ҚАЗАҚ ТІЛІ - ҒАЖАП ТІЛ

Уақыты: 21.08.2019
Оқылды: 2909
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ тілі әлемдегі ең ғажап тіл десем, артық айтқаным болмас. Ананың сүті, атаның қанымен бойымызға дарыған тіл бізбен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатыр. Ол біздің ата- бабамыздан мирас болып қалған баға жетпес байлығымыз. 


«Мен оның қасиетті тілін сүйем» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлап кеткендей, әр қазақ ана тілін сүйіп, көзінің қарашығындай қорғауы керек. Бұл күні қоғамда белең алып бара жатқан дерт тілді шұбарлаумен әр қазақ күресуі тиіс. Тіл тазалығын сақтап, ең қастерлі ұғым екенін түсінуі керек. Тілді шұбарлау – арды шұбарлау екенін жадында тұтқаны абзал. Ал ана тілін құрметтеген адам ең жақсы адам. Әр қазақтың ана тілін сүюі ең асыл қасиеттер адамгершілікке, өз елінің патриоты болуға жетелейді. Біздің қоғамда осындай азаматтар қатары көбейсе тіліміздің мәртебесі де жоғары болады. 

Елбасымыздың «Қазақстан–2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», – деген болатын. Осы ойды әрі қарай дамыту үшін күллі қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісуі тиіс. Себебі, тіліміз – бірлігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың ұлттық құндылығы, байлығы. 

Әр ұлт үшін тілден асқан байлық жоқ. Жинаған байлық, мал-мүлік, дүние барлығы да бір күні таусылады. Ал тіл сарқылмас қазына. Сондықтан әр қазақ ана тілдің мәртебесін биікке көтеріп ұстау керек. Сонда біз дамыған елдердің көшін бастайтын халге жетеміз. Әр қазақ тіліміздің болашағын ойлап әрекет етсе келешегіміз нұрлы болмақ.

С. Мұздыбаева,
Қарашілік ауылдық округінің
кітапханашысы
Ақсу ауданы