Ел анасы ардақталды

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 2128
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұралап қалған тіршілікті жандандыру үшін іскерлік талап етіледі. Ұжымшардың ұршығын иірер белсенділердің санатынан табылған қаршадай қыздың жанары жанып тұратын. Иығына түскен жүкті  мойымай көтеріп, еңбек жолында ер-азаматтай күш жұмсап, ел анасына айналған Зылиха Тамшыбаеваның есімі мәңгі жасайды. 

Күреңбелдің Шанханайында шыр етіп өмірге келіп, дарқан далаға атын аңыз қылған Зылиха Жанболатқызының туғанына биыл 80 жыл толды. Бұл қуанышты көксулықтар ерекше атап өтті. Әуелі бабадан қалған жосық бойынша Мұқыры ауылының маңында орналасқан ана зиратына Құран бағышталып, гүл шоқтарын қойды. 
Аталмыш рәсімнен кейін зиялы қауым Зылиха Тамшыбаева гүлдендірген Амангелді ауылына аттанып, ондағы ел анасы салып кеткен Мәдениет үйіне бас сұқты. Еңбектен еншісін алған жанның өткен өмірінен сыр шертер көрмемен  танысқан көпшілік облыстық «Жетісу» телеарнасы дайындаған бейнефильмді тамашалады.
Еске алу кешінің шымылдығын Мұқыры халық театры ашты. Аталмыш өнер отауының қоюымен З. Тамшыбаеваның ауданға алғаш келген күнінен Еңбек Ері атанған шағына дейінгі өмірін баяндаған көрініс жұртшылықтың сағынышын еселей түсті. Алғашқы болып Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ сөз алып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп отырған Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдық дүбірлі тойымен барша жұртты құттықтады. Оған қоса ел анасының ерен еңбегі мен                ғибратты өмірі, аудан емес, бүкіл халықтың мақтанышы екенін тілге тиек етті. Облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов жырдан шашу шашып, алдаспандай сөздерімен Зылиханың адамгершілік қасиеті мен жарқын жүзін көз алдымызға алып келді. 
Өз кезегінде сөз алған қоғам қайраткері Жомартқали Жексембинов: «Зылиха Жанболатқызы табандылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында көпке үлгі бола білді. Біздердің алған ғибратымыз жетерлік. Ол кісі іске келгенде қара нардың қайсарлығын көрсететін жан еді. Жұмысқа ғана емес, мәдениет пен әдебиет, өнер саласына да көп көңіл бөлді. Соның арқасында ауданымыздың әр жерінде қолтаңбасы, салған ізі сайрап жатыр», – дей келе көпшілікті қуанышымен құттықтады. 
Аталмыш шараны жүргізген белгілі ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлы жырдан алқа тағып, ана жолын тағылымды сөздерімен өрнектесе, танымал  әншілер Бақытгүл Әбенова, Эльмира Дәуренбекова,  Арафат Ысқақов және Телғараевтар әулеті ән әуелетті. Ерекше атап өтетіні, ел ардақтысының  ықыласына бөленіп өскен Эльмира  жүрек тебірентер монолог оқып,  тыңдармандардың жанарына жас ұялатты.
Өз кезегінде сөз алған қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов Зылиха Тамшыбаеваның еңбек жолына тоқталып, оның отбасы, ағайын арасындағы дара болмысын, ерекше қасиетін тілге тиек етті. Сонымен қатар: «Анамыздың Еңбек Ері атанғаны сіздердің арқаларыңыз»,  – деп амангелділік тұрғындар мен көксулықтарға деген ризашылығын жеткізді. Ал Зылиха Жанболатқызымен бірге жұмыс жасап, ел мен жерді өркендетуге септігі тиген Әсет Әбдіқадырқызы мен ауылдасы Таңатар Әбдірахманов замандастары жайлы естелік айтып, игілікті істеріне тоқталды. Олардың айтуынша, Зылиха анамыз еңбектің майталманы ғана емес, қоғамның да жанашыры. Қоғамға індет болып жабысқан ішімдікті ауылда сатқызбауға мән беріп, ауылдастарының «ащы судан» ұрттауына қатаң тыйым салған-ды. Осындай жып-жылы естеліктерден кейін Зылиханың үлкен ұлы Серік Қарабасов сөз алып, анасын  ардақтап той жасап жатқан көпшілікке, облыс, аудан әкімдігіне ризашылығын жеткізді.
***
Дүбірлі  той Талдықорған қаласында жалғасын тапты. Жеті күннің сұлтаны болған жұмада ел анасын сыйлаған қауым зиратына барып құран бағыштап, гүл шоқтарын қойса, «Атамекен» мейрамханасында мәдениет және қоғам қайраткерлерінің, халық қалаулыларының қатысуымен Еңбек Еріне арналған үлкен ас берілді. 
Аталмыш жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Зылиха Тамшыбаеваның  жарқын бейнесінің ел есінде сақталғанын, өңір атын шартарапқа жайғанын, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандарын гүлдендіруге күш жұмсап, ел игілігі үшін абыройлы еңбек еткенін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізді. 
Шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің Астана қаласынан жіберген жеделхаты оқылды. 

Онда халық қалаулысы ел ардақтысына деген ерекше сезімін жеткізіп, ұрпақтарына абыройлы өмір тілеген. Сонымен қатар, Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерін екі мәрте өңіріне қадаған қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова да сырлы әңгіме өрбітіп, естеліктер айтты. 
Елордадан арнайы келген «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ-ның басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова сөз алып: «Жақсының ізі сайрап жатады. Ол жайлы айтылар естеліктер мен ақтарылар тілектер де табылады. Зылиха Тамшыбаева мен үшін өте қымбат, аяулы жан. Кезінде жастар ұйымына шақырып, қызметке орналасуыма себепші болған еді», – дей келе кейіннен ел анасының екі бірдей баласын оқытқандығын, олардың қарапайымдығы мен тәрбиесінің жақсы болғаны ана жүрегінің кеңдігі мен адамгершілігінен екенін атап өтті. 
Жиында жақсының жақсылығы жырланып, әдемі естеліктер айтылып, күміскөмей әншілер ән әуелетті.
***
Ел анасы атанған Зылиха Тамшыбаеваның  туғанына 80 жыл толуына арналған салтанат «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында жалғасын тапты. Онда қазақ халқының ұлы өнерін танытып жүрген майталмандардың концерті өтті. 
Аталмыш игі шарада ұлт мақтанышы жайлы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, облыстық Бикен Римова атындағы драма театры ұжымының сахналауымен жазушы Оразбек Бодықовтың З. Тамшыбаеваға арналған «Жер тағдыры» атты драмасы қойылды. Онда диқан ананың қызылшаны қалай өсіргендігі, тығырықты сәттерден жол тауып өте білгендігі, егістікті аман алып қалғандығы  жайынан сыр шертілді. 
Жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз алды. 
– Құрметті жетісулықтар мен қонақтар! Біз бүгін қазақтың аяулы қызы, ардақты анасы Зылиха Тамшыбаеваның мерейтойын тойлаудамыз. Бұл баршамыз үшін айтулы күн, тарихи сәт. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Нағыз ер Отанының даңқын шығарады, риза болған Отаны – ерінің даңқын асырады», – деген болатын. Парасатты Президентіміздің осы айтқанындай, өмір бойы егіс даласында еңбек еткен анамыз өзінің ғана емес, Жетісудың да атын шартарапқа жайды, – дей келе киелі мекенде күні бұрын басталып кеткен дүбірлі той аясында өтіп жатқан іс-шараларға тоқталды.  Сонымен қатар, ағымдағы жылдың аяғына дейін З. Тамшыбаеваға арналған жазба ақындардың мүшәйрасы өтетінін, Талдықорған қаласындағы бір көшеге, Амангелді атындағы мектепке, Кербұлақ ауданы Шанханай ауылдық Мәдениет үйіне және Амангелді ауылына Еңбек Ерінің есімі берілетінін тілге тиек етті.
Айта кетелік, мерейтой аясында көптеген шара өтіп, игі бастамалар көтерілуде. Мәселен, 5-6 қазан күндері «Жастар» спорт сарайында еркін күрестен ерлер мен әйелдер арасында республикалық турнир өтсе, Ескелді ауданындағы Көксу ауылшаруашылық колледжінде ғалымдар мен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен қызылша өсіру мәселелері бойынша ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылған болатын. Осындай игі шаралардың жалғасы болған еске алу кешінде Астана қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов сөз алып, жетісулықтардың дарындысын даралап, батырын еске алатын қасиетіне риза екендігін жеткізді. Соныман қатар, З. Жанболатқызының Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздарымыздың сапында екендігін атап өтті.
Ізгі тілектен кейін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің, мемлекеттік «Алтынай» халық би ансамблінің және де жекелей өнерпаздардың қатысуымен концерт қойылды. Осылайша  ардақтысын  есіне алған көпшілік терең тебіреніс, толғаныспен тарқасты.

Асыл Сұлтанғазы