Інжір мен анар өсіріледі

Уақыты: 18.10.2016
Оқылды: 2359
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыста анар, інжір сияқты субтропиктік климатқа тән жеміс ағаштары өсіп жатыр десе сенесіз бе? Әрине, сенбейсіз. Біз де басында сене қойған жоқпыз. Бірақ... Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген селолық округіндегі «Қожа» шаруа қожалығының алқабына барғанда бұл ойымыздың асығыстық екеніне көз жеткіздік. Күздің қара суығында өсіп тұрған анар мен інжір жемісін көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Қолымызбен ұстап, тіпті дәмін де таттық. Тіл үйіреді. Біздің әр қимылымызға зер сала қарап тұрған шаруа қожалығының иесі Нұраддин Маткаримов екі езуін жияр емес. «Айттым ғой сендерге» дегендей қуаныштан жүзі бал-бұл жайнайды.

Нұраддин ағамыз әңгімеге жүйрік болып шықты. Бірден тіл табысып кеттік. Жетпістің үстіне шыққанымен қимылдары ширақ. Шаштары біраз селдір тартса да қырау түсе қоймаған. Ерекше күлкісімен адамды бірден  баурап алады. Әңгіме арасында күніне 10 шақырымға жүгіруді әдетке айналдырғанын да айтты. 
Нұраддин Маткаримов Қарақалпақстан автономиялы республикасындағы Бируни ауданының тумасы екен. Сол жерде ер жетіп, екі жоғары оқу орнын тамамдапты. Атап айтсақ, халық шаруашылығы мен ауылшаруашылығы инс­титутының түлегі. Алғашқы еңбек жолын агроном болып бастаған жас маман кейін бірқатар кеңшар мен ұжымшарларда басшылық қызмет істепті.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста атамекенге асыққан алғашқы көштің ішінде Маткаримовтардың отбасы да бар еді. Олар дәм тартып Түрген ауылына қоныстанады. Нұраддин аға бұл жерде де өзінің білікті маман екенін ісімен дәлелдеді. Осы ауылдағы темір өңдейтін зауытта, одан кейін Көктөбедегі сауда бөлімінде  басшылық қызметте болады. Міне, енді зейнет жасына шықса да қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінің білгір агроном екенін тағы да ісімен көрсетіп жатқан жайы бар.
– 1997 жылдан бастап «Қожа» шаруа қожалығын құрдым. Иелігімдегі бес гектар жерге алғаш рет жүзім өсіруді қолға алдым. Сөйтіп, бірте-бірте көкөніс, жүгері егуге көштік.
Отбасымыздағы бағбандық – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Менің үлкен атам Аймаханбет кезінде Хиуа ханы Мадиярдың жеке бағбаны болған екен. Міне, сол атакәсіп бізге де дарыды, – дейді Нұраддин аға.
Ал енді субтропиктік жеміс ағаштарын жерсіндіру идея­сы қалай туындады, осындай жетістікке қалай қол жеткіздіңіз деген сұрағымызға ол кісі былай деп жауап қайтарды:
– «Қалауын тапса қар жанады» деген мақал бар. Адам баласы бір нәрсеге бар ынтасымен берілсе, одан міндетті түрде нәтиже шығатыны анық. Сол сияқты, мені де бізде неге мұндай жемістер өсірілмейді деген сұрақтардың мазалағаны рас. Сөйтіп, жеке тәжірибе жасауға кірісіп кеттім. Алғаш інжір көшетін таудың етегіне  ектім. Өйткені, ол жерде ауа салқындау. Төмен температураға көшеттердің бойы үйренсін дедім. Кейін өсіп шыққан көшетке сонау Хорезмнен арнайы әкелген інжірдің тағы бір көшетін будандастырдым. Нәтижесінде біздің климатқа төзімді жеміс ағашы пайда болды. Анар ағашын да дәл осылай жасадым. Әрине, мұның бәрі айтуға оңай. Осындай нәтижеге қол жеткізуіме алты жыл уақыт кетті. Енді келесі жылы бір гектарға інжір, жарты гектарға анар ағаштарының көшетін отыр­ғызам деп жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Нұраддин ағаның жүзімдері де ерекше. Олар қыстың сары аязында да сол қалпы өсіп тұратын көрінеді. 2013 жылдың қысында «Еуразия» телеарнасы арнайы репортаж жасапты. Оған сол сюжетті көргенде көз жеткіздік. Қарлы алқапта целлофанға оралған жүзім түптеріндегі жемістер сол қалпы тұр. Мұны да оның тағы бір жаңалығы десек  болады.
– Үйренейік, тәжірибеңізбен бөлісейік деген шар­уаларға есік ашық. Өйткені, мен ынталы, еңбексүйгіш жандарды жақсы көремін. «Еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Қасиетті Жер- ана біздің ризығымыз. Оны қадірлей білсең ол да саған мейірімін төгеді, – дейді ағамыз жылы жымиып.
Нұраддин ағаның алға қойып отырған жоспарлары сәтті болса, мына алқаптан жайқалып өскен інжір мен анар бақтарын көретін күн де алыс емес сияқ­ты.

Болат Мәжит
Еңбекшіқазақ ауданы.