ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: ЕҢБЕГІ ҰШАН-ТЕҢІЗ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 1370
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елі үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі мемлекетті басқарып тұрған уақытта қаншама тарихи кезеңдерді бастан өткердік. Соның барлығында үлкен ақылмен, салиқалы саясатпен шешім қабылдап, еліміздің даму үрдісін жүзеге асыра білді. Тіпті Астананы саламыз дегенде барлығымыздың күмәнмен қарағанымыз рас. Ал қазір көз тоймас әсем шаһарға айналды. Бүгінде Астананы ол кісінің өз қолымен тұрғызған қаласы деп айтуға толық негіз бар.

Әлем алдында Қазақстанның абыройын асқақтатты. Қазір қай мемлекетке барсаң да бізді бірден таниды. Мысалы, мен талай елдің суын ішіп, дәмін таттым. Кезінде үлкен спортта жүргенімде  көптеген шет мемлекеттерді араладым. Сол кезде бізді бір сөзбен Кеңес спортшылары деп атайтын. Қазақстанның балуаны деген атауды естімедік. Қазір ше? Әлемдік жарысқа аяқ бассаң Қазақстан Республикасы деп шақырады. Бұл мен үшін де, ел үшін де үлкен абырой. Осындай мәртебеге жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы деп айта аламын.

Қаншама жастарымызды қанаттандырып, дүбірлі додаға аттандырды. Бәсекеге кетер алдында міндетті түрде батасын беріп, спортшыларымыздың бойына рух құйып, жігерін жанып жібереді. Рухтанған адамда жеңіске деген үлкен сенім болады. Сол сенім үддесінен шыққан спортшыларымыз көк байрақты желбіретіп, елдің абыройын асырып келеді.

Мұнда да, Ұлт Көшбасшысының еңбегі бар. Мен бірнеше рет Тұңғыш Президентіміздің қасында болдым. Сол кезде елдің жағдайын, ұлт қамын ойлауда жүрегі езіліп, экономиканың дамуы үшін еңбек етіп жатқанын әркез айтып отырады.

Күллі елдің алдында менің абыройымды асырып, «Қазақстанның Еңбек ері» деген атақты берді. Бұл маған жасаған құрметі болғанымен келешек ұрпақ үшін де көрсеткен үлгісі деп білемін. Осындай кемеңгерлігінің арқасында үлкен істерді атқарды. Істеген әр ісі тарих бетінде алтын әріппен жазылады. Мұндай парасатты адамды дүниеге әкелген Қазақ халқы бақытты.

Жақсылық ҮШКЕМІПРОВ,
Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері