық ықпал жасап, игілікті істерді жүзеге асырып, халық қалаулысы еке­нін нақты іспен дәлелдеді.

Зылиха  тағдыр қосқан қосағы Тоқсанбай Қарабасов екеуі  Сағира, Серік,  Қанат, Шолпан есімді ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиеледі. Бәрі де жоғары білімді мамандар ретінде еліміздің ір­гесінің берік болып, ырыс-құтының молая беруі жолында ең­бек етіп, өздерінің қомақты  үлестерін қосып келе жат­қан­ды­ғын естіп-білудің өзі көңілді тояттандыратын  бір ғани­бет. Туған ауылын жанындай сүйетіндігі болар, Зылиха:  «Өмірде көзімді тырнап ашқанда бірінші көрген ауылым, шаңына талай асыр салып аунаған Шанханайым, Шан­ха­найым! Сенде менің жастық дәуренім қалды, әкем мен ше­шем­­нің зираты қалды. Сенде менің беймаза күндерім, ұйқы­сыз түндерім қалды. Сенде менің сүйген жарыммен бірге қар­сы алған таңдарым, жастық леппен оянған армандарым қал­ды. Сенің тынысың, өмірің, келбетің жүрегімде мәңгілік қал­ды. Шанханайым, Шанханайым!» –  деп толғанатын-ды. Тағ­дыр қанша өмір бұйыртса, соншама уақыт туған ауы­лы­мен бір­ге болуды армандаған Шанханайдың биік шынары Зы­ли­ха­ның шырағының биікте  жұлдыздай жарқырай беретіндігі кү­мәнсіз.

*МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ

Әрбір ісін зерек зейінділікпен атқаруға дағдыланған Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаеваның көп жылғы жемісті еңбегі мен игілікті ізденістері Үкімет тарапынан жоғары бағаланды. Екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. КПСС ХХІV съезіне қатысады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумы төрағасының орынбасары міндетін атқарады. Сонымен бірге республика оқу ісінің үздігі, Көксу мен Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы атақтарын иеленді.

Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген

мәдениет қызметкері,

Алматы облысының Құрметті азаматы.