Жаңа әліпби емлесі

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1261
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс орталығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбында кездесу өтті.

Шараға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметшілері мен тілтанушы ғалымдар қатысты. Жиынды Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Мұқышева жүргізді. Бірінші боп мінберге көтерілген А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айманкүл Алдаш жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелеріндегі шеттілдік сөздер тұрғысында баяндама оқыды. 
– Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпби негізінде реформалау мәселесінің аса маңызды тұстарының бірі ретінде қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы шеттілдік сөздердің таңбалануы айрықша назар аударады. Шеттілдік сөздердің негізгі құрамын орыс тілі арқылы енген латын, грек, славян, роман-герман, орыс, қытай тілдерінің тілдік бірліктері құрайды. Соңғы жылдары компьютерлік технологияға байланысты енген терминдік аталымдардың көлемі 70 пайызға жуық, – деген ол кірме сөздердің таңбалануына тоқталды. Әрі А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды мысалға келтірді.
Ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова латын графикасына көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар, жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндірді. Слайд арқылы халық арасында қызу талқылауда жүрген сөздердің жазылуын көрсетті. 
Басқосу барысында қатысушылардан сауалнама алынып, емлені жетілдіруге арналған деректер мен ұсыныстар жинақталды. Ұстаздар қауымы сұрақ қойып, тұшымды жауап алды және жаңа емлеге байланысты пікірлерін білдірді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
“Жетісу”