КӨШПЕЛІ КӨРМЕ

Уақыты: 21.08.2019
Оқылды: 925
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өткенін жаңғырту әр азаматтың қасиетті борышы деп есептеймін. Осындай игі мақсатта музей қызметкерлері көпшілікті музей қорындағы жәдігерлермен таныстыру үшін  аймағымыздағы аудандарға «Алтын адам – ғасыр тарихы» атты көшпелі көрмесімен саяхат жасап қайтты. 


Көрмеге «Алтын адам» көшірмесінің нұсқасы, алтын жапсырмалар үлгісі және темір дәуірі кезінде пайдаланған ыдыс түрлері қойылған. «Алтын адам» Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес мұра. Ұлы Даланың жеті қырының бірі. Алайда сақ ханзадасының табылғанына 50 жылға жуық уақыт өтсе де көпшілік біле бермейтін аңызы мен ақиқаты жетерлік. «Алтын адамның» ашылу тарихы мен зерттелуі жайлы мәліметтер тыңдаушылардың назарын аударды. Сақ киіміндегі әрбір бөлшектеріне жете тоқталып, сипаттама берілді. Сақтар түсінігінде мәңгіліктің символы ретінде саналатын ескірмейтін, шірімейтін алтын металы о дүниеге аттанған адамның өмірін мәңгілік ету идеясымен байланыстыратыны туралы, Жер-ананы құрмет тұту мақсатында киілетін ұзын қонышты аяқкиімі жайында қызықты мәліметтер айтылды. Сондай-ақ, тіл маманы А. Аманжоловтың нұсқасы бойынша «Аға, саған, бұл ошақ, жат адам, тізеңді бүк, ұрпағымызда ас-су мол болғай» деген мағынаны білдіретін күміс тостаған мен қасықтың табылуы, сонау сақ дәуірінен бастап сауаттылық пен тамақтану мәдениетімен қатар қазақ халқының шаңыраққа деген үлкен құрметінің болғандығы туралы бәрі біле бермейтін қызықты мәліметтер көпшіліктің танымын кеңейтті.

Тілін тапса сөйлей жөнелетін, әр кезеңнен сыр шертетін саз ыдыстары туралы мәлімет тыңдаушылардың назарын өзіне қаратты. Сондай-ақ қазіргі компьютерлер мен флешкалардың да еске сақтау мишығы, осы отқа өте төзімді келетін сазбалшықтан жасалатыны туралы айтылды. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жинақтап, қайта таратуға қабілетті тек қана саз керамикасы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Шындығын айтқанда, Адам ата мен Хауа ананың өзі де топырақтан жаралған. Сазда денсаулыққа пайдасы бар 60 пайызға дейін кальций болса, адам ағзасынан барлық зиянды заттарды шығаратын радий элементтері бар екендігі туралы ақпаратты музей қызметкері қызықты жеткізе білді.

«Алтын адамның» табылуы түп-тамырымыздың қайдан бастау алғанын және ата-бабаларымыздың рухани материалдық мәдениетінің озық үлгісін айқындап, қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің ертеден қалыптасқанының үлкен дәлелі. Бұл біздің тарихымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсациялық жаңалық болып табылады.

Міне, осындай маңызы бар жәдігерлер арқылы елдің музейге деген қызығушылығын арттырып қайттық. 

Жазира ТАУЕТОВА,
М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану
музейінің бөлім меңгерушісі