Жадырап өмір сүргенсіз

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 2049
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарғайған сары жапырақ жердің жүзін жасырып, көк аспанда лег-легімен құстар да жылы мекеніне аттануда. Тыраулап ұшқан тырналар, сыңсу айтқандай сыңқылдап бара жатқан аққу, барлығы туған жерін қимай кетіп барады. Соңында қалған ел-жұрты әр ұшқан құстың қанатына арман-мақсатын байлап, соңында қол бұлғап, келер көктемге үміт артады. Расында, жер бетін жаңартып жеткен көктем­мен бірге мақсаты орындалып, қанатына хат байлаған құсы қайта оралады. Сол топ құспен  бірге біздің қарлығашымыз, Шолпа­нымыз мәңгілік мекеніне кетті, ол көктемде қайтып оралмайды...

Бұл кішкентай ғана ой-толғам. Адам са­на­сындағы қиял десек, дәл осындай оқи­ға­ның өмірде қайталанатынын кім білген? Енді оралмайтын, ұясына қона алмайтын әдемі құсымыз Шолпан еді. Адал дос, сыйлас әріп­тес, сыршыл әпке Шолпан Жүніс­бай­қы­зының да өмірден озғанына қырық күн б­о­лып­ты. Диір­меннің тасындай шыр айналған уа­қыт-ай де­сеңізші?! Шопи деп еркелетіп, бар әңгі­мемізді соған ай­тып, жауабын тауып жатушы едік. Амал нешік? Айтпақшы, Шопидің жүрген жері әзіл мен қалжың және табан асты мереке ой­лап тауып, артын басқосуға ұластырып жі­беруші еді. Міне, сондай басқосудың бірін айтайын. Тағы да күз. Не деген ыз­ғар­лы еді. Уылдап соққан желі құлағыңа жағымсыз бір әуенді әкелгендей мазаң кетеді.  Әзілін ар­қалап, Шолпан келді. – Әй, балшығым, (ме­ні  осы­лай еркелететін) қо­лың бос па? – Иә, әп­ке. Сіз айтқанда бар жұмысты ысырып, жұм­саған жағыңызға шауып жөнелемін ғой. – Бол­ды онда, сенің бір саятшылыққа шық­қан­да әдемі тағам әзірлеймін деп айтқан әңгімең есімде. Ендеше, соны бүгін көрсетуге тура келіп тұр. Табиғатқа шығып, сарғайып желмен ұшып бара жатқан қоңыр күзбен қош айты­сып, құстарды жылы мекеніне шығарып сал­маймыз ба, – дегені. – Ой, Шопи, сіздің де айт­­пайтыныңыз жоқ. Ол құсыңыз көк­темде қай­тып келеді, несіне қоштасасың, одан да дәм­ді тағам жасап, өзіміз та­би­ғаттың ая­сын­да серуендеп қайтайық, – дедім.

– Менің де айтып тұрғаным сол емес пе, жи­­налыңдар, кеттік, – деді. Еңсеңді басқан жұ­­мыстың тіршілігін бір серпіп тастап, көңі­лің мен миыңды сергітіп қайту әр адамның ар­маны және міндеті емес пе? Табиғатқа шы­­ға­мыз деп барлығымыз жиналып, өзен жаға­сы­на қарай бет алдық.

Демалыс орны­на жет­кен­ше де Шолпан әр нәрсені айтып маңайын күлкіге кенелтіп келеді. Сонымен табиғат ая­сына, сылдырап аққан өзеннің жағасына ке­ліп тоқтадық. Тыныштық, бір ызың жоқ, үн­сіз­дік. Көліктен түсе салған  Шолпан: «Қан­дай  ке­ремет?! Не деген ты­ныш­тық, жаның жай та­бады.  Кейде  күйбең  тіршіліктен  қажыған  кез­де осындай тыныштық мекенге кетіп қалғың  келеді», – деді. Құдай-ау, Шолпанның сол сөзі бү­гін ақиқатқа айналғаны ма?! Өмірдің күй­бең тір­шілігі емес, жабысқан дауасыз дерттен қажыды емес пе? Бес жыл қас­қайып тұрып, сол дертпен күресті. Расында қажыды, шаршады, бар күш-жігері тау­сыл­ды. Ақыры өзі аңсаған тыныштық ме­кен­ге аттанды. Сол кез­де ол сөздің мәнісіне көңіл аудар­дық па? Бі­ріміз мақұлдап, екін­шіміз осы табиғатқа жиі ке­ліп тұру керек десіп жатты. Шолпанның ты­ныш­тық мекенге өзі ат­танып кететінін кім білген. Өзінің ғана емес, өзгенің де қамын ойлап, бір күн болса да сер­гіп қалуды ойлай­тын Шолпан маңайы­­на қуаныш сыйлап жүре­тін.  Жапы­ра­­ғынан  ай­ырыл­ған  тоғайға қайта жан  бі­тір­­­гендей  көңілді  демалыс өткіздік. Құс еті­­нен кәуәп, балықтан сорпа жасап, не­бір әзіл әңгіменің тиегін ағыттық. «Басқаны қай­дам, осы Ришад інімнің дайындаған ба­лық сорпа­сы­на ештеңе жет­пейді», – деп мақ­тап та қоя­ды. Қайран Шол­паным-ай, сіз­сіз сол кез­дегі мақтаған сор­паның да дәмі де татым­сыз. Оны мен де, дәм татқан достарың да іштей сезеді. Айтпаса да, іштей тынары анық. Иә, бір күнгі демалы­сы­мыз тамаша көңілді өтті. Бір-бірімізді қал­жың­ға жығып, қуаныштың күл­кісі іш тартып тұрған табиғат аясын азаң-қазаң жасады. Құй­қыл­жытқан дом­быра, әуе­леген әсем ән, бәрі-бәрі жарасым тауып жа­тыр. Иә, осылай жадырап өмір сүр­генсіз. Ал бүгін ше? Өзіңіз кеткелі қы­рық күн­нің жүзі бол­­ды. Әуеннің мақамы бас­қа, дом­быра пер­не­сінен басқа әуен ес­ті­леді. Мұңы ба­сым. Күздің ызғарлы желі өңме­ні­мізден өтіп ба­рады.

Шолпан қыз жоқ арамызда. Міне,  құс­тар­­ды емес, өзіңді шығарып салып тұрмыз. Құ­шақ жайып емес, қол қусырып дұға оқып. Өкі­нішті, әрине.

...Тағы күз. Суық жел. Жерді басқан са­ры жапырақ. Тыныштық. Ертең-ақ көктем ке­леді. Құстар қайтып оралады. Арасынан сенің құсыңды көре алмаймыз. Бірақ өзің біздің жүрегіміздің түкпірінде жүресіз.

Ришад Тұрғанбаев

Шолпанның қарлығашы

Таң ата келіншекті толғақ қысты.  Қуанғаны әлде қорыққаны белгісіз  Жүкең­нің жүрегі атша тулап, шала-шарпы киініп, көрші келіншекке қарай жүгірді.  Сөзін өркеніңді өсіріп, «тұздап» барып бастайтын пысық әйел  екіқабат көрші­сінің бүгін босанатынын  қыдырғанынан-ақ байқағанын айта жүріп, табал­ды­рық­ты аттады. Құдай қосқан көршісі бұның алдындағы ұл-қыздарының кіндігін өзі кескен. Жалаңдаған қара бәкінің жүзін лаулап тұрған отқа қыздырып жібереді де   кін­дікті түбінен «сақ»  дегізеді. Қолы жеңіл. Балалар  тез ширайды. «Тоғыз ай көтергенге емес, жерден көтергенге ұқ­саймын»,– деген екен.  Жүкең мырс етті.  Ұқсаса ұқсасын. Көп сөйлейтіндігі бол­маса ешкімге жаманшылығы жоқ. Ер мінезді. Қимылы да ширақ. Бір үйдің шаруасы өзінен артыл­майды. Отын-суды да  ешкімге арқа сүйемей  өзі таси салады. Жүкең  көрші әйелдің әмі­рімен далада жүр. Мүлгіген тыныш­тық. Әне-міне, қой қоздайды деп отырғанда  өмірге өзі­нің «қоңыр қозысы» келетін сияқты. Түсінде келіншегіне алтын сырға сыйлап жатқанын көріп еді. Қыз бала  болатын шығар. Есімін өзім қоямын. Қариялар алдың­ғы­ларын иемденіп болған. Бұл  шақалақты өзім енші­лей­мін. Үлкендерден тайсалмай бауырыма басып, өсіремін.

Таңғы тыныштықты  сәбидің  іңгәлаған дауысы  бұзды. Тұла бойы шымырлаған  әкенің көңілі толқып,  көз жасы ыршып кетті.  Сасқалақтаған жігіт ағасы есін тез жиып,  қайтадан есім ойластыра бастады.  Атын кім қоюшы едім?  Ерекше есім керек.  Бибібәтима, жоқ ауыр болады. Асылхан, дөрекілеу ме?  Сол кезде аспанға көзі түсіп кетіп еді тұп-тұнық екен. Бір шоқ жұлдыз жер әлемге жарық шашып, ерекше жайнап тұр. Таптым, қызымның есімін Ай-шолпан қоямын. Тамаша есім!  «Ата-ананың бірінші борышы сәбиге дұрыс есім беру», – дегенді  үлкендерден естіген.  Ол өз-өзіне риза. Тәубе, тәубе! Тәңірге, мың тәубе! Ұрпағым өсіп жатыр. Е, Жаратқан баламның ғұмырын ұзақ ете гөр!  Өмірде де осы жұлдыздай жарқырап  жүрсе екен. «Жаратқан тілегіңді орындайды. Орындалмаса адамдар неге жақсы сөз айт, жақсылық тіле дейді. Балам    аймаңдайлы қыз болады. Шолпан жұлдыздай жарқырайды. Атымды осы шығарады». Көңілі  босаған әкенің жүрегі езіліп, көзінің жасын бір сығып алды.

...Ай-шолпан  құлдыраңдап  тәй-тәй  басты. Көргісі келеді, білгісі келеді. Бақ қонатын бала кішкентайынан зерек болады деуші еді. Ата-бабамыз сәбидің күлкісі мен жылағанына қарап оның өскенде  қандай азамат болатынын бағамдаған. Шын күліп,  шын жылаған ба­ладан адалдық күткен. Ай-шолпанныңң  күлкісі сыңғыр­лаған ашық. Ал ашуланса, айта көрме. Алдағанға көне қоймайды. Ентігі басылғанша уатамын, айтқанға көндіремін деу бекершілік. Қулық, өтірікке жаны қас. Бірге ойнайтын балалардың арамдығын  байқап қалса жаға жыртысқанға дейін барады. Ешуақытта үйге біреуді жамандап немесе жеңіліп,  жылап келмейді. Өте зерек. Музыкаға қабілетті.  Ол кезде  бүгінгідей бірінен-бірі өткен музыка аспабы қайдан болсын?  Темірді-темірге, тасты-тасқа соққанда шығатын дыбысты тыңдағанды  ұнатады. Қайта соғады  да дыбысқа зер салады. Таңдайын тақылдатып, әр нәрсеге таңданып жүретін көрші апа: «Әй, Жүке, мына балаң тұйғын. Тіл-көзден сақтасын. Сенен бір ерекше бала туды, – дейтін. Шындығында  басқа балалардай: «әпер, бер, көтер»,– дегенді білмеді.  Естияр адам сияқты, ерекше. Өзімен-өзі. Қылықтары қызға емес,  ұлға ұқсайды. Көңілі қалаған нәрсені ғана жасайды. Шаруасына, ойынына араласқанды ұнатпайды. Қашан көрсең, ересектерше  ой үстінде.  

Бала төрт жасында қылша шығып, бірнеше күн ыс­тығы көтеріліп, жатып қалды. Анасы байғұс бөпе­сі­нің амандығын тілеп, қасынан шықпайды. Шөлір­кеп қал­ма­сын деп сусын береді. Бір күні ыстығы көтеріліп жат­қан Ай-шолпан терезеге ұзақ қарап жатты да, езуіне күлкі үйірді. Терезенің жақтауына қонған  қарлығаш қанатын сабалап, өзін ойнауға шақырғандай қылық та­ны­тады. Одан үйге  кіремін дегендей, есік-терезеге кезек келеді. Ұя салмақшы екен. Қар­лығаш ұя салған үйдің бала-шағасы көгереді, көк­тейді, өсіп-өнеді дегенді үлкен­дер­ден жиі еститін. Көп­тен дел-сал жатқан бала  қауіп-қатерден араша­лау­шы құс саналатын қарлығашты көр­генде жүзі жайнап сала берді. Оны байқап, жақсы­лық­қа жорыған  Шолпанның анасы сәбиін қымтай салып, қарлығашқа есік ашты. Ал құстың шықылықтаған дауы­сы естілісімен Ай-шолпан  оның қанат қағысын қызық­тап, жүзі бал-бұл жанды. «Е, тәубе, баламды қуантуға кел­ген екенсің ғой. Кіре ғой. Сен де балапандарыңды өсір»,– деп  қыздың анасы бәйек болды. Қарлығаш үйде бол­ғанда  бүлдіршіннің анасы да­ладағы шаруасын  алаң­сыз  істей береді.  Әкесі: «Әй, бәй­біше, үйге барсаңшы. Ба­ланың қасында бол», – десе ана­сы іштей: «Қасында қорғаушысы бар», – деп алаңсыз жү­ре береді.  Қарлығаш барда баласына алаңда­май­тынын жұбайына естіртіп айтуға ыңғайсызданады. «Баланы  құсқа бақтырғанды қай әкеңнен көрдің?», – деп қалса. Айыр құйрық асылзат  балапандарымен қоса Ай-шолпанды да қуанышқа бөлеп, бүлдіршіннің көңіл-күйін сергітті. Ол ұйқысынан қарлығаштың дауысын естіп күліп, жадырап оянады.

Ай-шолпан  қарлығашпен сырласып өсті. Ол бірнеше жыл қатарынан осы үйдің төргі бұрышына ұя салды. Екеуі кішкентай жүректерімен  жылдам түсініседі.  Да­ла құсы  үй «бала­панын» кәдімгіндей ес тұтады. Бүл­дір­шін қыз таң атысымен есікті ашып,  құсты төрге оз­дырады. Ол барда  сәбидің жүзі жадыраңқы. Аттай ту­лап арада жылдар өтті.  Әке арманы орындалып Ай-шол­пан  қаламгерлік мамандықты таңдап,  көпке қыз­мет ете бастады. Жаңалыққа жаны құмар. Ел ішіндегі игі-істерді баспасөз арқылы  жариялап, қуанышын бөліс­кенді  ұнатады. Ал қара­пайым ауыл жұрты қысалаң тір­лік кешіп жатса соны қаламының сиясы арқылы билік басындағыларға жеткізіп, кем-кетіктің орны толғанша әкім-қарарлардың тыныштығын алады. Ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына демеуші болып жүрген алтын жүректі азаматтардың мерейін  үстем етуді қалам­гер­лік парызы санайды.  Қазақ қызына тән еркіндік бар бойын­да.  «Темір тұлпарды» да тізгіндеді. Баспасөз бет­теріндегі мақаласында әкесінің аты бірге жүрді. Ағайын-туғанның, дос-жаран мен сыныптастың бетке ұс­тары. Қашан да жайнаң қағып жақсы-жайсаңның ортасында. Бірге туғандардың жоқ-жітігін жамайтын да өзі. «Жорға аттың арқасы құрғамайды» дегендей, жақсылығын ешкімге бұлдамай-ақ еңсесін тік ұстап, істі-іске жалғап жүргені. Соңғы жылдары бойжет­кеннің мойнына қызметтің  жауапкершілігі артылып,  қарлығашқа қарауға мұршасы  келмеді. Қым-қуыт тірлік өз ағысымен тез ержеткізіп жіберді.  Газеттің күн­де­лікті тапсырмасы, қала берді іссапарлар...  Жұмысы үл­кен қалада болғандықтан олар бір күнде тіршілік қайнап жатқан шаһарға қоныс аударды. Ал қарлығаштың ұясы сонда қала берді...

Бірақ,  түсінде ылғи сол киелі құсты көреді. Әсіресе, жауап­ты іс бастарда,  ұлағатты адамдар жайлы қалам терберде қарлығаш қанатымен дем бергендей болады. Сезеді,  киелі құс  маңында жүр. Мақала жазғанда қаламы қарлығаштың  ұшқандағы жолындай өрнектеле кетеді.   Ісінің жүруіне, шаруасының дөңгеленуіне асыл­зат демеу.  Арманы – әкесінің атын шығару еді.  Шы­ғар­ды. Адал  туған перзент  азаматқа бергісіз іс тын­дырды.  Облысқа танымал журналист атанды. Адал ең­бек пен төгілген тер абыройын аспандатты.  Ел-жұр­тына сыйы асып,  ағайын-туысқа беделі артып, дос-жа­ранның мақтанышына айналды. Әке шаңырағын  бай-ма­наптар есігінің алдына ат байлайтындай ерекшелеуді ойлады. Оны да хан  түсетіндей жайнатты. Бәрін жылдамдата жасады. 

Бәріне асықты. Бәріне үлгеріп қалуға тырысты.  Сөйтсек, өмірінің соңғы сәттері өтіп жатқанын ғазиз жүрек сезсе керек. Өзі де қарлығаштай ұшқыр, жылдам, бауырмал, мейірімді әрі әдемі еді. Біздің жүрегіміздің төрінде осындай жарқын бейнесімен қала берді. Қарлығаш ұя салған қара шаңырағынан Шолпанды мәңгілік сапарға  шығарып  салғалы да  қырық күн өте шығыпты. Әй, жалған, дүние-ай!..

Гүлжан Тұрсын

 

Таңжұлдыз

Қалқып жүрміз ғұмыр атты қайықта,

Кім біледі, тосар алдан жол қандай?...

Жарқ еттің де сіңе бердің ғайыпқа,

Таң алдында ататұғын Шолпандай.

Жарық болып таңсәріде атқасын,

Түу ғарышта, алыс, бәлкім айдан да...

Сен ашыпсың тіршіліктің қақпасын,

Есіміңді содан Шолпан қойған ба?!

Иығыңа өмір жүгін арта тым,

Талай түстің талапайдың өртіне.

Тағдыр сыйын жалғыз жүріп тартатын,

Таң жұлдызы айналды ма сертіңе?!

Жайсаңдардың жүрегіне үңіліп,

Айналаға достан қамал тұрғызған.

Адалдықты таңнан алсаң сіңіріп,

Тәкаппарлық жұқты білем, жұлдыздан.

Құрса-дағы заман түрлі  қақпанын,

Қайсарлықты қанға біткен бұзбады.

Атырам деп қазағымның ақ таңын,

Шарпыған-ды Желтоқсанның ызғары!

Аяласа алты Алаштың текті елі,

Сезіміңнен бұлақ ақты бұлқына.

Шолпан жұлдыз жарық берсе көктегі,

Шуақ шаштың қаламыңмен жұртыңа!

Әуелеттің  тіршілікте әніңді,

Жарқыраған үнің қалды құлақта.

Таң Шолпандай жандырдың да жаныңды,

Таң алдында жөней бердің жыраққа!

 

Қуат Қайранбаев,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.