Ауылдың дәмі Алматыда

Уақыты: 27.09.2016
Оқылды: 1448
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен сенбі күні Алматыдағы «Астана» алаңында облыстық ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өтті. Сауда сөрелеріне 16 аудан мен 3 қаланың, сондай-ақ «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ тауарлары қойылды. Игі шараға облыс әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Биылғы жәрмеңкеге құны 180 миллион теңге тұратын 360 тонна азық-түлік әкелініпті. Атап айтқанда, 63,5 тонна ет, 9,6 тонна балық, 12,5 тонна сүт пен сүт өнімдері, 62,4 тонна картоп, 86,7 тонна көкөніс, 36 тонна жеміс-жидек, тағы басқа өнімдер қалалықтарға ұсынылды.
Жағымды жаңалықтан алдын ала құлақтанған қала жұрты таңсәріден бастап алаңға қарай ағылды. Ауылдың экологиялық таза, арзан әрі сапалы өнімдерін ризашылықпен сатып алып жатты.
Сауда орындарын аралағанда байқағанымыз, ауыл еңбеккерлері алған өнімдерін өндіріске айналдыруға бет бұрған секілді. Оған нарыққа жаңадан шығып жатқан дайын өнімдерді көргенде көз жеткіздік.
Сондай шағын кәсіпорындардың бірі –  Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан ауылында орналасқан «Нокина» шаруа қожалығы. Олар өздері өсіріп отырған алмадан тәтті шырындар шығаратын зауытты іске қосыпты. 
– Мұнда жұмыс үрдісі неміс технологиясы бойынша атқарылады. Бұл істі бастағанымызға бір жылдай уақыт болды. Нәтиже жаман емес, – дейді шаруа қожалығының басшысы Ғани Балтабаев.
Дәл осы шаруашылық ұсынып отырған өнімдердің қасына түрлі жеміс-жидек пен көкөністерден өндірілген павидло, пюре, тұздалған қияр мен қызанақ сияқты халық көп тұтынатын тауарлар қойылған. Бұл да Қазақстан ауылындағы тағы бір өндіріс орны. «AGROSBT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері. 
Райымбек ауданының орталығы Кегендегі «Ханская» деп аталатын кәсіпорын да осылардың қатарында. Мұнда сары май, ірімшік, сыр сияқты сүт өнімдері шығарылады. Ал Текелі қаласында орналасқан «Алақайдың» 23 түрлі печеньелері мен пряниктерінің дәмі тіл үйіреді. Іле ауданындағы «Алатау-құс» пен «Сарыбұлақтың» тауық өнімдері де нарықта сұранысқа ие. Айта берсек, мұндай өндіріс орындары облыс аймағында жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантады.
Жәрмеңкенің қызығын тамашалап жүріп алматылық тұрғын, тарих ғылымдарының докторы Бағдәулет Берлібаев ағамызға жолықтық. Екі қолына екі сөмкені толтыра ұстаған ағамыздың көңіл-күйінің көтеріңкі екені бірден байқалып тұр.
– Бәріміз де ауылдан шықтық. Сондықтан да ауылдың дәмі біз үшін ерекше. Берекеміз арта берсін. Осындай қуанышты күндер көп болғай, – деп ақ тілегін жеткізді.
Жәрмеңкенің жаңа өнімдермен толыға түскені бәрімізді қуантты. Соның арқасында қаншама ауыл адамдары жұмыспен қамтамасыз етілуде. Шағын кәсіпкерліктің дамуы бәсекелестікті тудырады. Ал бәсекелестік болған жерде сапа бірінші орынға шығатыны анық. Базар сөрелері «Қазақстанда жасалған» деген атпен отандық өнімдерге толы болатын күндер де алыс емес.
Алматы.