Тарихы терең Талдықорған

Уақыты: 29.09.2016
Оқылды: 2872
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қыркүйек айының соңғы аптасында Талдықорған қаласының күні дәстүрлі түрде тойланады. Жетісу жерінің жүрегіне айналған шаһар Қала күнін тойлауды бастап та кетті. Мерекелік шара кезінде тұрғын үйлер, балабақша, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары ашылып, қайырымдылық концерті, үздіктер байқауы, спорттық жарыстар, ауылшаруашылық жәрмеңкесі сынды түрлі мәдени шаралар өткізіледі. Осыған орай қала әкімі Бағдат Қарасаев бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді.

Жиында облыс орталығының іргесі жыл санап ұлғайып, халқының саны 166 мыңның үстіне шыққандығы, бюджет түсімдері еселеп өсіп, 36,2 миллиард теңгені құрағаны, биыл 8 кәсіпорын ашылып, 325 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылғаны, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы секілді заманауи нысандардың ашылғаны айтылып, жетістіктер мен болашақтағы жобалар сараланды. Қала әкімі Бағдат Әбілмәжінұлының айтуынша, шаһар экономикасын көтеру мақсатында «Талдықорған» индустриалды аймағы құрылып жатыр. Қазірдің өзінде онда құны 7,6 миллиард теңге болатын «Жетісу» Мажико агрокешені» ЖШС, «Достық СКД 6» ЖШС, «Сарқан Май» ЖШС сияқты 3 жоба жүзеге асырылуда. Келесі жылы қала аумағынан 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін жаңа шағын аудандар бой көтереді.
Дегенмен, брифингке орай таратылған баспасөз парақшасында қала тарихы ресми құжаттарға сәйкес 1869 жылдан басталатыны айтылған. Гавриловка ауылынан басталған тарих 1920 жылы Қапал уезінің орталығы саналған Талдықорғанға 1944 жылы қала дәрежесі беріліпті. Шындығында 2001 жылдан тұрақты облыс орталығына айналған шаһарды аты айтып тұрғандай, жоңғар шапқыншылығы кезінде бекініс, мекен болғанын айғақтайды. Балпық би, Қабылиса жырау, Жолбарыс батырдың соңынан ерген ел-жұрттың Қаратал өзенінің жағалай қоныстанғаны тарихи шындық. Осыған байланысты қойған біздің сауалымызға жауап берген қала әкімі:
– Бұл мәселе бұған дейін көтерілген. Себебі, ХІХ ғасырдағы Гавриловка селосының ресми құжаттарға тіркелгені, кішкентай ауыл кейіннен бүгінгі Талдықорғанның тарихына айналғандығы кеңестік кезеңде жазылғаны белгілі, – деп жаңаша көзқарас, жаңа зерттеу нәтижелерін жариялау келешектің еншісінде екендігін жеткізді. – Соған байланысты еліміздің тарихшылары мен ғалымдарынан құрылған зерттеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін қаланың тарихы жайлы екі кітап жарық көрді. Соңғы жылы қала аумағындағы елді мекендердің тарихын зерттеудің жаңа жұмыстары басталды. Онда ғасырлар қойнауынан сыр шертетін шаһардың әрбір тасының дерегі мен мәліметтері мұқият зерттеледі. Зерттеушілер қала тарихына қатысты жаңа деректердің табылғандығын айтып отыр. Алайда зерттеу жұмыстары толық аяқталмай оны жариялай алмаймыз. Оның үстіне, дәлелденген мәліметтер мен құжаттардан тағы бір кітап дайындалып, баспаға әзірленуде. Сондағы деректер жарыққа шыққанда қала тарихын жаңа серпінмен, жаңа леппен таныстыратын боламыз.
Брифингтің сұрақ-жауап бөлігінде қала әкімі журналистердің сауалдарына жауап беріп, барлық саланың жұмысына кеңінен тоқталды. Әсіресе, қаладағы қоғамдық көліктердің бағытын өзгерту, толықтыру жұмыстары көпшіліктің көкейінен дөп түсті. Яғни, жаңа ықшам аудандарға бөлек қоғамдық көліктер жүретін болады.


Мәди Әсетұлы.