ЖЕМІС АУРУЫМЕН КҮРЕС

Уақыты: 21.08.2019
Оқылды: 1071
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Асқабақ тұқымдас өсімдіктерге (Cucur-bitaceae) қарбыз, асқабақ, қауын, цуккини, патиссон, сондай-ақ, қияр өсімдіктері жатады. Осы дақылдардың қауіпті карантинді ауру қоздырғышының бірі – асқабақ тұқымдастарының бактериалды дақ ауру қоздырғышы (Acidovorax cirtulli (Shaad et al.), оның зияндылығы өте жоғары. Бұл Acidovorax cirtulli (Shaad et al.) Еуропа, Америка және Азия елдерінде тез таралып, бақша дақылдарымен айналысатын диқандар мен тұрғылықты ел зардап шегуде.


Ауру қоздырғышы залалданған тұқым, көшет, өсімдік қалдықтары, сонымен бірге суару жағдайында су және ауамен таралады. Бақша алқаптары мен жылыжай жағдайында да қарқынды залалданып, зияндылығы жоғарылайды. Өсімдіктер ерте көктемде залалданса, 100 пайыз шығынға ұшыратады. 1989 жылы АҚШ-та (Флорида штаты, Оңтүстік Каролина, Индиана) бақша дақылдары алқаптарында ауру қоздырғышының алғашқы өршуі 90 пайыздан асты. 

Жемістегі дақ ауру белгісін білдіреді. Соның салдарынан жеміс беті жарылып, шіриді және көпіршікті экссудат түрінде ақ бактериялық массаның бөлінуі байқалады. Жемістердің балауыз қабаты пайда болғанға дейін екі, үш апта ауру қоздырғышына өте сезімтал келеді. Кейде ауру қоздырғышының белгілері жеміс бетінде көрінбейді, тек жемісті кесу кезінде ғана дақылдардың залалданғанын байқауға болады.

                                                                                

Алматы дәнді дақылдарды жерсіндіру (интродукциялық) – карантиндік көшеттігінде шет елдерден келген импорттық тұқымдық материалдар зерттеуден өтеді. Келіп түскен үлгілерден жасырын түрде сақталып қалған карантинді зиянды организмдерді анықтап, дер кезінде хабар беру аталған көшеттік мамандарының басты мақсаты. Асқабақ тұқымдас дақылдардың көшеттікте 11 мемлекеттен (Венгрия, Германия, Испания, Италия, Корея, Нидерланды, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Чили) 158 үлгісі зерттеліп, карантиндік талдаудан өтуде. Өсімдіктер вегетация кезеңінде жергілікті ауру қоздырғыштарымен залалданып, карантинді ауру қоздырғышы анықталған жоқ.

Күресу жолдары: импорттық тұқымдық материалдарды алдын ала ауру қоздырғышына талдаудан өткізу керек. Өсімдіктерді өсіру барысында агротехникалық шараларды сақтап, ауру белгісін дер кезінде анықтаған жөн. Анықталған жағдайда өсімдіктер мен оның тұқымдық материалын жойып, алқапқа көшеттік материалдарды егуді тоқтатқан дұрыс. Егер ауру қоздырғышының симптомдары болмай, оған ұқсас келсе дереу құрамында мыс бар  препараттармен гүлдеу кезеңінен жемістің түйін алып, пісуіне 20 күн қалғанға дейін өңдеу қажет.

Карантинді ауру қоздырғышының белгілері байқалған жағдайда дереу хабарлап, өсімдік ауруының таралуының алдын алыңыз. Сұрақтар мен өтініштер бойынша тел: 8 (72771) 52-560, karantin_almalybak@mail.ru  электронды почтасы арқылы хабарласуға болады.

З. ИМАНҚҰЛОВА, 
Алматы дәнді дақылдарды жерсіндіру (интродукциялық) карантиндік көшеттігінің директоры
Е. РАХМЕТОЛЛАНОВ, 
бас бактериолог