ҚОҚЫСТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕЙДІ

Уақыты: 26.08.2019
Оқылды: 614
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров испаниялық «Э-Жасыл» компаниясы өкілдерімен кездесті. Жиында қоқысты қайта өңдейтін зауыт құрылысы сөз болды.


«Э-Жасыл» компаниясының өкілдері Іле ауданында салынатын зауыт құрылысы жобасымен таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары аймақтың даму бағдарламаларына экологиялық бағыттарды енгізудің маңыздылығына тоқталды.

– Облыс аумағында жыл сайын 1,0 млн. тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Оның 440 мың тоннасы Алматы қаласының аумағында. Жиналған қалдықтың жалпы көлемі 9 млн. тоннаны құрайды. Қоқысты жинау мен шығаруды 72 кәсіпорын қамтамасыз етеді. Облыс тұрғындарын тұрмыстық қалдық шығарумен қамту – 77%. Жобалық- сметалық құжат бойынша 11 бағдарлама әзірленді. Нақтыласақ, 4 қоқыс сұрыптау, 6 қоқыс тиеу және 1 полигон салу. Талдықорған және Қапшағай қалаларында қалдықтарды  бөлек жинау енгізілуде. Биыл мұндай жинақты 2 ауданда, Текелі қаласында енгізу жоспарлануда, – деген Бағдат Сайланбайұлы испаниялық инвесторлар ұсынған жобаны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді. 

Жоба қалдықтарды кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдегі экологияға оң әсер етіп, өндірістің жаңа объектісін құруға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, құрылысы басталатын зауыт жылына 120 мың тонна қоқысты қайта өңдеуге қауқарлы. Сондай-ақ, 160 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрал-жабдықтар арнайы испаниялық компаниядан тапсырыспен алынады. Құны – 18 млрд. теңге. 

Кездесу соңынан «Э-Жасыл» компаниясы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арасында екеуара меморандумға қол қойылды. 

Еңлік ҚАБДЕШ