АҒЫЛШЫН ЖАЗУШЫСЫ ТАМШЫБҰЛАҚҚА ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ

Уақыты: 27.08.2019
Оқылды: 2126
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ  даласының тарихы тереңде.  Ұлы Даламызға   қызығушылық танытатып, талай саяхатшы келгені мәлім.  Бірі – тыңшылық,  бірі – дін тарату, енді бірі  күн көру, тағысын тағы шаруаларымен   табан тірегендер жетерлік. Солардың бірі – ағылшындық саяхатшы Томас Аткинсон XIX ғасырдың орта шенінде  жанына жары Люси Финлиді ертіп  саяхатқа шығады. Жеті жыл, жеті айда  қазақ, орыс жерінің бірталай аумағын аралап, тарихи дерек жинайды. 


Саяхатшының өмірін зерттеп, жазған күнделіктерінен кітап жазған Джон Масси Стюарт «Томас, Люси және Алатау: Сібір мен Қазақ даласындағы Аткинсондардың шытырман оқиғалары»  атты кітабының тұсаукесерін Талдықорғандағы Журналистер үйінде өткізді.  Джон мырза  Аткинсонның жеке өмірі, шығармашылығы жайлы кеңінен әңгімелеп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді. 

Аткинсон кім, ол қазақ жеріне қашан саяхат жасаған деген сұраққа жауап берейік. Ол  Орал,  Алтай,  Қиыр Шығыс,  Батыс  Сібір, Шығыс Қазақстан,  Жетісуды аралап, 1848 жылы  Қапал өңіріне  табан тірейді.  Саяхатшыларды  Жетісу аймағының басшысы барон Александр Врангель мен казак әскерлерінің командирі Степан Абакумов құшақ жая қарсы алған.  Саяхатшы бай-манап, малшы бәрімен тең  дәрежеде сөйлесе алатын әңгімешіл, ақкөңіл,  жүректі азамат болған екен. Ол Ақын Сара «Жер-жүрек» деп суреттеген Қапалдың көркем табиғатын, тыныс-тіршілігін,  мал-мүлкін,  сөйлескен адамдарының киімі мен тағынған әшекейін суреттерінде айшықты етіп көрсеткен.  Томас Уильям мен Люси Финлидің ұлы осы қасиетті мекенде дүниеге келеді.  Елдің иесін, жердің киесін сыйлаған ағылшындар  торсық шеке ұлдың есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қояды. Мұны дәм-тұзын татқан жерді құрметтеудің үлгісі десек болады.   Саяхат барысында жаяу, қайық, ат, түйе, шанамен жүріп, әбден арып-ашқан ерлі-зайыптыны Қапал жұрты ықыласпен қарсы алып, басына баспана, үйіне дүние-мүлік, баласына киім-кешекті үйіп-төгіп әкеліп береді.  Люсиге киім тіккізіп ал деп ханның әйелдері киетін маталар сыйға тартады. Есімі Алатау-Тамшыбұлақ қойылғанын естіген көпшілік нәрестеге тұлпар, түйе атайды. Шала туған баланы  жергілікті халықтың ақылымен Тамшыбұлаққа жуындырып,  аузына қасиетті тұманың суын тамызып, ширатады. Баланы қапалдықтар өте жақсы көріпті. Себебі, сол жылы жаңа туған нәрестелердің көбі шетінеп кетеді. Қандастарымыз дүниеге келген балалардың арасында ұлдың аман қалғанын жақсылыққа жориды. Баланы туған жерінде қалдыру керек деген ұсыныстар да айтылады.  Кіндік қаны қасиетті Қапал топырағына тамған Алатау Аткинсон Британияда білім алып, Гавай аралында қызмет жасапты. Жеті бала тәрбиелеп, өсіріпті. Газетке редакторлық етіпті. Аткинсон қазақ жеріне жасаған сапарында   Шыңғыс ханнан тараған  Абылайдың ұлдары Сөк, Бексұлтан төрелердің де суретін салған. Яғни, олардың да төрінде отырып, құрметін көрген.  Аткинсондар  атамекеніне жеткен соң  «Шығыс пен Батыс Сібір», «Жоғары және төменгі Амурға саяхат», «Татар даласы және оның тұрғындары туралы естеліктер» деген  кітаптар жазған.

                                                  

Табаны күректей 171 жылдан кейін Томас Аткинсонның өзін, еңбегін зерттеп жүрген жазушы Джон Масси  қызығушылық танытып, Қапалға табан тіреді. Тамшыбұлақты көргісі келетінін естісімен облыстық ішкі саясат басқармасы басшылығы қасиетті тұмаға алып барды.  Екі арадағы  әңгімені «Хабар 24» телеарнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Бәйімбет аударып жүрді.

Джон Масси: «Тамшыбұлақты көремін деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.  Мұндай табиғат аясында өскен сіздерде арман жоқ. Бақыттысыздар. Ауасы қандай керемет?! Суын іше бергің келеді. Бақыттымын, арманым жоқ.  Кеткім келмей тұр», – деп ұзақ кідірді.

Біз: «Сіз Аткинсон еңбектерін аудару арқылы Қапалды жер шарына таныттыңыз. Қасиетті жер сізді дәм татып кетуге шақырған ғой», – деп әзіл-шыны аралас ілтипатымызды білдірдік. 

Өзі жазған кітабын ашып, Томас Аткинсонның салған Тамшыбұлағы мен қазіргі бұлақ маңын біраз салыстырды. Сәл өзгеріс бар. Кім біледі, суретші қиялға  ерік берген шығар?! Тамшыбұлақтың бал дәмін татқан соң  жазушы Ақын Сара мұражайына барып, ел-жер тарихына бар ынтасымен ден қойды. «Қонақжай деп естігенмін. Мұнша бар пейілімен құрмет көрсетеді деп ойламаппын», – деп ағынан жарылды. Құрметті қонағымыз «Ризамын, рахмет» деген сөздерді қайталап, Алатауға  қимастықпен қарап, атажұртына аттанып кетті.

Гүлжан ТҰРСЫН